Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов халық алдында есеп берді

Атырау қаласы өткен жылды қандай көрсеткіштермен қорытындылады? Қай салада серпін байқалады? Қордаланған мәселелерді шешу үшін алға қойылған міндеттерді қалай жүзеге асырамыз?

бұқара және билік

Сәрсенбі күні Махамбет атындағы қазақ драма театрында Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов тұрғындар алдында жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, болашаққа бағыт-бағдарды саралады.

Бүгінде сәулетті де дәулетті қалаға айналған Атырау тұрақты дамып келеді. Шаһар басшысының баяндауынша, экономикамыз үшін маңызды салалардың барлығы сапалық көрсеткіштерге ие болды. Өткен жылы Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыс орталығында жалпы құны 505 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жоба іске қосылып, 108 жаңа жұмыс орны ашылған.

«Көлеңкелі» экономика – қолдан жасалатын індет

Қала дамуының маңызды көрінісінің бірі – тұрғын үймен қамту жайы. Өткен жылы бұл бағытқа 18 миллиард теңге инвестиция жұмсалып, жалпы ауданы 346 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында Береке, Нұрсая ықшамаудандарында 18 көп қабатты үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ, аталған ықшамаудандардан тағы 13 көп қабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Ал, пәтерге мұқтаж 18 мың адам кезекте тұр. Бұған қоса, 62 көп пәтерлі апатты, тозығы жеткен тұрғын үй мен жатақханалар тағы бар. Халықты үймен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі түрде жүргізілетінін, қолданыстағы заңнамаларға сай пәтер тек кезекпен берілетінін айтқан қала әкімі пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын сынға алды.

– Қала тұрғындарынан түскен шағымдарға сүйенсек, көптеген пәтер иелері кооперативтері өз жұмыстарына  немқұрайлы қарайды, кейде тіпті өздерінің негізгі міндеттерімен де айналысқысы келмейді. Бірақ, олардың есеп-шоттарында аз қаржы жатқан жоқ. Мәселен, жуырда біз бірқатар кооперативтердің жұмысын сараладық. «Каспий толқыны» ПИК-і аудиторлық тексеріс кезінде бес жылда 70 миллион теңге қаражат жинаған. Жылына есептегенімізде 14 миллион теңгеден келіп отыр. Салыстырмалы түрде алғанда, Геолог ауылдық округінің әкімдігін ұстап тұруға осыншама қаражат кетеді. Осыдан келіп  «көлеңкелі» экономика мәселесі туындайды.

Сондықтан, пәтер иелері кооперативтері қызметіне сол жердегі үйлердің иелері тікелей араласуы керек, – деді қала басшысы Серік Жамбылұлы.

Берілген жер неге игерілмейді?

Атырау қаласының ауылдық округтерінде ауыл шаруашылығы мақсатында бөлініп, игерілмеген 7879 гектар жер учаскесі анықталып, құжаттары өкілетті органдарға жол-  данған. Оның 81 гектары мемлекет есебіне қайтарылды. Қала басшысы бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатынын айтты.

Ұры алыстан келмейді

Инфрақұрылымдар құрылысын жүргізу тұрғындар үшін маңызды мәселе болып табылады. Осы мәселеге баса назар аударған қалалық әкімдік тарапынан өткен жылы Ақсай, Бірлік ауылдары мен Жұлдыз-3 шағынауданына ұзындығы 56 шақырым ауыз су құбырын тарту жұмыстары аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Еркінқала, Водников-2, Талғайраң, Жаңаталап, Көкарна ауылдарына жалпы ұзындығы 141,6 шаршы метр ауыз су желісі, Зарослый тұрғын үй алабында 42,4 шақырым көгілдір отын желісінің құрылыс жұмыстары басталды. Атырау мөлтекауданы мен Көкарна ауылдарында жүргі-зілген инфрақұрылымдар құрылысы аяқталып, Тасқала-2, Водников-3 елді мекендерінде де мұндай қызметтер жалғасып жатыр. Осы орайда, қала әкімі материалдарды ұрлау, қондырғыларды сындыру фактілері кездесіп жатқанын алға тартты.

