Атырау – Бөкей хандығының алтын бесігі

Бөкей Ордасының құрылғанына 215 жыл толу датасы Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болып отыр. Орда Бірінші Павел патшаның 1801 жылдың 11 наурызындағы Жарлығына сәйкес құрылғаны белгілі. Яғни, аталмыш Жарлық Бөкей сұлтанға Еділ мен Жайық арасын түгелдей иеленуге рұқсат берген еді.

photo_73772

Бірінші Павел патша Бөкей сұлтанға Жайық пен Еділ арасына көшіп-қонуға рұқсат бергеннен кейін, Астрахан казактарының полк командирі П.С.Попов 1801 жылдың күзінде сұлтанды көшіру қамына кіріседі. Ол 1801 жылдың 28 қыркүйегінде Бөкейге жолдаған хатында Жайықтың оң жағалауына халықты өзі және Сырым батыр бастап бару үшін капитан В.К.Скворцовты жібергендігін хабарлайды. Осы жерде атап өтер бір жайт, алғашында Бөкей сұлтан бастаған көшті Жайықтың Калмыков бекіні-сінің тұсындағы өткелден (өзеннен орыс-казактардың балық аулау мерзімі аяқталған соң) өткізу жоспарланды. Бірақ, бұл жоспар Бөкейге ұнамай, ол Орал казактарының атаманы Бородиннен өзінің қалаған жерінен өтуге рұқсат сұрайды.

Алайда, Бородин 1801 жылдың 25 қазанында В.Скворцовқа жазған хатында бұл мәселені жеке шеше алмайтындығын айтып, Бөкейдің Орынбордың әскери губернаторы Н.Бахметовке жүгінуі керектігін мәлімдейді. Десек те, Бахметовпен арада болған бірнеше хат алмасулардан кейін, Бөкей сұлтан өзінің қарамағындағы қазақтармен Жайық өзеніндегі өзіне қолайлы деп шешкен жерден көшуге рұқсат алады. Рұқсаттың нақты қай күні берілгені белгісіз, бірақ, генерал Бахметов  П.Поповқа 1801 жылдың 19 қарашасында жіберген хатында Орал казактарына Жайық өзенінен Бөкей мен өзге де сұлтандардың қоластындағы қазақтармен өткізуге рұқсат бергендігі жөнінде хабарланады.

Сондықтан да, Бөкей бастаған көш Жайықтың оң жағына қарашаның соңынан бастап бір ай мерзімде көшіп болған деп есептейміз. Өйткені, П.С.Попов генерал Кноррингке 1801 жылдың 20 желтоқсанында жазған хатында Бөкей сұлтан және оған қарасты 183 шаңырақтағы барлығы 740 адам жақында көшіп келгендігін хабарлайды. Сондай-ақ, хабарламада көштегі мал саны да көрсетіледі, олар – 1366 ірі қара, 3300 жылқы, 10250 қой және 24 бас түйе.

Осы жерде атап өтер келесі бір мәселе, сұлтан көші туралы архивтік деректерге сүйеніп жазылған Бирюковтың еңбегінде Бөкейдің Жайықтың қай тұсынан өткендігі көрсетілмеген. Дегенмен де, сұлтанға қатысты деректерді саралай келе, оның Бақсай бекінісі тұсынан, яғни, қазіргі Махамбет ауданының Ақтоғай ауылының жанынан өткен деп есептейміз.

Енді «көштің құрамында кімдер болды?» деген сұраққа жауап ізделік. Зерттеуші А.Евреинов «алғашқы көштің құрамында Бөкейге көмектескен оның інісі Шығай сұлтан мен Сырым батыр болды» деп жазды. Алайда, көштің құрамында Сырымның болғаны күмәнді. Өйткені, біріншіден, Евреинов аталған жылы көшпен бірге Әлімұлы, Жетіру және Байұлының 5000 шаңырағы көшіп келді деп жаңсақ жазды. Екіншіден, П.Попов генерал Кноррингке жазған хатында Бөкейдің өзі және қоластындағы қазақтар көшіп келді деп нақты көрсетті. Егер Сырым келсе, онда ол Бөкей сұлтан және Сырым батыр көшіп келді деп жазар еді.

Бұдан әрі Жайықтың оң жағалауына өткен көштің алғашқы қыстауы қай жерде болды деген соңғы мәселеге назар аударайық. Бирюковтың жоғарыда аталған дерегіне сүйенсек, Бөкей бастаған көш 1801 жылы Нарын құмын қыстап шығады деп қысқа жазылған. Бірақ, Нарынның қай жері екендігі нақты көрсетілмеген. Біздің ойымызша, Бөкей сұлтан бастаған көштің сол жылғы қыстауы қазіргі Атырау облысының Исатай ауданының аумағынан көп ұзамаған секілді. Өйткені, дәстүрлі қазақ қоғамында қыстау ретінде тұщы су көзі бар (өзен, көл, құдық және т.б.) және мал мен жанға ықтысын болатын қамысты, сонымен бірге, қыс бойы мал жайыла алатын жерлер таңдалды. Осыған орай, Бөкей сұлтанның алғашқы көші, біздің ойымызша, кезінде ну қамысты, бүгінгі күні құрғап қалған Жалтыр көлі мен Каспий теңізінің жағалауында болған. Мұны Бөкей Ордасының тарихын зерттеген П.Небольсин де жоққа шығармайды. Ол өзінің еңбегінде Жәңгір ханның жазбаларына сүйеніп, қазақтар 1801 жылдан бастап (1834 ж. дейін) Каспий теңізінің жағалауындағы қамысты, шөбі шүйгін жерлерді қыстағандығын алға тартады.

Бөкей сұлтанның аталған аймақтағы көшін дәлелдейтін келесі бір айғақ – оның анасының қабірі. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жарық көрген карталарда Жалтыр көлінің солтүстік жағалауында «Бөкей шешесі моласы» атауында бейіт белгіленген. Халық жадында сақталған аңыз әңгімелер аталған моланың Бөкей сұлтанның анасы екендігін толық қуаттайды. Осы орайда, ресейлік тарихшы К.Серебренитский Жалтырдың жағасындағы Бөкей анасының жерленгендігіне орай сұлтанның алғашқы, яғни, 1801 жылғы қысқы ставкасы жоғарыда аталған көлдің маңында болған деп тұжырымдайды. Зерттеушінің бұл пайымы жоғарыда аталған деректермен толық ұйысады.

Мұхамбетқали КИПИЕВ,

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына  келтіру және пайдалану жөніндегі  мемлекеттік инспекциясының басшысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*