Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысы: Мұнайлы өлкенің қарышты қадамы

Гурьев облысына бірінші  хатшы болып Нұртас Оңдасынов 1957 жылғы 31 қаңтардағы облыстық партия комитетінің IV пленумы шешімімен сайланады. Нұртас Дәндібайұлы – облыс экономикасымен жақсы таныс алғашқы басшы болатын. Өйткені, ол 1955 жылдың сәуір айынан бері Гурьев облысы Кеңес депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып қызмет жасайтын.

мунайлы олке 2

Дамудың даңғыл жолында

1986 жылы 20 ақпанда жазған естелігінде ол: «Атаанамның айтуынша мен 1904 жылдың 26 қазанында Түркістан ауданындағы «Үшқайық» ауылында дүниеге келіппін. Анам Жұмагүл 4 жасымда дүние салыпты. Мен екінші анамДәрігүлдің қолында тәрбиелендім. Бір күні анам бір таба нан пісіріп, оның үстіне сомдық күміс ақша салып, оларды орап, мені қолымнан жетектеп, ауыл молдасына алып барды. «Мынау біздің кенжеміз. Біз қартайдық. Үйде хат танитын ешкім жоқ. Баланың сүйегі біздікі, еті сіздікі, оған құран оқуын үйретіңіз», – деп өтінішін білдірді. Бұл жағдай осы уақытқа дейін менің өмірімдегі бірінші күрделі оқиға ретінде жадымда сақталып келеді. Екі жылда хат танып, қисса сияқты кітаптарды оқуды үйрендім. Сол кезде алған білімім пенсияға шыққаннан кейін қазақ тіліне енген арабпарсы сөздерінің түсіндірме сөздіктерін жазуға нақтылы көмегін тигізді» деп жазған болатын.

Мұрағат қорында сақталған өмірбаянда: «1921-1922 жылдары Ташкент балалар коммунасында тәрбиеленіп, 1922 жылы Түркістан орман техникумында оқыды. 1927-1930 жылдары ҚазақКСР орман және су шаруашылықтары салаларында өз мамандығы бойынша қызмет атқарған. 1930-1934 жылдары Ташкенттегі Ортаазиялық су инженерлері институтында оқиды. 1934 жылы Ташкенттегі Орта Азия жұмысшы факультетінде оқытушы болса, қазан айында Алматыдағы Қазорман тресіне орынбасар, директор, кейін ҚазКСР Жер Халық комиссариаты орман басқармасы басшысы, 1938 жылдың ақпан айында Шығыс Қазақстан облыстық Кеңестер атқару комитеті төрағасы қызметтерін атқарады. 1938 жылдың шілдесі мен 1951 жылдың қыркүйегі аралығында Қазақ КСР үкіметінің төрағасы болды. 1951-1953 жылдары Москвадағы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінде оқып, оны тәмамдаған соң 1954 жылдың наурызынан 1955 жылдың шілдесіне дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы лауазымында жұмыс жасайды» делінеді.

Сонымен Гурьев облысы тарихында алғаш рет КСРО, Қазақстан Республикасы көлемінде белгілі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері облысты басқаруға бекіген. Мұның өзі мұнайлы өлкені басқарудың жаңа сатыға көтерілгенін айғақтады.

мунайлы олке

Соны серпін

Ел жайымен таныс Нұртас Дәндібайұлы І хатшылыққа сайланған соң облыс мектептеріндегі политехникалық оқытуды қолға алды. Осының нәтижесінде облыс мектептерінде жаңа жұмыстар басталып, оларда «шебер қолдар», жас натуралистер, мал шаруашылығын жүргізу, техниктер, машина жүргізушілер, фотографтар, тігін тігу және басқа да үйірмелер құрылып, практикалық негізде үйренуіне жол ашылады. Сонымен қатар, мектептердің оқыту-материалдық базасы нығая бастайды. Облыс жұртшылығы арасынан мектептерге қызу қолдау табылып, Маңғыстау ауданы колхозшылары тарапынан үш мектеп ғимараттары салынады, жаңа шеберханалар құрылып, құрал-жабдықтармен қамтылады.

Мектеп-интернаттар желісінің саны кеңейе бастайды. 1959 жылы 5 орта, 22 сегізжылдық, 31 бастауыш мектеп пайдалануға беріледі. Бір ерекшелік, білім беру саласына өндіріс кәсіпорындары, құрылыстар, колхоз, совхоздар тарапынан көмек көрсету шынайы түрде қолға алынады. Олардың қолдауымен 42 мектеп, 75 сынып бөлмелері, 39 интернат ғимараты, 95 оқу шеберханасы, 26 спортзал және 1067 мұғалімге пәтер беріледі. Нәтижесінде 1957-1958 жылдары оқу үлгерімдері жақсарады.

Дегенмен, облыста тұрғын үй құрылысының төмендігі, оған бөлінген қаражаттың толық игерілмеуі байқалды. Мәселен, 1957 жылы облыс колхозшылары үшін 1474 үй салу қаралған болса, оның 302-і ғана пайдалануға берілген. Ал, Бақсай ауданында 45 үйдің орнына небәрі сегіз үй ғана салынған. Сөз жоқ, мұндай жағдайда кадр мәселесі шешілмейтін. Бұл кезеңде Құлсары мұнай кәсіпшілігінде әрбір үйге газ кіргізу мүмкіндіктері қарала бастаған. Мұны ескерген облыс басшысы 1960 жылға дейін 2000 пәтерді газге қосуды басты міндет ретінде белгілейді.

Жаңа көпір, кинотеатр мен зауыттар…

Н.Оңдасынов облыс жайын жақсы білгендіктен шаруашылық және мәдени салаға айрықша көңіл бөледі. 1957 жылы өнеркәсіп өнімі 100% орындалып, мұнай өндіру, мұнайды қайта өңдеу, химия, кооператив өнеркәсібінде өнім көлемі өскен. Мұнай өнеркәсібінде Терең-Өзек, Көшкімбет орындары өндірістік жасақтауға, Қарсақ, Төліс, Тәжіғали кен орындары үлгі ретінде пайдалануға енгізіледі. Ұзақ жылдар бойы жоспарды орындай алмаған «Қазмұнайбарлау» оң нәтижеге қол жеткізіп, облыс дамудың жаңа деңгейіне көтерілді.

Бұл жылдары облыста мал шаруашылығында да өсім анық байқалады. Көрсеткіштер асыра орындалып, жаңадан 8, оның ішінде 6 қой, 1 көкөніс-сүт және 1 мал бордақылау совхоздары құрылады. Салалық құрылымдар мемлекетке етті үш есе көп тапсырады. Мал басы да көбейеді. Соған қарамастан Н.Оңдасынов 1962 жылғы 31 қаңтар-1 ақпан аралығында өткен ІІ пленумда мал шаруашылығындағы мәселелерді тізбелеп берді. Ол үнемі мал шығынының орын алуы, кейбір аудандардың ірі қараны өсіруге қарсы болуы, малды қолдан ұрықтандыру, жылқы өсірудегі ынталандыру, құс өсіру, ең бастысы мал азығын дайындау мәселелерін көтеріп, оңтайлы шешу жолын қарастыру қажеттігін баса айтты.

Бұл жылдары мұнай өнеркәсібіне сол замандағы жаңа технология да ене бастады. Облыс басшысы Қ.Сәтбаев басқаратын Ғылым Академиясы ғалымдарын мұнайлы ауданға арнайы шақырып, олардың қатысуымен жиын ұйымдастырады. Бұл басқосу нәтижесіз қалмады, елге ғылыми жаңалықтар келе бастады.

Қошқар кен орнындағы 40 ұңғыма автоматты басқаруға ауыстырылып, Құлсары орталық электр стансасында 6 мың киловатт турбина, мұнай өндіру зауытында электр-тұзсыздандыру құрылғысы және газ құю стансасы, химия зауытында оттегі цехы іске қосылады. Облыстағы күрделі құрылыстар да алға жылжыды. Қорытындысында кірпіш зауыты, сыра зауыты, екінші кезектегі ет комбинаты, кондитер фабрикасы, поликлиника, кинотеатр, сән шеберханасы, Гурьев қаласында 170 орынды балабақша, Құлсары және Индерде клубтар, басқа да өнеркәсіп және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы нысандар пайдалануға беріледі. Оларға қосымша Жайық өзені арқылы өтетін жаңа көпір, кең экранды кинотеатр құрылыстарын аяқтау жұмыстары жүргізіледі.

