Атырау әдебиетінің абызы

Қадыр Жүсіптің 80 жасқа толу мерейтойы айрықша ұлығыланды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, университеттегі Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың әдеби мұрасын зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, академик Қадыр Жүсіптің мерейлі 80 жасқа толуына орай ғылыми конференция болды.

мерей

Шараның беташарын аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Абзал Тәлтенов ашып, Қадыр Өтегенұлының шығармашылығы мен өмір жолына тоқталды. Сонымен қатар, ол Нәжімеденовтер отбасының сый-сияпаты мен адресатын табыс етті. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы, Махамбет Өтемісұлы атындағы мемлекеттік университеттің ректоры Асхат Иманғалиевтің құттықтау хаты мен тарту-таралғысын жеткізді. Облыстық білім беру қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Қилымғали Қайненовтың Алғыс хаты оқылды.

Жиынға қатысушылар Қадыр Жүсіптің өмір жолы, шығармашылығы туралы түсірілген  бейнебаянды көріп, өлеңдерін тыңдады. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи шаһар басшысы Серік Шәпкеновтың сыйлығын, құттықтау хатын табыстады.

– Біз академик Зейнолла Қабдолов арқылы Мұхтар Әуезовті танысақ, сіз арқылы Зейнолла Қабдоловты танимыз. Қазақ әдебиетіне көп еңбек сіңірдіңіз. Біз осы университеттің түлегі болғандықтан, есіміңізді мақтан тұтамыз. Осы залда отырған Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, композитор, жазушы Илья Жақанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қойшығұл Жылқышиев ағаларымыздың да жас ұрпаққа берері мол. Аман жүріңіздер,- деді Мейірім Жоламанұлы.

Атырау инженерлік-гуманитарлық университетінің ректоры Ерсайын Ихсанов пен Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Әли Әбішев өз кезектерінде мерейгердің ұстаздық, шығармашылық жолына тоқталды. Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, композитор, жазушы Илья Жақанов Қадыр Өтегенұлын сексен жастың биігімен құттықтап, Сәкен Сейфуллиннің «Жан жолдас» өлеңіне жазылған романсын орындап берді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облысы филиалының директоры, ақын Қойшығұл Жылқышиев кейіпкерімізге арнаған өлеңін оқыды. Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтау хатын табыстап, ақын иығына шапан жапты.

-Сіз «Атырау әдебиеті» деген ұғымды қалыптастырдыңыз. Ұлы ақын Жұмекеннің өмірі мен шығармашылығынан қорғаған докторлық еңбегіңіз — өресі биік зерттеу. Одан кейін де көптеген Атырау ақын-жазушылары туралы еңбектер жаздыңыз. «Зейнолланамаңыздың» өзі неге тұрады?! Атырау әдебиетінің шоқтығы биік екенін дәлелдедіңіз, – деп тебіренді ол өз сөзінде. Атырау облыстық тіл басқармасының басшысы Баязи Әбдешев те мерейгер туралы айта келіп, Алғыс хат пен сый-сияпатын ұсынды.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ерболат Қаменов Қадыр Жүсіптің  өзіне ұстаз екенін, жүректегі іңкәр сезімді материалдық дүниемен өлшеуге болмайтынын, көңіл түкпіріндегі мөлдір ілтипатты аялай білу керектігін айтып, сексеннің биігіне көтерілген кейіпкерімізді мерейлі жасымен құттықтады.

-Өмірімде сіздей ұстазды көргеніме қуанамын. Былтырғы жылдың қорытындысымен об-лыстық «Атырау» газетінің «Құрметті авторы» куәлігін алдыңыз. Әрине, оны алмасаңыз да сіздің «Құрметті автор» екеніңіз айдан анық. Бірақ, соның бәрі – өзіңізге деген ішкі сыйластық пен құрметтің көрінісі. Сіз барлық жақсылыққа лайықсыз,-деді ол.

Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Злиха Елеубайқызы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру қоғамынан Нұрзила Сәрсенқызы мен Айтбай Қарамұрзин, мерейгер алғашқы еңбек жолын бастаған қаладағы №7 мектеп пен №19 Қаныш Сәтбаев атындағы гимназия директорлары, Жылыой ауданындағы «Бекет ата» мешітінің бас имамы Ислам қажы Мырзабекұлы да ақжарма тілектерін төгілтті. Шара соңында ұжымдастары, әріптестері мерейгерге жүрекжарды сөздерін арнады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*