«Аты қалса, бұл жалғанда өлмес ер»

Мен – бұл күнде жасым тоқсанға таяса да, баспасөз беттерін бір шолып өтіп, ел іші өзгерістеріне елең етіп, қоғам қозғалысына құлақ тігіп отыратын көнекөз қарттардың бірімін. Өйткені, біз бүкіл саналы ғұмырымызды ұстаздыққа арнап, бар білік-білімімізді шәкірт тәрбиелеуге жұмсадық емес пе?

«Аты қалса, бұл жалғанда өлмес ер»

Шәкіртім Арынғазы Мырзағалиевтің орны мен үшін ерекше еді. Біздің әкелеріміз де, біздер де Жайықтың табиғаты тамаша жағалауында ірге көтерген бұрынғы Құлтай, бүгінгі Алға ауылында өстік. «Егемен Қазақстанда» үстіміздегі жылдың 9 ақпанындағы санында ол туралы жазылған «Жайыққа тартып туған ұл еді», 15 ақпандағы «Атырау» газетіндегі «Ұлтын сүйген ұл», «Ел қадірін, жер қадірін ұғынған» атты мақалалар ойыма ой қосқандай болды. Мектепте оқып жүрген кездің өзінде Арынғазының жүріс-тұрысы, білімге деген құштарлығы, мектепішілік шараларға қатысуы оның қабілетті, дарынды жас екенін айтпай-ақ аңғартып тұратын. «Ағай, жеке басыңызға қатысты шаруа болса, тапсырыңыз, әрдайым  әзірмін» дейтін еді-ау. Онысын менің 80 жасқа толған мерейтойымды ұйымдастыруда нақты дәлелдеді. Арынғазының жұмыс үстіндегі белсенді әрекеттері, тұшымды ой-пікірлері көпшілікке аян. «Жігіт болсаң, Арынғазыдай-ақ бол!» десетін өзге жұрт.

Әрине, оның ұлағатты қасиеттерін бүгін бір демде айтып шығу мүмкін де емес. Әйтсе де қолыма қалам алып, жоғарыдағы жолдарды жазуыма «Егемен Қазақстандағы» мақала себепкер болды және мені қатты толқытты. Қолымызда өскен бала ғой деп, ортамызда жүргенінде қадірін жете біліп, ардақтай алмадық па деп те ойлаймын. «Сырт көз – сыншы» дегендей, оның нағыз сегіз қырлы, бір  сырлы азамат болғанын мақала авторлары, елге кеңінен танымал жазушы, журналистер шын көңілдерімен ақтарыла айтыпты.

Айналайын Арынғазының ізі Атыраудың қай жері үшін де ыстық қой. Махамбет – туған ауданы, Алға – туған бесігі, ал, Атырау – өкше тоздырып, қайраткерлер сапында еңбек еткен, қарымды қаламынан талай тұшымды туынды туған қасиетті орта. Осы үшеуінің, қайсысы болсын, бір пұшпағында «Арынғазы Мырзағалиев атындағы көше» деген тақта тұрса, мен оны аяулы азаматтың үлгі-өнегесімен, ерен еңбегімен ортамызда тірі жүргені деп білемін. «Аты қалса, бұл жалғанда өлмес ер» деген ұлағат бекер айтылмаған шығар…

Құсиын АЙТҚАЛИЕВ,

КСРО Халық мұғалімі,

Махамбет ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*