– Біз мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөліп, бой көтерген мөлтекаудандарға газ, су, электр желілерін тартып келеміз. Алайда, құрылыс алаңдарынан пластик құбырларын, электр кабельдерін, трансформаторлардың ішкі бөлшектерін ұрлау фактілері жиі орын алуда. Ұры даладан келмейді, сол аймақтың адамдары. Тұрғындарды қырағылық танытып, осы жағдайларға тосқауыл болып, дер кезінде ішкі істер органдарына хабарласуға шақырамын, – деді Серік Шәпкенов.

Қоғамдық көлік көңілдегідей емес

Қоғамдық көліктер қызметі де сын көтермейді. Қала тұрғындары тарапынан түсетін шағымдардың басым көпшілігі осы жолаушылар тасымалымен айналысатын операторлар жұмысына қатысты. Бұл мәселені де атап айтқан шаһар басшысы автобус-тардың жүру жиілігі сақталмайтынын, сенбі, жексенбі күндері маршруттар уақытылы жүрмей-тінін, автобустардың салондары санитарлық талапқа сай емес-тігін, кондукторлар мәдениетінің төмендігін, жүргізушілердің бір-бірімен өзара жарысу, ұдайы телефон қолдану фактілерін сынға алды.

– Ең сорақылығы – оқу жылы кезінде мектеп оқушыларын мінгізбей немесе түсіріп тастап кететін, олардан жолақы талап ететін жайттар, әсіресе, қалааралық маршруттарда жиі кездеседі, – деді Серік Жамбылұлы. – Осы түйткілді мәселелердің шешімін табуды қолға алып, назарда ұстайтын боламыз.

Қалада жолаушыларды тасымалдайтын жеті мекеме бар. Оның ішінде, ең үлкен компания – «АйсТрансХолдинг» мекемесі. Арнайы ережеге сәйкес, маршрутта 20 автобус жүруі керек болса, қазір аталған мекеменің сегіз-ақ автобуспен қызмет көрсету шамасы жетеді. Осыған байланысты, біз арнайы мекемелердің басшыларын шақырып, маршруттардың ұзындығы, тиімділігі бойынша талқылау жұмыстарын жүргізудеміз.

Сондай-ақ, есептік жиын барысында қала әкімі үш ауысымдық мектептерді жою, балабақша кезегін азайту, соңғы кезде әлеуметтік желілерде кеңінен таралған «Синий кит», «Тихий дом» ойындарына елітіп, өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің алдын алу, жастарды букмекерлік кеңселердегі құмар ойындардан арылту мәселелерін көтеріп, оларды шешу бағытында бірқатар ойларын айтып, тұрғындарды да осы іске  бірге жұмылуға шақырды.

Әкімдіктерге –дербес ғимарат

Қала әкімі өткен жылы есеп беру кезінде тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлерге де тоқталды. Жиын қорытындысында шешуді қажет ететін 36 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Оның 12-сі жүзеге асып, 17-сі шешілу сатысында. Ал, жеті мәселе әлі орындалмаған.

– Шешімін таппаған жеті проблеманың барлығы да ауылдық округтердің ен-шісінде болып отыр, – деп түсіндіріп өтті шаһар басшысы. – Тұрғындар алдында есеп беру мақсатында қаңтар айында қалаға қарасты барлық ауылдық округтерде болдым. Жиындарда көтерілген 190 мәселенің ішінде олар қайта қозғалды. Солардың бірі – Нұрсая ықшамауданындағы кино-концерт залы мен қоғамдық монша нысандарының құрылыстарын жалғастыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде инвесторлар іздестірілуде.

Сондай-ақ, ауылдық округтер әкімдіктеріне дербес ғимараттың қажеттігі де сөз болды. Осы мұқтаждықтар ескеріліп, биыл Дамбы, Кеңөзек және Еркін-қала ауылдарының әкімдіктері үшін жаңа ғимараттар салынатын болады.

