Атырау дәрігерлері қымбат қондырғыларды игере алмай отыр

Атырау қалалық мәслихатының ұйымдастыруымен 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында Атырау қаласы бойынша емханалардың халыққа қызмет көрсету жұмыстарын талдаған тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Уақытша комиссия төрайымы, №7 сайлау округінің депутаты Салтанат Рахимова жиын барысында қордаланған мәселелерді жасырмай айтып берді.

i-2-2

Емделушісі көп емхана

Тексеріс барысында комиссия мүшелері Атырау қаласындағы №1 қалалық емхана мен оның бөлімшелерінің, №2 және оған қарасты дәрігерлік амбулатория, №3, №4 емханалар мен  Жұмыскер дәрігерлік амбулаториясын аралаған. Көпшілігінде жалпы тәжірибелік дәрігердің және гинекологиялық кабинеттердің жеткіліксіздігі байқалған. Сол себептен, дәрігерлер үш ауысымда қабылдауға мәжбүр. Мәселен, №4 емханада бір кабинетте эндокринолог пен офтальмолог дәрігерінің қатар қабылдауы ұйымдастырылған.

Ал, №1 емхананың кабинеттері жеткіліксіз болғандықтан, анализ тапсыру бөлмелері жертөледе орналасқан. Дәліздер өте тар, емделуші көп келеді. Емхананың іші өте ыстық болып, науқастарға одан сайын қолайсыз жағдай туғызатындығы анықталған. Бұдан кейін уақытылы дезинфекциялау, желдету жұмыстарының да нәтижесі болмайтыны анық. Арнайы талаптар сақталмағандықтан, тұрғындар арасында ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы аурулардың таралу қаупі бар.

Дәрі неге жетпейді?

Депутаттық тексеріс кезінде емханаларға келген науқастар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында берілетін дәрі-дәрмектің уақытылы жетпейтінін айтқан. Мұның себебі мынадай: мемлекеттік сатып алу тәртібі уақытында өтпеген. Тендер биылғы сәуірде өткізілген, ал, сатып алу шарты тек мамырда жасалған. Оның үстіне қаладағы барлық медициналық мекемеге дәрі-дәрмекті «Медицина» АҚ ғана таратып отыр. Жалғыз жеткізуші үлгере ала ма? Сондай-ақ, бұл топтағы науқастарға ең арзан дәрілер сатып алынады екен. Бұл емделушілердің талабын қанағаттандырмай отыр. Дәрінің әсері шамалы болғандықтан, өз ақшаларына тағы да қымбат дәрі алып отырғандары бар.  Осы ретте депутаттар дәрі-дәрмек сатып алу ортасын бәсекелестікке айналдыру қажеттігін баса айтты.

Қаңтарылған қымбат қондырғылар

 – Емханалардың көпшілігі мүгедектер мен диспансерлік есепте тұрған науқастарды емдеу-сауықтыру үшін мемлекет қаржысына сатып алынған аппаратуралармен жабдықталған. Сол қондырғылар пайдаланылмай тұр. Тексеру кезінде бірде-бір сауықтыру аппаратында ешқандай науқас болмаған. Бұлардың қажеттілігіне қарай кезек күткендері де жоқ. Осындай қажет емес қондырғыларды бірнеше миллион теңгеге неге сатып алдық? – деді С.Рахимова.

Бұдан басқа кейбір емханалар өздерінің аумағына қарайтын туберкулезбен ауыратын науқастарды тізімге алудан бас тартқан.  Кадр жетіспеушілігі салдарынан бүйрек, бауыр  тексертуге келген науқас  жолдаманы 5 сәуірде алып, 25-інде ғана УДЗ аппаратына түсуге мүмкіндік алғаны назарға ілікті.

Өмір сүру ұзақтығы қанша?

Жиынға арнайы қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева айтылған кемшіліктердің бәріне сегіз айда жасаған жұмысының қорытындысы арқылы жауап берді. Бас дәрігер денсаулық саласындағы мәселеге субъективті тұрғыда қарауға болмайтынын айтады. «Ең бірінші мәселе, емхана ғимараттарының тозығы жеткендігі ешкімге де жасырын емес. Емхана мен дәрігерлік амбулатория құрылыстары 2019 жылға дейін толықтай салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз» деді ол. «Облыс бойынша көптеген жұмыстар жасалынуда, бәрін бірдей жоққа шығаруға болмас. Ал, өздерінің жұмысын сауатты жүргізе алмайтын мамандар бар шығар. Олардың әрқайсысына жауап бере алмаймын».

Баяндамашының айтуынша, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында халықтың өмір сүру ұзақтығы қазіргі кезде 72,9  болса, біздің облыста бұл көрсеткіш 72,5-ті құрап отыр. Ал, халық денсаулығының индексі 43 пайыз деп көрсетілсе, өңірдегі индекс – 40,1 пайыз. Медициналық қызметке халықтың  қанағаттану деңгейі 42 пайыз деп көрсетілген, біздің облыста–44 пайыз.

Қалай  болғанда да, бізге көрсеткіштен гөрі дәрігердің өз биігінде қалғаны керек. Алайда, қазір алдына келген кісіні еркін билеп алатын дәрігер бар ма? Жоқ деп те айта алмайсыз. Бар, бірақ, өте сирек. Керісінше қазір дәрігерден көрген «қорлығын» айтып, зар еңірейтіндер көп. Диагнозды дұрыс қоя алмағаны былай тұрсын, таныстарының дәрілерін ретті-ретсіз тықпалайтын ақ халаттыларды да көріп жүрміз. Тіпті, үстелінде тұрған медициналық карточкаңды қарауға ерініп, үйіңнен іздетіп қоятын, науқаспен жүре сөйлесетін, жұмыста көңіл-күйі болмай отыратын, кейде қаумалап тұрған жұртқа қарамай, жұмыстан ертерек зытып кететін дәрігерлерге де бой үйренді. Солай болуға тиіс сияқты… Жоқ, олай емес!

Нұргүл Насыр

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*