Атырау мектептерінде “Өлкетану” курсы енгізілмек

Бүгін Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының XXI сессиясы өтті. Сессияда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында баяндалған міндеттерді іске асыруға Ассамблеяның қатысуын ұйымдастыру және Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында берген тапсырмаларын орындау сөз болды. Жиынға ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, облыстық ассамблеяның ғылыми-сарапшылық топтары, қоғамдық келісім және аналар кеңесінің мүшелері, облыстық басқарма және аудан басшылары мен жастар қатысты.

nm-oRRuiiic

Шараны облысы әкімі, Ассамблеяның Атырау облысы бойынша төрағасы Нұрлан Ноғаев ашты. Ол Елбасының бағдарламалық мақаласын іске асырудағы бұл институттың рөлінің ерекше екенін тілге тиек ете отырып, атыраулықтарды алда тұрған міндетті орындауда ықыласпен еңбек етуге шақырды.

“Ұлтын сүйіп, ұлт тағдырын өз тағдырымен байланыстыратын әрбір азамат бұл міндеттерді қуана қабылдап, оның атқарылуына жұмыла кіріседі деген сенімдеміз. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр: жауапкершілік жоғары, сұраныс та салмақты болмақ”, – деді ол.

Жиында бағдарламаны іске асыру үшін әр бағыт бойынша жүйелі жұмыстың жүріп жатқаны айтылды.

JS4PORy3kA4

Мәселен, “Туған жер” жобасын атқару үшін облыста сарапшылар және жұмыс тобы құрылып, оның нақты жұмысқа кірісіп кеткені белгілі болды. Жоба аймақтағы Халел Досмұхамедов университетінің ғылыми потенциалының негізінде іске аспақ.

Жоспарланған шаралардың ішінде облыс мектептерінде факультативтік курс ретінде «Өлкетану» пәнінің енгізілетіні, аймақтың мәдени орындары мен тарихы туралы кітапшалардың басылатыны, тарихи ескерткіштердің реставрацияланатыны, қаланың инфрақұрылымын дамыту бағытындағы әлеуметтік жобалардың тізімі жасақталып, түрлі акциялар мен мұқтаж жандарға әлеуметтік көмектің берілетіні, туристік картаның жасақталатыны, осы сияқты басқа да бастамалардың жүзеге асатыны айтылды.

NtE6nLSdE4A

Аймақ басшысы бұл міндетті іске асыруда, азаматтарды туған жеріне қамқорлық танытуға ынталандыруда ассамблеяның рөлі ерекше деді.

Бұл тұста Мағауия Мерғалиев атты кәсіпкердің 800 миллион теңге жұмсап туған жері Құлсары қаласына 165 орындық балабақша салып бергені үлгі ретінде айтылды.

Жиында облыстағы этно-мәдени бірлестік мүшелері мен аймақтың дамуына еңбегі сіңген кәсіпкерлер мен жауапты қызметкерлер сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін айтты. Бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына зор үлес қосқан бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сессиядан соң жиылғандар Атырау облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырған концертті тамашалады.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*