Атауы өзгерген ауылдар

Аудан хабарлары Жаңалықтар Шаһар шырайы

Тәу етер тәуелсіздігіміз тарту еткен тәбәріктердің бірі ­­– жер, су атауларының ана тілімізде аталуына қол жеткізілуі. Мұның әсіресе, қазіргідей Мәңгілік ел, біртұтас ұлт болуға ұмтылып, қоғамымызды баянды болашаққа бастайтын рухани жаңғыру кезеңін бастап, ұлы даланың жеті қырына қайта бір үңіліп, төл тарихымызды түгендеуге бағыт алған кезеңде маңызы арта түсері кәміл.

Атауы өзгерген

Бұл үрдіс тәуелсіздіктің елең-алаң шағынан қолға алынып, орталықтан бастап өңірлерде жалғасын тапты. Содан бергі кезеңде ұлан-байтақ республикамыздың барлық аймақтарында өзге тілде аталып келген елді мекендер жанымызға жақын, жүрегімізге жылы тиетін қазақша атауларды иеленді.

Мәселен, Махамбет атындағы ауданда бірнеше ауыл тарихи тұлғалардың есімдері мен байырғы атауларын еншіледі. Осылайша, 2006 жылдың  шілде айындағы Атырау облыстық мәслихаты мен облыстық әкімдіктің бірлескен шешімімен Чкалов селосына Бейбарыс, осы округке қарасты Редут ауылына Талдыкөл, Сорочинкоға Аққайың, Ақтоғай ауылдық округіндегі Топайлы, Канал елді мекендеріне Өтешқали Атамбаев, Бала Ораз есімдері берілсе, Карманов ауылы Кеңөріс деп аталды.

Мәселен, бұрынғы Чкалов селосы – іргелі шаруашылықтардың бірінен саналып келген «Первомайский» кеңшарының орталығы болып, бірнеше ұлт пен ұлыстың ортақ шаңырағына, халықтар достығының шағын аралына айналған, тату тірлігі мен баянды бірлігі жарасқан мекен. Тәуелсіздік жылдарында осы ауылдың тұрғындары қалыптасқан дәстүрінен жаңылмай, әр күнін жақсылықпен, мерекемен жалғастыруда.

Талдыкөлде (бұрынғы Редут ауылы) «Интергаз – Орталық Азия» магистралды газ құбырының желілік-өндірістік учаскесі, газ айдау стансасы орналасқан. Бұрын кеңшардың бөлімшесі болған бұл ауылда «Шодыркөл» шабындығы бар. Пішенші-механизаторлар осында қона жатып, қысқа қажетті мал азығын дайындайды. Соңғы жылдары мұнда типтік жобадағы мектеп пен балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бірқатары күрделі жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай қайта жаңғыртылды.

Жайық өзенінің бір мүйісінде орналасқан Сорочинко ауылының Аққайың аталуының да өзіндік себебі жоқ емес. Өйткені, мұнда көптеген ағаш түрлері, соның ішінде қайыңдар да өседі. Айналасына көрік беріп қана қоймай, ықтасын-пана болып та тұрды. Кейінгі кездері бұл жер атыраулықтардың демалыс орнына айналды.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өтешқали Атамбаев есімін еншілеген бұрынғы Топайлы ауылы да – Жайық бойындағы жанға жайлы, шаруаға ыңғайлы елді мекендердің бірі. Қазіргі уақытта мұнда тәуелсіздік жылдарында құрылған бірнеше шаруа қожалығы атакәсіппен айналысып, мал шаруашылығын дамытуда. Оған қоса, егіншілікпен де шұғылдануда. Ел аузында «Канал» атанып кеткен, бүгінде Бала Ораз ақынның атымен аталатын шағын ауылды кезінде Чапаев атындағы кеңшардың егіншілер бригадасы мекендеген еді. Бұл ауылдың да соңғы жылдары ажары кіріп, бір кездері үдере көшкен тұрғындары қайтадан қоныстана бастады. Өйткені, мұнда да ел қатарлы таза ауыз су құбыры тартылып, табиғи газ желісі, жаңадан электр жүйесі жүргізілді. Жолдары жөнге келтіріліп, орталықпен және көршілес елді мекендермен қатынас жақсарды.

Кеңөріс аталғалы бері бұрынғы Карманов ауылының да өрісі кеңіді. Шаруа қожалықтары мен жекелеген шаруагерлер осы жерде атакәсіпті қолға алып, қыр төсін төрт түлік малға толтырды. Өркениет көшінен де қалыс қалмады. Ауылға апаратын асфальт жол төселді. Өзге де инфрақұрылымдары жақсарды. Тұрғындардың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдайлар туғызылды.

Дәулетқали АРУЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *