Атырау-Астрахан: туризмді дамытуға мүмкіндік мол

Атыраулық делегацияның Астраханда туризмді дамыту мүмкіндіктерін талқылаған сапарының мақсаты – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әріптестік қатынастарды дамыту.

0_90ea4_1d82c7f8_orig

Делегацияны бастап барған Атырау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Баязи Әбдешев және «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Ринат Құлмағамбетов сапар аясында Қазақстанның Астрахандағы консулы Қанат Шекқалиевпен кездесті. Қос тарап Астрахан облысында тұратын қазақ диаспорасына қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Ресей таратқан ресми мәліметтерде күні бүгінде Астрахан аумағында тұратын қазақтардың саны 149 мыңнан асады.

Одан әрі атыраулық делегация Астрахан облысы Үкіметі төрағасының орынбасары – мәдениет және туризм министрі Галина Зотеевамен кездесті. Кездесуге консул Қанат Шекқалиев арнайы қатысты. Кездесу барысында 14-15 наурыз аралығында мұнайлы өлкеде өткен «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумына атсалысып, белсенді қатысқаны үшін Астрахан облысының басшылығына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан алғыс білдірілді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы ақпарат берілді. Осы ретте тараптар мәдениет және туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Әдетте туристер Астрахан облысындағы Құрманғазы атындағы мәдени орталыққа және Сарай-Бату кешеніне қызығушылық танытып жатады. Ал, Атырауда Сарайшық қалашығының маңызы ерекше. Бүгінгі таңда Сарайшық мұрасын сақтап қалу мақсатында визит-орталық салу жоспарланып отырғанын ескерсек, туристер үшін Сарайшықтың ерекше аймаққа айналары анық. Қазақстанның киелі жерлер географиясы қатарын «Махамбет» мазары мен «Ақмешіт» кешенінің толықтырғаны белгілі. Сонау сарматтар дәуірінің ұлы мұрасы –«Иманқара үңгірі», Алтын адам табылған «Аралтөбе» қорғаны, «Ұшқан ата», «Құлшан ата» мазарларының да туристік маршруттарды дамыту мүмкіндіктері жоғары.

Сапар аясында делегация Құрманғазы атындағы мәдени орталықты аралады. Володар ауданындағы Алтынжар ауылында орналасқан орталықта ұлы күйшінің шығармашылығына арналған музей жасақталған. Ресейлік әріптестер туристік маусым кезінде мұнда 25 мың адамға дейін болатынын айтады. Атыраулық делегация аталмыш орталықтың материалдық базасын жаңғырту мәселесіне назар аударды.

Осы орталықтың директоры Аманкелді Әбілғазиевтің айтуынша, қонақтарға салт-дәстүрлер жөнінде ғана айтылмайды, оларға өздерінің қатысуына, ұлттық тағамдардан дәм татуына мүмкіндік беріледі. Орталық өнер ұжымының талантты өнерпаздары ән-күйден шашу шашады. Атырау облысының делегациясы орталық басшылығымен бірлескен шаралар, сонымен қатар, екі елдің шекаралас өңіріндегі қасиетті жерлерге туристік бағыттар жасақтауды талқылады.

Мәдени орталықта болған кезде меймандар оның материалдық-техникалық жағдайын, мұражай қоры мен жабдығын жақсартуға назар аударды. Бұл мәселені Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Жомарт жүрек» жобасы бойынша бұған дейін де бірнеше рет көмек қолын созған қазақстандық меценаттармен талқылау қажет.

Сапар барысында атыраулық делегация Астрахан мәдениет және өнер колледжінде болды. Оның директоры Алла Смиховская оқу орнының ерекшелігіне тоқталды. Мұнда ұлттық өнерді дәріптеумен қатар бес астрахандық қазақ оқып жатқан домбыра бөлімі де бар екен. Колледж басшысы тәжірибе алмасу, балаларды келешекте домбыраға Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқыту жайын айтты. Әрі методикалық көмек көрсету мәселесін де көтерді.

Рэм МИХАЙЛОВ

Атырау-Астрахан-Атырау

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*