АТАУЛЫ ДАТАҒА – АЙРЫҚША ДАЙЫНДЫҚ

 

«11 қыркүйек күнi бiз түркiтiлдес елдер басшыларының кеңесiн өткiземiз. Оған Қазақстан, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерiнiң басшылары қатысады. Белгiлi себептерге байланысты Түркия Президентi бұл кеңеске қатыса алмайды, бiрақ, Түркия елiнен жоғары лауазымды қонақтар келедi», – деп хабарлады Сыртқы iстер министрi.

Айта кетелік, бұл күндерi Қазақстанда Қазақ хандығының 550 жылдығын ауқымды түрде мерекелеу басталады. Бірнеше күннен кейін Астанада Мемлекет басшысының және көптеген шетелдік қонақтардың қатысуымен осы елеулі оқиғаға байланысты мерекелік салтанаттар өтеді. Оның ауқымында Қазақ хандығымен байланысты мәселелерді зерттеп жүрген әлем ғалымдарының қатысуымен халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылады. Сонымен қатар, 11 қыркүйек күні кешке Астанадағы мұз айдыны сарайында театрландырылған қойылым жоспарлануда. Мереке 12 қыркүйекте елорданың бірқатар көшелері мен алаңдарында жалғасады.

Ал, негізгі шаралардың бірі «Мәңгілік ел» конференциясы, оған Қазақ хандығының тарихын зерттеген 20 елден арнайы шақыртылған ғалымдар келеді деп күтілуде. Осы шара туралы ОКҚ өткен брифинг барысында толық ақпарат берген ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешов: «11 қыркүйек күні Назарбаев университетінде «Мәңгілік ел» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Шараға еліміздің лауазымды тұлғалары, үкімет өкілдері, танымал тарихшылар қатысады деп күтілуде. Конференцияның мән-мағынасы мен мазмұны ауқымды болмақ. Мысалы, конференция аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қазақ хандығынан Қазақстан Республикасына дейін: жаңа деректер мен жаңа тұжырымдамалар» атты сессия өткізеді. Сондай-ақ, еліміздің Жоғарғы соты «Қазақ құқығы мен билер сотының әлем өркениетіндегі орны» деген сессия ұйымдастырмақ. Жалпы, конференцияға 1500-ден астам адам қатысады. Соның ішінде, 20 елден Қазақ хандығының тарихын зерттеген ғалымдар мен тарихшылар шақырып отырмыз», – деп айтып өтті.

Ал, белгілі тарихшы, БҒМ Мемлекеттік тарих институтының директоры Бүркітбай Аяған нақтылап өткендей, тарихшылар АҚШ-тан, Франция, Италия елдерінен келеді екен. «Елбасының тапсырмасына орай, Үкімет қаулысымен былтыр осы уақытта тойлана бастаған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аяқталып келеді. Бірақ, бұл зерттеу жұмыстары тоқтайды деген сөз емес. Мерейтойдың қорытынды шаралары өтеді, бірақ, ғылыми зерттеу жұмыстары жалғаса береді. 11 қыркүйек күні Астанада өтетін ғылыми конференцияның мазмұны өте салмақты. Себебі, оған Қазақ хандығының тарихын зерттеген, жалпы, қазақ ұлтының тарихын білуге ынтық АҚШ, Италия, Франция, Башқұрстан, Татарстан және басқа да елдердің ғалымдары шақырылып отыр», – деді Б.Аяған.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*