Берешек көлемі – 89 миллион теңге

Облыс орталығын қоқыстардан шұғыл тазартып отыру үшін «Қауырт желі» байланысы, «Whats app» желісі іске қосылды. Қала тазалығы – мәдениеттіліктің басты өлшемі. Сондықтан, бұл мәселеге де тұрғындар бейжай қарамай, үнемі назарда ұстап, түрлі хабарламалар қалдырып отырады. Ал, қала тазалығымен айналысатын «Арнаулы автобаза» мекемесі басшылығы бұл мәселені арнайы техниканың жетіспеушілігімен түсіндіреді. Осыған орай, өткен жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен жаңадан мекемеге отыз бірлік техника сатып алынған болатын.

– Көріп отырсыздар, қолдан келген барлық мүмкіндік жасалуда. Алайда, коммуналдық қызметке ақша төлемейтіндер бар. Жергілікті тұрғындар «Арнаулы автобаза» ЖШС-не – 89 миллион теңге, ал, «АтырауСуАрнасы» кәсіпорнына сегіз миллион теңге бережақ.  Қайтарымсыз, төлемсіз коммуналдық қызметтер қалай жұмыс жасайды? Жұмыс өте ауыр. Жұмысшылар жалақы уақы-тылы төленбегендіктен, көп тұрақтамайды. Ал, мекеме өз қаражатын ала алмай отырса, қызметкерлерге қарай ең-  бекақысын төлейді? Ең бастысы, осыны халық түсінуі тиіс, – деп баса айтты Серік Шәпкенов.

Басты міндет – тұрғындарға жағдай жасау

Жиын соңында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз алды.

– Бүгінге дейін облысқа қарасты жеті аудан әкімдерінің есептік кездесуі өтті. Ал, бүгін қала басшысы атқарылған жұмыстар туралы баяндап отыр. Өлкемізде атқарылып жатқан жұмыстар сіздердің көз алдарыңызда.

Өткен жылы біршама іс жүзеге асты. Алайда, жергілікті ат-қарушы орган алдында тұрған міндеттер жетерлік. Өйткені, қала аумағы өсіп келе жатыр. Сондықтан, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары әлі де же-тілдіруді қажет етеді. Ол ешуақытта күн тәртібінен түспейді. Атырауда бұрын-соңды болмаған құрылыстар қарқын алып, жаңа нысандар бой көтеруде.

Алдымызда тұрған ауқымды істер көп. Ең бастысы, жол мәселесі. Кез келген жұмыс «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады. Ауылдық, аудандық, қалалық қоғамдық кеңестерде өзде-ріңізді толғандыратын мәселелерді талқылап, бізге жеткізсеңіздер, жұмыс барысында оларды басшылыққа алатын боламыз. Себебі, біздің негізгі мақсатымыз – тұрғындардың қолайлы жүріп-тұруына қауіпсіз жағдай жасау. Ең алдымен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті органдар барлық қажетті технологиямен жабдықталды. Учаскелік полицейлердің жұмыс шарттарын же-ңілдету жөнінде істер атқарылды. Биыл да өз жоспарларымыз бар, – деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.

бұқара және билік2

Ұсыныс. Пікір. Тілек.

Әр сауал аяқсыз қалмайды

Шаһар басшысының есеп беру жиынына қатынасқандардың сұрақ, ұсыныс-тілектері де аз болмады. Айта кету керек, бұқараны толғандырған мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік, соның ішінде, инфрақұрылымдық бағыттағы сауалдарға арналды.

Хиуаз батырға музей ашылса…

Облыстық ардагерлер кеңесінің адами-патриоттық тәрбие беру жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, запастағы подполковник Ахмедияр Нұғыманов «Халық қаһарманы», ұшқыш Хиуаз Доспанова апамызға Жеңіс саябағы ішінен музей ашылса» деген ұсыныс білдірді. «Айтуыңыз өте орынды, өз ұлыларымызды әрқашан ардақтауымыз керек. Осы ұсынысты барлық жауапты құрылым мен тұрғындардың тілегін ескере отырып, әрі қарай талқылайтын боламыз» деді қала әкімі С.Шәпкенов.

