Үш портрет, үш Мұрат

madeni mura2 Қоғам

madeni mura2

Екінші суреттің еншісі

Бас бәйге алматылық профессордың қанжығасында кеткенімен, конкурсқа Мұрат Мөңкеұлының басқа да шынайы бейнеленген портреттері ұсынылғанын айтуға тиіспіз. Соның бірі – атыраулық танымал суретші, бейнелеу өнерінің хас шебері Әділқайыр Жантасовтың Мұраты. Бір қызығы, «Атырау» газетінің Мұрат Мөңкеұлының 150 жылдығына арналған 1993 жылғы 3 қыркүйектегі арнаулы саны осы Әділқайыр ағамыздың суретімен шықты. Бұл кезде Мұхит Қалимов бәйгені иеленіп қойған болатын. Ал, Индер аудандық «Дендер» газетінің мерейтойлық нөмірін Мұхаңның салған портреті айшықтап тұрды.

Әділқайыр Пангерейұлы – аса талантты өнер тарландарының бірі. Сыртқы тұрпатынан да, ішкі әлемінен де бекзат болмысы байқалады. Ара-тұра телефон арқылы тілдесіп, пікір алысып тұрамыз. Әңгімесінен өте тереңдігін, көп оқитындығын, тынымсыз ізденетіндігін анық аңғарасың. Деңгейі биік, талғамы жоғары. Суреттеріне қарап бейнелеу өнеріндегі бірнеше стильді қолданатынын көресің. Сюрреализм де, абстракционизм де оған жат емес. Италияның көрме павильондарына жекелеген суреттері қойылған.

Әділқайыр Жантасовтың да Мұрат туып-өскен топыраққа бөтендігі жоқ. Ол Индербор кентінде 1958 жылы дүниеге келген. Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін үздік бітірген. Қазақ театр және көркемсурет институтын тәмамдаған. Суретшілер және Дизайнерлер одақтарының мүшесі. Қазір Атырау қаласындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында бейнелеу өнері пәнінен сабақ береді. Бұл академияда Әділқайыр Жантасовтың арнайы шеберлік класы бар. Атырау қаласы мен Индер ауданы таңбаларының авторы.

Әділқайырдың Мұратына ден қойған адам оның кәсіби суретшінің қолынан шыққанын бірден сезінеді. Портрет кенепке майлы бояумен салынған. Бұл суреттің сән-салтанаты өзге туындыларға қарағанда басымдау болып шықты. Ақынның тік керілген қабағы, өңменіңнен өтетін өткір көзі, құрыштан құйылғандай бет пішіні түсін суық етіп көрсетеді. Мұраттың қайсар мінезін, қайраткерлік қасиетін ақтап тұрған деталь осы деуге болар. Жыр жүйрігінің сақал-мұрт қойысында да алабөтен өзгешелік бар. Тым қалың емес, аса қаймыжықтай да емес ерніне керемет үйлесе кеткен сұлу мұрты иегіне бұйралана біткен әдемі сақалына ерекше өң беріп тұр. Мұраттың зерлі тақиясы мен өңірі әдіптелген бағалы шапаны өз ортасына аса қадірлі адам екенін аңғартқандай.

madeni mura

Бұл суретте ақынның ажары, шайырдың шырайы, жыраудың жан сыры, бидің болмысы бар. Оның келешекке зер салған қырағы көзінде, үшкірлене біткен қалың қасында алуан түрлі сезім тоғысып, айрықша үйлесім тапқан. Алдымен ақынның мұңды жанарынан елдің қайғы-қасіреті мен зар-мұңы айқын сезіледі. Сонымен қатар ойлы көзден жыр жампозының ақыл-парасаты анық аңғарылады. Сондай-ақ айналасындағы құбылыстарға өзгеше көзбен баға беретін өнердің өз өкілі екенін де «маңдайдағы екі көз» айғақтап тұр. Мұраттың бет-жүзінен өмір бойы көріп келе жатқан ауыр азабы мен бітпес бейнетінің де табын көру қиын емес. Бейнелеу өнерінің майталманы ақынның қос жанарына оның бүкіл батыс өңіріндегі ел тағдыры туралы ой-толғанысын енгізе алған. Осынау көздің титімдей қарашығында Атырау аймағының панорамасы, соның жүрекпен жазылған полотносы сыйып тұр. Жай көзбен қарасаң – қарапайым портретті, ал, көңіл көзімен қарасаң – портрет аясына жасырынған зар заманның тұтас эпопеясын көресің.

Әділқайырдың Мұраты – адамға тура қарап тұрған бедерлі бейне. Суретшінің өзі мұны «Ақынның ішкі-сыртқы жан дүниесін ашық көрсету үшін толығымен қарсы қарап отырған бейнесін салдым. Соның ішінде көз жанарына аса көңіл бөлінді. Көз – адам баласының жан дүниесі, өмір жолы» деп негіздейді.

Әдекеңнің сурет салу барысында сүйенген деректемелері де аса мықты болды. Ол Мұрат мұрасын өмір бойы зерттеген қарымды қаламгер Берік Қорқытовпен бірлесе отырып, сол кісінің ақыл-кеңесі бойынша жұмыс жүргізді. Берік аға өз әкесі, әйгілі шежіреші Ыбыраштан естіген мәліметтері бойынша Мұраттың бейнесін сипаттап берді. Оның үстіне ақынның ұлы, өзі көзімен көрген Дәулетқали Мұратұлының келбетін кейіптеп, бейнелеу шеберіне мол мәлімет ұсынды. Атыраулық журналистер Шөпенғали Дәуенов, Құмарғали  Ғабдешов, Мұқан Көптілеуов сынды ағалардың деректері мен дәйектері де Әділқайыр ағамыздың назарынан тыс қалған жоқ.

Басқалардан болмысы бөлек суретші бәсекеге түсу барысында ерекше мәлімдеме жасады. Бас жүлдеге ие болған жағдайда оның қаражатын түгелдей Махамбет-Мұрат қорына аударуды сұрады. Сөйтіп, майталман маман жұртта жоқ мәрт мінез көрсетті. Бұл өмірде ақшадан да жоғары құндылықтар бар екенін аңғартты. Бас бәйге алған суретті айтпағанда, ең бәсі биік портреттің бірі осы еді. Әдекеңнің Мұраты конкурс қорытындысы бойынша екінші орынды иеленді.

Кейін Мұрат Мөңкеұлының сол суретін Атыраудағы көрмеде тұрған жерінен Еуропа елдерінің Қазақстандағы елшілерінің бірі сатып алыпты. Ұлы ақынның бейнесі, қателеспесек, қазір Францияда болуы мүмкін. Несі бар, болса болар, Жантасовтың жүрегімен жазған дүниелері Еуропаны шарлап кеткелі қашан?!

Бір кездері өлеңдері АҚШ-та талданған Мұраттың мұңды кейпін кейін Париж тұрғындары талай рет көрген шығар…

(Жалғасы бар)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз