«Атырау» футбол командасы: үміт пен күдік

«Атырау» футбол командасы үшін биылғы маусым сәтсіз басталды. ФИФА шешімімен командадан тоғыз ұпай алынып тасталғаны белгілі. Оның басты себебі 2012 жылдан бергі жинақталған қарыздан туындап отыр. Жаңа маусымдағы алты турдың қорытындысы бойынша жергілікті команда – 6 ұпаймен көштің соңында келеді. Бұған дейін командамыз «Тобылдан» – 3:0, «Ертістен» – 1:0, «Астанадан» 0:1 есептерімен жеңіліп, «Ақжайық», «Ордабасы» және «Шахтермен» тең түскен болатын. Ал, өз алаңымыздағы «Астанамен» ойынның нәтижесі жанкүйерлердің ренішін туғызған еді.

фото 060

Сейсенбі күні мұнайлы өлке командасының бас бапкері Зоран Вулич отбасылық жағдайына байланысты өз еркімен отставкаға кетті.  Айта кетсек, ол жергілікті клуб тарихында команданы ең аз уақыт жаттықтырған маман болып отыр. Осыған байланысты бас бапкердің міндетін атқару жергілікті маман Қуаныш Қабдоловқа жүктелді.

Қарағандылық «Шахтермен» ойын қарсаңында клуб басшылығы жанкүйерлермен кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жанкүйерлер «атыраулықтарға» ойынның соңғы минуттарына дейін «күресу», жеңіске деген құлшыныс керектігін талап етсе, Құлшарап Шомаев жартылай қорғанысты күшейту жөнінде өз ойын білдірді. Ал, «West side» жанкүйерлер қоз-ғалысының мүшелері командада жыл сайын құрамның өзгеруін, негізгі күш сақталмайтындығын сынға алып, матч уақыттарын ауыстыру мүмкіндіктерін қарастыруды сұрады.

– Өз алаңымызда өтетін ойындарды сағат 15.00-де бастап отырған себебіміз, стадионда электр жарығын түсіретін арнайы құрылғы жоқ. Ал, ойынды сараптайтын инспектор күн  батқан бойда жарықты қосуымызды талап етеді. Бұл талап орындалмаса, оның кесірі ойын нәтижесіне тиеді. Сондықтан, федерация бекіткен арнайы ережені басшылыққа алуымыз керек. Демалыс күнге тап болатын матчтарды сағат 15.00-ге белгілеп, жұмыс күндері сағат 17.00-ге қою мәселелерін қарастырамыз, – деді бас директор Тимур Нигимов.

 Мұнайлы өлке командасының қазіргі жағдайына байланысты біз бірқатар адамдарды әңгімеге тартқан едік.

 

Азамат БЕКЕТ,

облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Мәселе халықаралық сотта қорғалады

– Маусымды минустық көрсеткішпен бастап отырған жағдайымызға қатысты біздің де кінәрат-талабымыз бар. Мұнда мәселенің барлығы федерация шешімінде көрсетілгендей емес. Сондықтан, біз заңгерлермен, адвокаттармен келісім-шарт жасаудамыз. Олар халықаралық сотта біздің құқығымызды қорғамақ.

Әрине, бұл – өте өкінішті жағдай. Команданың жігеріне, ойын нәтижесіне де кері әсер етіп отырғанын жақсы түсінеміз. Сондықтан, біз қолды қусырып отырмай, ұпайларды кері алу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырудамыз.

 

Тимур НИГИМОВ,

«Атырау» ФК директоры:

УЕФА өз ережесіне сүйенеді

– Маусымның үшінші туры қарсаңында Зоран Вулич отбасы жағдайын айтып, отставкаға жіберуге өтініш білдірген болатын. Біз бас бапкер табылғанша, команданы жаттықтыруды сұрадық. Зоранмен бірге көмекшісі Младен Пралия да кетті.

«Атырау» футбол клубы ФИФА-ның шешімімен алынған тоғыз ұпайға қатысты Лозаннадағы төрелік сотқа кінәрат-талаптарын жеткізді. Бұл бағытта қазақстандық сотта жеңгенімізбен, УЕФА өз ережесіне сүйеніп отыр. Бапкермен келісім-шарт жасақталған болса, еңбекақысы төленуі тиіс. Ал, ол маманмен келісім-шарт қандай себеппен бұзылғандығы басшылыққа алынбай отыр. Біз өз мүддемізді соңына дейін қорғаймыз.

 

Зоран ВУЛИЧ,

«Атырау» командасының бұрынғы бас бапкері:

Қолдау ауадай қажет

– Атыраулық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Осында еңбек етуіме жағдай жасаған клуб басшылығына да ризашылығым зор. Әрине, қазіргі жағдайда команданы тастап кету маған да оңайға соғып тұрған жоқ. Маусымды 9 ұпаймен бастау командаға да, бапкерлік құрамға да психологиялық тұрғыда әсер етпей қоймайды. Сондықтан, тек жанкүйерлердің қолдауы ғана команданы алға жетелейді.

 

Бағдат АҚНИЯЗОВ,

«Атырау» ФК-ның қаржылық директоры:

«Ақтөбемен» ойын шегерілді

– Кәсіби футбол лигасының арнайы комиссиясы жуырда Ақтөбе қаласындағы  резервтік алаңның жай-күйін тексерген болатын. Нәтижесінде, «Ақ-төбе» ФК алаңын ел біріншілігінің ойындарын өткізуге жарамсыз деп тапты. Ал, негізгі алаң матч өткізуге әлі дайын емес. Сондықтан, VII тур аясында 16 сәуірде өтуі тиіс «Ақтөбе» – «Атырау» командалары арасындағы ойын басқа бір мерзімге шегеріліп отыр.

Қазақстан кубогының жеребесі нәтижесінде шымкенттік «Қыран»  қарсыласымыз ретінде танылды. Осыған орай, бір айда жеті ойын өткізу  үлкен күшті талап етіп, қиындық келтіреді.  Алайда, оқу-жаттығу жиындары арқасында команда жақсы дайындықтан өтті. Сондықтан, бұл ойындарды жарақатсыз өткізуге барымызды саламыз.

 

Марат ХАЙРУЛЛИН,

«Атырау» командасының капитаны:

Бізге уақыт керек!

– Бізді ойын біріктіреді. Мақсатымыз – бір. Ол – «Атыраудың» деңгейін көтеру. Әрине, егер жақсы нәтиже көрсетіп жатсақ, жанкүйерлер тарапынан сынға ілікпейтін едік. Маусым жаңа басталды. Біз жанкүйерлердің қолдауымен әлі үздік ойын өрнегін көрсетеміз деп сендіре аламын. Бізге сәл ғана уақыт қажет.

 

Жалғас КҮЗЕМБАЕВ,

жанкүйер:

Жергілікті жастарды тартқанымыз жөн

– Әр маусым аяқталғанда біз жетім баладай күйде қаламыз. Неге? Өйткені, құрамдағы барлық ойыншы өз елдеріне кетеді. Ал, келесі маусымда олар кері орала ма, жоқ па? Жаңа маусымды тағы жаңа ойыншылармен бастаймыз. Шетелдік спортшыларды елге шақырып, оларға қыруар қаражат шығындау көпшілік арасында наразылық тудырады. Дамыған мемлекеттердің қай-қайсысында да бұл үрдіс бар. Дегенмен, арамызда жасындай жарқыраған өрендеріміздің жүргенін де ұмытпауымыз керек.

Қазіргі құрамда жергілікті он шақты жас ойыншы бар. Бірақ, олар тек қағаз жүзінде ғана тіркелгенімен, алаңға жиі шықпайды.Олардың жалақыларын көбейтіп, алаңға шығарып, мүмкіндіктерін сынап көру керек.

 

Бекжан АХМЕТОВ,

«Green wall» жанкүйерлер қозғалысының көшбасшысы:

Үлкен жауапкершілік жүктелуде

– «West side» жанкүйерлер қозғалысы 2009 жылы құрылса, біздің қозғалыс соңғы үш жыл бойы жасақталды. Командамызбен үнемі біргеміз. Тіпті, тоғыз емес, жиырма ұпай алынса да, біз ауа райының суық-ыссылығына қарамай, 90 минут бойы «Атырауды» жігерлендіріп, қолдап жүреміз. Жергілікті команда болғасын, оның жетістіктерін, жеңісті күндерін көргіміз келеді.

Ал, тоғыз ұпайға келер болсақ, бұл жағдай команданың сағын сындырмай, керісінше, біріктіруі тиіс. Ойыншылар алға ұмтылуы, жеңілістер жігерді жани түсуі шарт. Қазіргі таңда клуб басшылығы кезінде «Алтай» командасына алты ұпайын қайтаруға көмектескен ресейлік заңгер Михаил Прокопецпен келісімге келді. Жаз айларында нақты шешім белгілі болады. Біздің үмітіміз зор.

Айгүл Ертілеу

1 комментарий

  1. Бекжан АХМЕТОВ

    Мақалаңызға рақмет Айгүл Ертілеу. Қолдан келгенді командам үшін аямаймын, аянып қалмаймыз!

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*