Өткеннен қалған із

Screenshot 3 3 Қоғам

1964 жылы 28 желтоқсанда Қазақстан КП Гурьев облысы партия комитетінің ХІV партия конференциясы өтеді. Оған өлкеміздің бетке ұстар азаматтары Қазақстан КП Орталық комитеті Гурьев облысы бойынша ұйымдастыру бюросы төрағасы М.Исенов, Гурьев облыстық партия комитетінің хатшысы С.Құбашев, Шевченко қалалық партия комитетінің ІІ хатшысы З.Қамалиденов, «Қазақстанмұнай» басқармасы басшысы Ж.Досмұхамбетов, БЛКЖО облыстық комитетінің І хатшысы М.Ғабдысәлімова қатысады.

Өткеннен қалған із

Бас баяндаманы Қазақстан КП Орталық комитеті Гурьев облысы бойынша ұйымдастыру бюросы төрағасы М.Исенов жасап, жергілікті партия ұйымдарының алдындағы жаңа міндеттерді талқыға салады. Сол күні Қазақстан КП Гурьев облысы партия комитетінің бірінші ұйымдастыру пленумы облыстық партия комитетінің І хатшылығына М.Исеновті сайлайды.

Бүгінгі мақаланың бас кейіпкері – М.Исеновтің өзіне дейінгі басшылардан ерекшелігі, ол мұнайлы өлке мәселелерін жетік білуімен қатар, КСРО ауыр өнеркәсібі Халық комиссариатында еңбек етіп, Кеңестер Одағындағы беделді мамандармен байланыс орнатуы болатын.

Өзі жазып қалдырған өмірбаянында ол Москва мұнай институтын бітірген соң КСРО Орталық комитеті ұсынысымен КСРО ауыр өнеркәсіп Халық комиссариатына жұмысқа алынғанын, 1939-1941 жылдары Түркімен КСР-ында құрылыс басшысы қызметін атқарғанын айтады.

«1941 жылы соғысқа аттандым. 1943 жылдың аяғында қайта шақырылып, өндіріске араластым. 1947 жылы КСРО Орталық комитеті шешімімен Гурьев облыстық партия комитетіне хатшы орынбасары, өндіріс және транспорт бөлімі меңгерушілігіне жіберілдім. 1962 жылы кәсіподақ хатшысы, 1963-1964 жылдары Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы болдым» деп жазады.

1964 жылы 24 қыркүйекте Қазақстан КП Батыс Қазақстан өлкелік комитеті  хатшысы Н.Журин: «М.Исенов тәжірибелі  басшы, өлкедегі ұйымдастыру және өндіріс, құрылыс мәселелерін табандылықпен шешеді. Жұмыста жігерлі, өзіндік пікірі бар, ең бастысы шебер ұйымдастырушы» деп бағалайды. Және сол кезеңнің өзінде оның еңбегі КСРО үкіметі тарапынан жоғары бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» (1942), «Еңбек Қызыл Ту» (1948), «Құрмет белгісі» (1956) ордендерімен, «Ерлігі үшін» (1941), «Москваны қорғағаны үшін» (1945), «Германияны жеңгені үшін» (1945), «Ерен еңбегі үшін» (1945), «Тың жерлерді игергені үшін» (1958) медальдарымен марапатталған. Мұның барлығы тұлғаның ел алдына жарқырай шыққанын дәлелдейді.

М.Исеновтің басшылығы елдегі жаңа қайта құру кезеңіне сәйкес келді. Нәтижесінде 1964 жылы 31 желтоқсанда Махамбет, Ембі өндірістік аудандары жойылып, Балықшы, Индер, Ембі аудандары құрылады. Соның алдында Есбол ауданы Индер атауына өзгертіледі. Ең бастысы,  Гурьев Батыс Қазақстан өлкесі құрамынан жеке облыс ретінде бөлініп шығады. Мұның өзі облыстың жаңа қарқынмен дамуына жол ашқан-ды.

