АТА ЖОЛЫН АРДАҚТАП…

Бұл жер бір кездері Аманбай атаның мекен еткен жері болатын. Аталмыш шараға Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан арнайы қонақтар шақырылды. Шараның ашылуында имам Мұхамеджан Исламұлы ата рухына бағыштап дұға оқыды.

Ақмешіттің имамы Ислам қажы Мырзабекұлы «Әулие ата Аманбай» атты баяндама жасады.

Тәуелсіздік алғалы Пір Бекет, ақылман Асан-Қайғы, дауылпаз Доспамбет, шарболаттай Шалкиіз, кәрі жорға Қазтуған, бекзат Бөкей, маңғаз Мақаш, жалаугер Исатай мен Махамбет, жалды Құрманғазы, дегдар Дина өмірге келген аймақта, яғни, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде 1850-1932 жылдар аралығында өмір сүрген «тілімен айтқаны келіп, көзімен атқаны құлаған», алдағыны болжайтын көріпкел, сондай-ақ, Алла Тағаланың құдіретімен ұшатын қасиетке ие Аманбай ата Жетемісұлы есімі зор құрметпен аталады.

«Аманбай атаның мәңгілік мекені Маңғыстау облысының Қарақия ауданына қарасты Мешітсу деген жерде, – деген Ислам Мырзабекұлы осыған дейін атаға ас беру, кесенесін тұрғызу, қонақ үйін салуға үлкен үлес қосқан азаматтарға алғысын айтты.

Аудандық мешіттің найб имамы Серік Ясин Аманбай атаның әкесі Жетемістің рухына құран-хатым оқыды. Келесі кезекте атаны еске түсіруге, осы шараның өтуіне үлкен еңбек сіңірген бір топ азамат марапатталды. Олар – облыстық мәслихат депутаты Сүйінішбек Әбуғалиев, «БТ» корпорациясының директоры Тілепберген Сатыбалдыұлы мен белгілі азаматтар Қошқарбай Оңғарұлы, Бисенбай, Тұмаш Ауданбаевтар, Тұрғанбай Сәулеұлы және тағы басқалары.

 Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов аудан төңірегінде рухани және мәдени құндылықтарды дәріптеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ал, Жұмабай Ешманұлы Аманбай ата жайында естіп-білген естеліктерін айтты. «Менің әкем Ешман Аманбайдың шәкірті болып, оған үш күн ерген. Сол үш күнде Ешман Аманбайдың қайырымдылығы мен мейірімділігіне куә болған. Үш күннен соң Аманбай Ешманға ақ батасын береді. «Шырағым, заманың алдыңда, бірақ сенің бұл істі жүргізуіңе кедергі көп болады…» дейді. Расында, әулиенің айтқаны дәл келіпті», – дейді ол.

Шара кезінде «Оғланды» мешітінің шырақшысы Тұрғанбай Сәулеұлы, маңғыстаулық еңбек ардагері Бисембай Ауданбаев, Базарбай Жарылғасынұлы, Аманбай атаның жиендері Жұмагүл Мұқанқызы, Бейбіш Сауытбайқызы ата туралы қызықты да тартымды әңгімелер айтты.

Ақмешіттен шығып, шығысқа қарай 45 шақырымдай жол жүріп, Аманбай тоғайындағы «Әулие ата Аманбай» қонақ үйіне келдік. Қонақ  үйді өз қаражатына Сүйінішбек Құрманбайұлы салғаны туралы тақта ілініпті. Сөйтсек, бұл азаматтың ата жолына мұншалықты көңіл бөлуінің өзіндік себебі бар екен.

– Бірде Аманбай атаның рухына арнап бір мал сояйын деп жанұяммен Ақмешіт басына келген болатынбыз. Кенеттен қатты жел тұрып, шаң көтеріліп кетті. Ислам аға бұл тегін еместігін айтып, бізді Аманбай атаның жертөлесінің орнына алып келді. Сол-ақ екен, жел тыйылып, күн ашылып, керемет болып кетті. Сол жерде малымызды сойып, басына түнедік. Кейіннен жанұяммен ақылдасып, мұндай қасиетті жерге келіп, дертіне дауа іздеген жандар үшін жағдай туғызуды жөн көрдік. Сөйтіп, түнек үйін салу үшін қажетті құрылыс материалдарын алып келе жатқан кезде қатты жауын болып, көліктер қиындықпен жетті.

Маңғыстаудағы Аманбай ата кесенесін салу кезінде де дәл осындай жағдай орын алған екен. Дегенмен, құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде ешқандай қиындықтар болмай, екі ай он күн дегенде қонақ үй толықтай салынып бітті, – дейді Сүйінішбек Әбуғалиев.

Шарада ақын Айсұлу Қадырбаева аудан әкімі Мақсым Шафихұлы мен Ислам қажыға «Қазығұрт» баспасынан жуырда жарық көрген өзінің «Шың-құз» атты кітабын сыйға тартты. Ақынның бұған дейін де «Барып қайт, балам, ауылға» атты жыр жинағы шыққан болатын. Ал, «Шың-құзда» ақын Айсұлудың «Шыңғыс хан», «Өсиетнама», «Ғасыр» атты таңдамалы дастандары мен өзге де туындылары еніпті.

Сонымен бірге шарада Жетібай қаласының тұрғыны Сағдат Алтыбаев домбырамен күй тартып, термелетсе, ауданның жас ақындарының бірі Асыланбек Шығыров Аманбай атаға арнау өлеңін оқыды.

Ақын Сәрсен Қыдыр  да  Аманбай атаға арнап шығарған өлеңін оқыды. Ақын Қонаш Қалдыоразов Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында өткізіліп отырған шараға байланысты өзінің ой-пікірін ортаға салса, республикалық Мұхит Мералыұлы атындағы байқаудың лауреаты, әнші Ажар Сейтенова қасиет дарыған ата туралы жыр-термелерді орындап, көп қошеметіне бөленді.

Қайрат  ДҮЙСЕНБЕТОВ,

Жылыой  ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*