Ата Заңымыз – бірліктің кепілі

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Конституция – Қазақстан халқы бірлігінің кепілі» атты Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған жалпы республикалық акцияға атыраулықтар да үн қосты. Шара аясында облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде аймақ жастары мен еңбек ардагерлерінің қатысуымен кездесу өтті.

%d0%b0%d0%ba%d1%86%d0%b8%d1%8f-%d0%b0%d0%b9%d1%88%d1%8b%c2%ac%d1%82%d0%b0%d1%80%d1%8b2

Басқосуда акцияның негізгі мақсатына тоқталған аталған мекеме басшысы Тамара Аман-Турлина бұл шараға алдыңғы буын өкілдері мен студент жастарды шақыруда үлкен мән-мағына жатқандығын атап айтты.

– «Конституция – Қазақстан халқы бірлігінің кепілі» атты акция бүгін республикамыздың барлық облыстарында бірдей өтуде. Осы акция аясында ұйымдастырылған кездесуге этномәдени бірлестік жетекшілері, Атырау мұнай өңдеу зауытының ардагерлері мен колледж студенттері қатысып отыр. Тәуелсіздік жылдары елдің дамуына қызмет етіп, ауызбіршілікті сақтай білген алдыңғы буын ағалардың жүріп өткен жолынан бүгінгі ұрпақ үлгі-өнеге алуы тиіс. Сол себептен де, аға буын және жас ұрпақ өкілдерінің басын қосып отырмыз, – деді Тамара Өтегенқызы.

Жиын барысында «Қазақстан Республикасының Конституциясы – құқықтық мемлекеттің қайнар көзі» тақырыбында баяндама жасаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Әділбек Тұрдалиев Ата Заңның қалыптасу тарихына тоқталды. «Қазақстанның конституциялық даму үдерісінің бай тарихы бар. Ол қазіргі уақыттағы мемлекеттік құрылыстың тарихи міндеттерін шешуде үлгі бола алады. Ата Заңымызда көрсетілген демократияның негізгі институттарының қызмет етуі алға жылжудың дәлелді көрінісі болды. Бұл 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциямыздан айқын байқалды. Оның бірінші бабында мемлекетіміздің басты байлығы адам және оның бостандықтары  екені жазылып, еліміздің тәуелсіз, демократиялық, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде құқықтық статусы бекітілді. Бүгінгі таңда заң саласында қайта құрулар жалғасуда. Себебі, Қазақстанның 30 алдыңғы қатарлы әлем елдерінің қатарына қосылуға ұмтылысы заң саласындағы реформаларды қажет етуде», – деді ол.

%d0%b0%d0%ba%d1%86%d0%b8%d1%8f-%d0%b0%d0%b9%d1%88%d1%8b%c2%ac%d1%82%d0%b0%d1%80%d1%8b3

Шараға қатысқан осы оқу орнының аға оқытушысы Жанаргүл Хамметова да «Конституция – демократиялық, өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізі, басты нормативтік актісі» екендігін атап өтті.

– Елбасы «Конституция біздің Тәуелсіздігімізді нығайтып, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті» деген болатын. Бүгінгі біздің Ата Заң  – «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысының» заңды жалғасы. Ата Заңымыз – әлемге Тәуелсіз ел екендігін танытып, азаттығыңды асқақтататын, құқығыңды сақтайтын құжат, – деді сөз барысында.

Сондай-ақ, кездесуде «Тәуелсіздік жылдарындағы конституциялық реформалар», «Бала құқығын қорғау бүгінгі күннің өзекті мәселесі» тақырыптарындағы баяндамалар тыңдалды. Ал, шараға қатысқан Атырау мұнай өңдеу зауыты ардагерлер ұйымының төрайымы Людмила Скоробогатова    зауыттың 19 түрлі ұлт өкілдерінен тұратын 625 ардагері барын атап айтты. Және сол сәтті пайдаланып мерейлі жасқа шыққан зейнеткерлерді аталмыш мекеменің Алғыс хатымен марапаттады.

Конституцияға арналған жалпы республикалық акция аясындағы шаралар одан әрі мектептердегі ашық сабақтар мен сурет конкурстарына жалғасты.

Мәлике МӘЛІК

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*