М.Исеновтің тікелей басшылығымен 1965 жылы 25-26 маусымда өткен ІІ пленум облыстағы маңызды мәселелерді қарайды. Пленумда ауыл шаруашылығының дамуы туралы бас баяндаманы С.Құбашев жасайды. Баяндамашы шаруашылық өнімдерінің өзіндік құнының жоғарылығын нақты дәлелдермен көрсетеді. «Бізге алдымен басшылардың, соның ішінде аналық малдарға жауап беретін мамандардың жауапкершілігін арттыру керек» деген спикер Теңіз ауданындағы «Киров» совхозын қатаң сынға алады. Өйткені, совхоздың соңғы үш жылдағы көрсеткіші төмендеген-ді. Облыс үшін жылдағы басты мәселе мал азығын дайындау болатын. Ал, ол жергілікті табиғат ерекшелігіне байланысты күрделі мәселеге айналды. Пленумда облыстағы суармалы  жағдайда жүгері мен жоңышқа өсіру маңыздылығы ескеріліп, Индер, Махамбет аудандары үлгісінде оның тиімділігіне назар аударылады. Бұл кезеңде Балықшы, Теңіз, Индер, Қызылқоға, Маңғыстау, Махамбет, Ембі аудандарының өзіндік ерекшеліктеріне сай еділбай, қаракөл қойларын, ірі қарадан қызылдалалық, қазақтың ақбас сиыры түрлерін өсіру ұсынылады.

Облыстағы мал шаруашылығындағы күрделі мәселелер КСРО-ның бас газеті «Правдаға» жарияланып, жоғары басшылықтың назарын аударған. Мәселен, 1965 жылы 7 қыркүйектегі «Дело это наше, общее»  мақаласында мал қыстату  мәселелерін алдын-ала шешу жолдары ұсынылады. Аталған мәселелер 1965 жылы 25 қыркүйекте қайта қаралады. Ол бойынша облыста еділбай, қаракөл қойы түрлерінің оң нәтижелері көзге көріне бастады. Мәселен «Путь Ильича», «Новобогат», «Амангелді», «Бақсай», «Гурьев» совхоздары қойдың 100 еділбай аналығынан 113-124, «1 май», «Сүйіндік», «Коммунизм жолы» совхоздары қойдың 100 қаракөл аналығынан 111-124 қозыдан алып, қолдан ұрықтандырудың тиімділігін озат шопандар «Передовик» совхозынан Ә.Қажкенов, «Новобогат» совхозынан Н.Дәуітов, «Путь Ильича» совхозынан Ш.Еділбаев дәлелдеді.

М.Исенов: «Мал өнімдерін – ет, сүт, жүн тапсыру, мал азығын дайындау жоспарына кейбір шаруашылықтар немқұрайлы қарады, халық-шаруашылық маңызы бар – «Синтезспирт» зауыты, Гурьев ТЭЦ-ы, нан зауыты, үй құрылысы комбинаты, Шевченко-Өзен ЛЭП-ы, Өзендегі подстанция, мал соятын орын, мал тұрақтары, су шаруашылықтары объектілері құрылыстары аяқталмады. Бұрғылау, геолог-зерттеу жұмыстары бәсеңсіді» деп ашық мойындады.

Облыс басшысы тәжірибелі мұнайшы ретінде өлкедегі мұнай өнеркәсібіне айрықша көңіл бөледі. Бірлескен еңбек нәтижесінде 1966 жылы қаңтар айында Мақат, Өзен аудандары құрылып, аудан орталығы ретінде Доссор, Өзен поселкелері бекітіледі. Оған қоса 25 сәуірде Гурьев ауданының атауы Балықшы ауданы, ал, Консерві комбинаты поселкесінің атауы Балықшы поселкесі болып өзгертіледі. Бұл арқылы облыс басшысы аймақтағы шаруашылықты өзара байланыста кешенді дамыту мақсатын жүзеге асырды. Ол көп ұзамай оң нәтижелерін бере бастады.