Табиғи апаттар салдарынан жапа шеккен тұрғындарға тағайындалған өтемақының төленуіне байланысты сұраққа да  нақты  жауап  берілді. Яғни, жергілікті атқарушы билік жапа шеккендерге тұтастай соманы бір мезетте емес, кезең-кезеңімен төлейтін болады. «Мәселен, алғашқы бөлігі – үйдің қадасы қағылуына, келесі бөлігі үйдің қабырғасын тұрғызуға, соңғы бөлігі үйді толықтай бітіруге деген жүйе негізінде ақы төленеді» деген С.Шәпкенов бұл әдіс бойынша берілген ақшаны алып, үйлерін тұрғызғандар жетерлік екенін айтып өтті.

Қала іргесінде орналасқан Қайыршақты ауылдық округінде клуб пен балабақша жоқ. Сол секілді Жұмыскердегі емханаға да келушілердің көңілі толар емес. Тар емхана мен тозығы жеткен Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің жайы жұмыскерліктерді толғандыруда. Десек те, қай құрылыс болмасын қаражаттың мүмкін-дігіне қарай жүргізілетіні белгілі.

«Аталмыш мәселелердің қай-қайсысымен де жіті таныспын», – деген қала басшысы жоспарлы түрде бұл мәселелердің шешімін табуына жұмыстанатынын жеткізді.

Жарығы жоқ, жолы жоқ…

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жолдың төселмеуі, жаңадан бой көтеріп келе жатқан мөлтек-аудандардағы инфрақұрылымдық игіліктердің уақытылы жеткізілмеуі – бұқараның басты проблемасы. Қазіргі таңда үй салуға бөлінген жер телімін алуға тілек білдірген тұрғындар саны 80 мыңнан асып жығылады.

Жергілікті биліктің «тек ин-фрақұрылымдық жүйелері толық жабдықталған жер телімдері ғана берілуі керек» деген талабы бар. Сол себептен де бұған дейін беріліп кеткен, яғни, толықтай жол, газ, су, жарықпен қамтылмаған үйлердің мәселесін шешу – күн тәртібінде, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Айта кету керек, биылғы жылы 311 көшеге тас жол төселеді деп жоспарлануда. Ал, «Неліктен бірнеше жылдан бері тас жолсыз отырған ықшамаудандардың бар екеніне қарамастан, жаңадан бой көтерген ықшамаудандарда тас жол жүргізіледі?» деген сауалға да шаһар басшысы    нақты жауап берді. Оның айтуынша, бұл соңғы кезде жасақталып отырған жобалық-сметалық құжаттамадағы өзгерістерге сай, яғни, жаңа үйге қажетті инфрақұрылымдар қатарына жол төсеу мәселесі бірден енгізіліп, қажетті сома мемлекет есебінен аударылады екен.

Тегін жүретін оқушылар – тек Атырауда

Сондай-ақ, Сәтбаев көшесіндегі Абай алаңына тиесілі аумақтың белгілі бір бөлігі жеке кәсіпкер қолына өтіп кеткенін айтқан тұрғын осы мәселеге қала әкімінің араласуын сұраса, көпшіліктің тілегін жеткізген газет тілшісі М.Баймұханов көшесіндегі халыққа қызмет көрсету орталығының тұсынан жаяу жүргіншінің қолайлығы үшін бағдаршам салу мәселесін көтерді.

«Қоғамдық көліктердің жайы сын көтермейді. Әсіресе, мектеп жасындағы балаларды тасымалдау барысында біраз қиындықтар туындайды» деген тұрғындардың сөзін құптаған шаһар басшысы «Бұл – өткір тұрған мәселенің бірі. Десек те, бүгінгі таңда оқушыларды тегін тасып жүрген автобустар тек Атырауда ғана бар. Өзге өңірлерде 50 пайыз жеңілдіктер берілген. Бұл салаға қатысты мәселелерді шешу жолында электронды билет жүйесін енгізуді жоспарлап отырғанымызды айта кетейін» деді.

