АТЫРАУ ОБЛЫСЫ – АЛДЫҢҒЫ ЛЕКТЕ

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың баяндағанындай, бірінші жартыжылдықта жалпы ішкі өнім 5,1 пайызға өсті. Оның айтуынша, экономиканың өсуіне тұрақты макроэкономикалық ахуал септігін тигізді. Инфляция ағымдағы жылдың маусымында 0,3 пайызды құрады. Ал, жылдың басынан бері 2,7 пайыз деңгейінде болды. Жылдық мәндегі инфляция 5,9 пайыз деңгейінде қалыптасты.
Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 1,8 пайызды құрады. Министрдің сөзіне қарағанда, тұтынушылық сұраныстың ұлғаюы экономика өсімінің маңызды факторы болды. Экономикалық өсімнің басты факторларының бірі – негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің ұлғаю үрдісінің қалыптасуы. Ол бірінші жартыжылдықта 7,9 пайызға өсті. Бұл ретте 2012 жылғы қаңтар-маусымда өсім 3,1 пайызды құраған.
Соған сәйкес, бірінші жартыжылдықтағы дамудың оң үрдістерінің сақталуы биыл жалпы ішкі өнімнің жоспарланған алты пайыз деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «2013 жылғы қаңтар-мамырда сыртқы сұраныстың қысқаруы еліміздің сыртқы сауда айналымының 4,5 пайызға төмендеуіне соқтырды. Ал, Кеден одағына мүше елдермен өзара сауда бес ай ішінде өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға өсіп, 9,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Жалпы әлемдік экономикада тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстанның ЖІӨ алдын ала бағалау бойынша бірінші жартыжылдықта 5,1 пайызға өсті. Бұл біздің болжамымызға сәйкес келетін көрсеткіш»,- деді Е.Досаев.
Премьер-министр Серік Ахметов сыртқы факторларға қарамастан, алты пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізуді тапсырды. «Есепті кезеңде біз ішкі жалпы өнім деңгейін 5,1 пайызға жеткізе алдық. Енді еліміздің экономикасына қысым жасайтын сыртқы факторларға қарамастан алты пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізу қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл Үкімет мүшелерінің барлығына, мемлекеттік орган басшыларына және облыс әкімдерінің барлығына тұтастай қатысты мәселе»,- деді С.Ахметов.
Үкімет отырысында ҚР Статистика агенттігі төрағасының орынбасары Ж.Жәркімбаев 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет түсімі, халықтың тұрмыс жағдайы, шағын және орта бизнестің дамуы бойынша облыстар мен қалалар рейтингісін жария етті. Рейтинг нәтижесіне сәйкес, Атырау облысы мен Астана және Алматы қалалары алда келеді. Ал, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары соңғы лекте.
Үкімет отырысы аяқталғаннан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
– Көріп отырғанымыздай, Атырау облысы әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі бойынша алдыңғы шепте келе жатыр. Ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғын үй, еңбек өнімділігі, қаржыны игеру, үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаларды орындау, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша қорытындымыз жоғары деңгейде. Осы көрсеткіштер деңгейін алдағы тоғыз айда да, жыл аяғына дейін де түсірмеуіміз қажет. Қазіргі уақыт нағыз жұмыс жасайтын шақ, қысқа қамданыс та бүгіннен басталуы тиіс. Қазіргі шақтың мол мүмкіндігін сарқа пайдалана білген жөн. Биылғы жылы өңірде әлем көз тігіп отырған Қашаған мұнайын игеруді бастағалы отырмыз. Алдын ала болжам бойынша 27-ші тамызда алғашқы мұнай игеруді жүзеге асырмақпыз, оған мүмкіндігіміз бар. «Теңізшевройл» кәсіпорнының үшінші буынды зауыты да – алдағы үлкен міндеттің бірі. Мұнай химиясы кешені құрылысы қаржы жағдайына байланысты мерзімінен қалып келеді, бірақ көп кешікпей онда да серпінді жұмыс басталады. Осы және басқа да өңірдегі іргелі істерді бірлесе атқаруымыз қажет, – деді аймақ басшысы.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*