«АТЫРАУ-1999» – ЕЛ ЧЕМПИОНЫ

 

 

Астана-Атырау бағытындағы пойызынан түскен чемпиондарды Атырау вокзалынан ата-аналары, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының, облыстық футбол федерациясының, «Атырау» футбол клубының қызметкерлері және жанкүйерлер таяуда қарсы алды.

 

 Біріншіліктің бастапқы кезеңінде «Атырау-99» командасы он бір ойынды өткізіп, он кездесуде қарсыластан басым болып, тек бір ойында ғана таразы басы тең түсті. Осы көрсеткішпен үздік сегіз команданың қатарына ілігіп, олардың ішінен жартылай финалдық кезеңге жолдама алды.

 

Команданың жаттықтырушысы Қуаныш Қабдуловтың айтуынша, Өскемен қаласында өткен жартылай финалдық кезеңде атыраулық жасөспірімдер алматылық «Қайрат-1999» пен оралдық «Ақжайық-1999» командасын 3:0 есептерімен тізе бүктірді. 

 

Бұл жетістіктері арқылы жерлестеріміз ақтық сын кезеңінен көрінді. Бұл кезеңде алаң иелерін 3:2 есебімен жеңіп, павлодарлық «Ертіс-1999» командасын 7:1 есебімен ұтты. Осы екі ойыннан соң ұпай саны бойынша ел чемпионы атанды. Яғни, «Ордабасы-1999» командасымен өткен соңғы кездесудің нәтижесі бұл жетістікке еш әсер етпейтін болды. Сондықтан, «ордабасылықтардың» қақпамызға енгізген бір голы ештеңе шешпеді.

 

Біріншілік қорытындысымен Алексей Блинов  «Үздік шабуылшы» атанса, команда капитаны Аманжол Ерасыл «Үздік ойыншы» болып танылды.

 

Команданың құрамында облыс орталығымен қоса, Индер, Махамбет, Құрманғазы аудандарының балалары бар, – дейді команда жаттықтырушысы Қуаныш Қабдолов. – Ақпан айында футбол орталығы ашылып, облыста футбол спортын дамытуға үлкен септігін тигізіп келеді. Орталық ашылғалы бері жаттықтырушылық үрдіс толықтай өзгерді. Қазір біз Қазақстанның футбол федерациясы жасақтаған неміс футбол мектебі бағдарламасымен жұмыс атқарудамыз. Осыған орай, қызметіміз жаңа бағыт алды деуге болады. Бұл біріншіліктен балалар көп нәрсені үйренді деп ойлаймын. Егер олар жан-жақты дайындалса, шын ниетімен берілсе, бірер жылдан соң Премьер-лига ойындарында облыс намысын қорғап жүрген «Атырау» футбол командасының құрамына кіруге және кәсіби футболшы атануға барлық мүмкіндіктері бар.  

 

Команда капитаны, «Үздік ойыншы» Аманжол Ерасыл барлық команда үздік ойын өрнегін көрсеткендігін айтады. «Тек біріншіліктің ІІІ турында Шымкенттің «Ордабасы-1999» командасымен өткен ойын қиын болды. 1:0 есебімен жеңісті уыстарынан суырып алғандай болдық,» – дейді ол. Футболға «Атырау футбол командасының қосалқы құрамында өнер көрсетіп жүрген Алтынбек Сапаровтың кеңесімен 11 жасында келген Аманжолдың аталған спорт түріне деген көзқарасы осы үш жыл ішінде мүлдем өзгерген. Чемпионат барысында алты голдың авторы атанған Аманжолдың анасы Гүлима Қызылбаева ұлының футбол десе, «ішкен асын жерге қоятынын», бірде-бір жаттықтыруды жібермейтінін айтады.

 

«Атырау» футбол клубы жанынан футбол орталығы ашылғаннан бері аз уақыт өтсе де, балаларымыз үлкен жетістікке қол жеткізіп отыр. Бұл жеңіс– Атырау үшін зор мақтаныш. Балалар болашақтан үлкен үміт күттіреді. Болашақта «Атырау» футбол командасының негізгі сапында ойнайды деген зор үмітіміз бар. Оларды алға қарай жаттықтырып, тәрбиелеп жіберу керек, – дейді «Атырау» футбол клубының директоры Асылбек Жүнтербаев.   

 

«Жеңісің үшін рахмет», «Атырау» – чемпион» деген жазуы бар плакаттармен чемпиондарды қарсы алған жанкүйерлер саны тым көп болды. Ойыншылар да олардың қолдауын сезгендерін айтады.

 

Балаларды чемпион етіп тәрбиелеген жаттықтырушы Қуаныш Қабдоловқа алғысымыз шексіз. Ол жас болса да балаларды тәрбиелеп, қатты талап қойып, жетістікке жеткізіп келеді. Ата-ана ретінде футбол орталығының жұмысын бақылап, байқап жүрміз. Біз де үлкен қуаныш үстіндеміз. Балалармен жұмыс жақсы жүріп жатыр. Команда құрамы жақсы. Осы жеңіспен балалар шектелмейді деп ойлаймыз, –  дейді Аманбай Тұрғарин.  

 

Қарсылас қақпасына 18 рет допты енгізген шабуылшы Алексей Блинов та бізбен өзінің қуанышты әсерімен бөлісті.

 

Алексей Блинов, команданың үздік сұрмергені: «Чемпионаттың, әсіресе, финалдық кезеңі тартысты өтті. Барлық команда да жеңісті қолдан жібермеуге тырысты. Алайда, біз жүйе арқылы ойнаудың нәтижесінде жеңіске жеттік. Чемпион атану – үлкен қуаныш. Зор ілтипатпен күтіп алған барлық жанкүйерлерге алғысымыз шексіз».   

 

Футболда қақпашыға да жүктелер жауапкершілік зор. Командамыздың қақпашылары Әзиз Сахиполлаев пен Сұлтанбек Пангереев чемпионат бойына аз гол жіберіп, команданы жеңіске жеткізуге үлкен үлестерін қосты.

 

Командалар жақсы дайындықпен келген, бірақ біз тек өз күшімізге сендік, – дейді қақпашы Сұлтанбек Пангереев. – Алты матчта алаңға шықтым. Соның ішінде, «Восток-1999» командасының шабуылы басым болды. Олардың сапында жедел жылдамдықпен қимылдайтын екі ойыншы бар, тепкілері де мықты. Қалған командалар да алаңда белсенділік танытуға тырысып жүрді. Футбол – мен үшін ең сүйікті спорт түрі. Енді ажырамаймын деп ойлаймын. Қақпашылардың өзіндік жаттықтырушысыХангерей Мұхамбетов те бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Бұл жеңіс – менің өмірімдегі ең алғашқы үлкен жетістік.  

 

Ал, Әди Мұсабаев өзі ең сүйікті командасы «Атырау» футбол командасы екендігін және ең үздік ойыншы деп «Атыраудың» ФК-ның капитаны, жергілікті футболшы Валентин Чуреевті есептейтінін айтады.   

 

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асан Раушанов пен футбол орталығының техникалық директоры Владимир Григорьев та сөз алып, чемпиондарды құттықтады.

 

Атыраулық жас футболшыларға біз де сәттілік тілеп, жеңістерімен құттықтадық. Болашақта облыс намысын жоғары лигаларда асқақтатып, чемпиондық дәрежеге жете бергейсіздер, «атыраулықтар»!

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*