Басқосу барысында көтерілген мәселелердің қатарында ПИК-тердің жұмысы, жазғы балалар лагерлерінің жағдайы, қаладағы күрделі жөндеуден өткен №15 мектепке акт залы мен спорт залының қажеттігі, портал жүйесінің жұмысы, Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесіне атыраулықтарды қатынастыру жайы да болды. Қай мәселеге болмасын нақты жауаптар беріп, тұрғындар тілегін тыңдаған қала әкімі бүгінгі ұсыныс-тілектер негізіндегі жұмыстарды назардан тыс қалдырмайтындығын атап өтті.

 

Гүлнәр СалЫҚова, Атырау қалалық ПИК қауымдастығының төрайымы:

Бірлескен істің берері мол

– Бүгінгі есепті жиында біздің саламызға қатысты біраз сындар айтылды. Халықпен етене жұмыс жасағандықтан әрі тұрғын-жай мәселесіне қатысты болған соң, бұл жай маған өте таныс. Көптің көңілінен шығу оңай емес. Ал, нақты жұмысына сын айтылған, яғни, бес жылда 70 миллион теңге қаражат жинаған «Каспий толқыны» ПИК-індегі  орын алған мәселеге қатысты сын айтылуы – әрине, дұрыс. Біздің қатарымызда да осындай өз ісіне салғырттық танытқан, қаржыға қатысты мәселеде келеңсіздіктер туындатып отырғандардың бар екені қынжылтады. Десек те, көпке топырақ шашуға болмайды, қазіргі таңда қала бойынша 75 кооператив жұмыс жасауда. Олардың қатарында өзгелерге үлгі боларлық ұйымдар да жетерлік.

Ал, қала әкімімен кездесіп, екі жақты жиын барысында қордаланған мәселелерді шешуге жұмыстанайық деген ұсынысымыздың қолдау тауып отырғаны – қуантарлық.

Тағы бір айта кетерлігі, қала әкімінің «азаматтық белсенділік керек» деген сөзінің жаны бар. Тұрғындардың өзі де бізбен етене қарым-қатынасқа талпынса, жасалатын жұмыстың саны да, сапасы да артатыны белгілі. Қалай десек те, барлығымыз қаланың көркеюі үшін жұмыстанатын болғандықтан, бірлескен қызметтің берері мол екенін толықтай сезінеміз.

 

Райхан АНСАРИЕВА, «Профсервис» жылжымайтын мүлік агенттігі директоры:

Әкімнің  ашықтығы  ұнайды

– Мен кәсіпкерлердің атынан қала басшылығына алғыс білдіремін. Себебі, кәсіпкерлер 2012 жылдан бері жер теліміне қатысты шешімді күткен еді. Қызметім жылжымайтын мүлік-тердің құжаттарын растау болғандықтан, бұл жайттар іске қалай қолбайлау болатынын жақсы түсінемін. Қызметке кіріскен уақыттан бастап қала әкімі бұл проблемаға терең бойлап, жұмыс қарқынды жүре бастады.

Шаһар басшысының ашықтығы да қуантады. Әрдайым мәселені бірігіп шешуге дайын. Міне, бүгін есептік жиында осыған тағы бір көз жеткіздік. Халықтың билікке деген сенімі арта түсті. Біз де өз тарапымыздан  облыс орталығын одан әрі көркейтуге бірігіп атсалысамыз.

 

Қуанышкерей Сәмешұлы,  Ақсай ауылдық округінің тұрғыны:

Ақсайдан клуб ашылса…

– Шаһар әкімінің есебі қанағаттандырды. Өйткені, бір жылдың ішінде жасалған жұмыстың ауқымы кең. Бұл – тұрғындарға жасалып жатқан қамқорлық. Әрине, аз уақытта бәрін тындырып тастау мүмкін емес. Дейтұрғанмен, қала әкімі жасаған жұмыстарға біз, ардагерлер риза болдық.

Ел болғаннан кейін сан сұрақтар туындап жатады. Әлі де жасалар жұмыс көп. Олардың бәріне біртіндеп қол жеткіземіз деген ойдамын. Мәселен, Ақсай ауылдық округінде алты мыңдай халық бар. Соның ішінде, 500-ге жуығы – қариялар. Округте бұрын халыққа қажетті әлеуметтік нысанның бәрі болды. Ал, қазір ең басты толғандырып отырғаны – клубтың, емдеу мекемесінің болмауы. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда Ақжар ауылына баруға мәжбүрміз. Кез келген үйде көлік те жоқ. Сондықтан, осы мәселеге орай тиісті шешім алынса дейміз.

 

Гүлдана Түсіпқалиева, Атырау  қалалық білім бөлімінің бас маманы:

 Сегіз мектеп, жиырма балабақша салынбақ

– Атыраудың күн санап көркейіп келе жатқаны көңілдерге қуаныш ұялатады. Бұл бағытта атқарылып отырған жұмыстар аз емес. Есепті жиын барысынан білгеніміздей, біраз қордаланған мәселелер шешімін тауып, жаңа жобаларға жол ашылуда.

Білім саласына қатысты сұрақтар да кеңінен талқыланды. Қала әкімі айтып өткеніндей, қазіргі таңда тоғыз мектеп орын тапшылығына орай үш ауысымда оқуға мәжбүр. Күрделі жөн-деуді қажет ететін білім ордалары да бар. Бүгінгі күні осы мәселелерді шешу жолында жаңадан сегіз мектеп пен 20 балабақшаны салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Бұл – әрине, қуанышты жағдай.

Сондай-ақ, ата-аналар мен мектептің арасындағы байланысты нығайта түсудің маңызы зор екенін айта кеткім келеді. Діни бағыттағы немесе қазіргідей әлеуметтік желідегі түрлі топтарға қатысты жүйелі жұмыстарды бірлесе жүргізгеннің берері мол.

 

Құдабай ҚАРЖАУБАЕВ, «Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ІІ топ мүгедегі:

Әлеуметтің әлеуеті жақсарды

– Біздің өңірімізде І және ІІ топ мүгедектерін шипажай курорттарға жіберу жүйесі қарастырылған. Бұл – әлеуметтік саланың жүйелі жұмысының жемісі. Мен де осы ережеге сай, Шымкенттегі ем алу орнында болдым. Сол өңірде мұндай жеңілдіктер зейнеткерлерге де қатысты қолданылады екен. «Осы әдіс бізге де қолданылса» деген ұсынысым бар. Сондай-ақ, Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне әлеуметтік аз қамтылған топқа тегін жолдама берілетіндей мүмкіндік болса екен деген тілегімді де жеткіздім. Әр елді мекенде жәрмеңкелер ұйымдастырылып, аптаның әр күнінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорындағы арзан бағадағы тағамдар мен тұтыну тауарлары ұсынылса,  халық үшін қолайлы болар еді. Айтылған пікір-тілектер аяқсыз қалмай, жүйелі жұмыстар жалғасын табады деген сенімдемін.

 

Қымбат ЗИНЕЛҚЫЗЫ, қала тұрғыны:

Жастар тәрбиесі – баршаға ортақ

– Өңірімізде жастар үшін жасалып жатқан игіліктер аз емес. Баспаналы болуға байланысты жас отбасыларға арналған бағдарлама бойынша пәтер беру, спорт мектептерінің ашылуы – осы сөзіміздің дәлелі. Десек те, қала әкімі айтып өткеніндей, қараусыз қалған нысандарды тонау, яғни, темір-терсек тапсыру, жаңадан салынып жатқан пластикалық құбырларды ұрлау фактілеріне негізінен жастардың жиі баратыны қынжылтады. Оңай ақша табу жолында осындай жеңіл жолды таңдағандары, букмекерлік кеңселерді жағалағандары да – әрине, дұрыс емес. Сондықтан да тәртіп мәселесін ең бірінші орынға қою керек.

Көп балалы ана, жалпы, ата-ана ретінде мені толғандыратын тағы бір мәселе –  оқушылар. Кейінгі кезде жиі айтылып жүрген әлеуметтік желідегі түрлі топтардан балаларымызды қорғау жолында мектептерге смартфон алып баруға тиым салуды толықтай қолдаймын және өзгелерді де бұл бастаманы құптауға шақырамын.

Айгүл ЕРТІЛЕУ, Гүлжан ӘМІРОВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ, Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*