Рухани өрлеу

Н.Оңдасынов басшы болған жылдары Гурьев облысы рухани кемелдену жолына түскендей. 1957 жылы қазан айында республика басшылығы 1958 жылы Москвада өтетін Қазақстан әдебиеті мен өнер күндеріне байланысты Гурьев облысына 120 адамнан тұратын ұлттық оркестр дайындауды жүктейді. Маңызды тапсырма бойынша облыстан барша өнер иелері тартылып, 1957 жылы 23 қазанда Гурьевтегі Қазақ ұлттық оркестрінің басшысы етіп облыс мәдениет басқармасының басшысы Рамазан Нұрғалиев тағайындалады. Кейін мұндай өзгерісті еске алған Әбіш Кекілбай: «Музыкалық оқу орындарын ашқызды: жас дүлей Нұрғиса Тілендиевті 1957 жылы Гурьевке шақырып, бес жүз адамдық оркестр ұйымдастыртып, стадионда концерт бергізді. Содан бастап, «Күй Отанының» аруағы қайта тіріле бастады» дей келе, «ұлтжанды азамат «Гурьев-20» деп ел-жұрттың бәрін шатыстырып келген жұмбақ қаланың атын анау-мынау емес, Ақтау деп өзгерттірді. Бір өкініштісі, Нұртас аға Мәскеуге кеткен бойда-ақ, тап іргесінде сол аттас тағы бір қала тұрғандығына қарамастан Шевченко болып аталады» деп жазады.

Ел үшін туған ер

Міне, осындай іргелі істер атқарылып жатқан кезеңде 1962 жылы 26 наурызда өткізілген Гурьев обкомының ІІІ пленумы 58 жастағы Нұртас Дәндібайұлын І хатшылықтан босатып зейнеткерлікке жібереді. Осы сәтті кейін еске алған мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев: «1962 жылы ақпан айында Н.Хрущев Алматыға келетіні жайлы хабар алдық. Орталық партия комитетінің хатшысы Д.Қонаев телефон соғып, «Алматыға Оңдасынов, Құбашев келесіздер, дайындалыңыздар, қоятын мәселелеріңіз маңызды болсын, әрі екі-үштен аспасын» деген.

Үш мәселе дайындалды. Бірінші – Маңғыстауда үлкен мұнай көзі ашылды, табиғат жағдайы жыл бойы тоқтаусыз жұмыс жүргізуге қолайлы. Барлау мен игеруді қатар, тез жүргізу керек. Ол қаржы мен ресурстарды көбейтуді талап етеді. Екінші – Маңғыстауда түрлі түсті, құрылысқа жарамды тастың қоры мол, төрт-бес қабатты үйлер салуға, ғимараттарды әшекейлеуге өте қажет. Үшінші маңызды мәселе – Маңғыстауға темір жол салу.

Н.Хрущев Алматыға келді. Республика активі Орталық Комитеттің бюро залына жиналды. Кезек Нұрекеңе келді. Ол алғашқы екі мәселені айтып болғанда Хрущев сөзді бөліп, Нұрекеңді сынға алды. «Бірінші» – деді Хрущев сұқ саусағын Оңдасыновқа қарап шошайтып: «Сібірде мұнай көзі көп, күшті соған саламыз, ал, тас дегенің немене, сен Оңдасынов өзгермеген екенсің, жаңа жағдайды түсінбейсің, темір мен бетонды пайдаланатын заманға көзқарасың дұрыс емес, әрбір совхоз өзінде кірпіш заводын салуы керек, тастың қажеті жоқ…» – деп барып басылды. Артынша Нұрекең: «Никита Сергеевич, Маңғыстауға темір жол салуымыз керек, қаражат керек!» – деді. «Ақыры бастан қан шықты», айтып қалайын деген ойы болса керек. Хрущев одан сайын ашуланды» деген еді..

Демалысқа шыққан соң, Н.Оңдасынов ғылыми ізденіспен шұғылданады. Нәтижесінде үлкен ыждағаттықпен үш томдық «Арабша-Қазақша», үш томдық «Парсыша-Қазақша түсіндірме сөздіктері» дайындалады. Мұның өзі әлемдік ғылымға қосылған зор үлес болатын.

Өмірінің соңғы жылдарын Мәскеуде өткізген Нұртас Дәндібайұлы 1989 жылы қайтыс болып, туған жері Түркістанға жерленеді.

Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*