Атырау қаласының әкімдігі мектептердің проблемаларын ерекше бақылауда ұстап отыр

Атырау қаласының әкімдігі мектептердің проблемаларын мейлінше тиімді әрі қысқа мерзімде шешпек, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

WhatsApp Image 2018-09-11 at 18.27.37

Әлеуметтік желілерде №18 орта мектептің ата-аналары білім беру мекемесіндегі балалардың көптігіне шағымданған.

Бүгінгі күні №18 орта мектепте 811 оқушы бар, оның 109-ы мектепке даярлық сыныбында тәлім алуда. Мұнда апатты жағдайда деп танылып, бұзуға жататын №1 орта мектептің 373 оқушысы да оқиды. Сондықтан, №18 мектепте кабинеттердің жетіспеуіне байланысты үш ауысымда оқыту қажеттілігі туындаған. Тиісінше, білім беру процесі ертеңгілік 8:00 сағаттан кешкі 20:00-ге дейін тоқтамай жүргізіледі.

«Жоғары сыныптарда кесте бойынша 8 сабақ өтеді және сабақ шамамен кешкі 21:30-да аяқталады. Сондықтан мектеп басшылығы оларды бірінші ауысымға ауыстыруға, ал орта және бастауыш сыныптарды екінші және үшінші ауысымдарда қалдыруға шешім қабылдады. Бастауыш сыныптардың бірінші ауысымда оқи алмауының екінші себебі – сыныптардың жетіспеуі»,-дейді директордың оқу бөлімі жөніндегі орынбасары Гүлнара Нүпқалиева.

Қалыптасқан жағдайды шешу үшін Атырау қалалық әкімдігінің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Полымбет Хасанов, қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмабек Абдолов, №1 және 18 орта мектептердің директорлары мен оқу бөлімінің меңгерушілері бар. Мектептегі проблемамен танысқан Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов мектеп кітапханасын оқу сыныптары етіп қайта жабдықтап, кабинеттердің жетіспеу проблемасын шешуді тапсырды.

«Қазіргі уақытта М.Жұмабаев атындағы №1 орта мектеп үшін жаңа ғимарат құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осыдан кейін мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, жаңа оқу ғимаратын салуға тендер жарияланатын болады. Кабинеттердің жетіспеу проблемасын біз алдын ала шешуіміз қажет. Өз кезегінде біз бастауыш сыныптың оқушылары үшінші ауысымда оқуға және үйлеріне кешкі уақытта қайтуға тиіс еместігін түсініп отырмыз. Сондықтан екінші тоқсан басталғанға дейін мектеп кітапханасын оқу сыныптары етіп қайта жабдықтауды және бастауыш сыныптардың бірқатарын бірінші ауысымға ауыстыруды тапсырамын. Ата-аналардан қалыптасқан жағдайды дұрыс түсінуді және шыдамдылық танытуды сұраймыз»,-деді Полымбет Хасанов.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары П.Хасановтың өкімімен қаланың білім беру мекемелеріндегі проблемалар оқу процесіне әсер етпеуі үшін барынша жедел шешілетін болады.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*