Қорытындысында 1966 жылы Оңтүстік Маңғыстауда ірі мұнай-газ кен орнын ашып, Өзен-Жетібай кен орнын барлағаны үшін, Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының бастығы Е.Иванов, осы басқарманың бас гeoлогы Н.Имашев, Маңғыстау мұнай-газ барлау тресінің басқарушысы Х.Өзбекқалиев, осы трестің бас геологі В.Токарев, «Ембімұнай» комбинатының бастығы Ж.Досмұхамбетовке «Лениндік сыйлықтың лауреаты» атағы, бұрғышылар Т.Қадыров пен С.Рысқалиевқа «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілсе, «Передовик» совхозы «Ленин» орденімен, Маңғыстау мұнай-газ барлау тресі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Бұл кезеңде «Жайық – Каспий» бассейнінің балықшылары да жемісті еңбек етеді. Олардың арасынан «Қызыл балық», Құрманғазы атындағы колхоздар өндірістік жоспарды екі есе, «Амангелді» атындағы колхоз бір жарым есе орындайды. Қорытындысында В.И.Ленин атындағы балық консерві комбинаты балық кесушісі Айнаш Байжігітова, «Бекташ» сейнерінің капитаны Ізтұрған Оразбаев «Социалистік Еңбек Ері» атанады.

Қой шаруашылығын өркендетуде қол жеткен табыстары үшін аға шопандар Сақан Дәулетқалиев пен Шәши Еділбаевқа, Пангерей Бердешевке «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріледі. Көп ұзамай 1967 жылы 25 тамызда Гурьев облысы КСРО Жоғарғы Кеңесі шешімімен «Ленин» орденімен марапатталады. Оның барлығы облыс жұртшылығына жасалған зор құрмет болатын.

Айта кету керек, бұл кезеңде облыстың темір жол байланыстары да жақсарып, Гурьев-Астрахан, Бейнеу-Қоңырат, Мақат-Индер темір жолдары жүзеге асады. Бүкіл облыс территориясын қамтыған Орта Азия газ құбыры, Маңғышлақ-Гурьев-Астрахан-Волгоград-Донбас мұнай құбырын жүргізу мәселесі қолға алынды. 1969 жылы 26 тамызда Өзен-Гурьев мұнай құбыры іске қосылып, Маңғышлақ мұнайын тасымалдау мәселесі шешіледі. Жаңа құбыр арқылы Маңғышлақ мұнайын Гурьевке тасымалдауы үш есеге артады. 1965 жылы 28 тамызда көптен күткен Жайық өзені үстінен биіктігі 10 метр, ұзындығы 259 метр көпір іске қосылды. Мұның барлығы қайраткердің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан нақты үлесін айғақтайды.

Кейіпкеріміз үшін 1969 жыл үшін оңай жыл болмады. Кезекті еңбек демалысы кезінде Кисловодск қаласында оны көлік қағып, біраз уақыт емделеді. Архив деректері оның 1969 жылдың қыркүйек айының соңынан бастап облыстық партия комитетінің бюро отырыстары мен пленумдарына қатыспағанын айғақтайды. Ол 1970 жылы 4 қаңтарда ғана бюро отырысына төрағалық етеді. Міне, осы кезеңде 1969 жылы 28 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Ақтау қаласы Шевченко қаласы болып өзгертіледі.

Кейін 1970 жылы 28 сәуірде өткен Гурьев облысы партия комитетінің Х пленумы Қазақстан КП Орталық комитеті хатшысы С.Имашевтың ұсынысымен оны зейнеткерлікке шығарып, орнына Саламат Мұқашевты тағайындайды. Көп ұзамай М.Исенов  отбасы – зайыбы Софья, ұлдары Ержігіт, Серік, қызы Әселмен Алматы қаласына көшіп, 1992 жылы 3 қазанда қайтыс болды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз