Атаңа не қылсаң…

Қоңыр күз басталып кетсе де, күннің шуағы әлі де кете қоймаған сәулелі сенбінің бірі еді. Біраз серуендеп қайтуға Жайықтың жағалауына келдім. Жұртшылықтың дені осы маңда дерсің. Қол ұстасқан ғашықтар, сәбиін көтерген аналар, асыр салған балалар – бәрі осы жерде тынығуда. Жағалаумен жүріп бара жатып, қолындағы ағаш балдағына сүйеніп тұрған қарияны көзім шалды. Әбден шаршаған, тіпті жүруге де шамасы жоқтай көрінді маған. Сырқаттанып тұрған жоқ па деген оймен жанына барып, «ата, тал түбіндегі орындыққа отырасыз ба?» дедім. Жәймен ғана маған қарап, басын изегендей болды. Қарттың қолынан демеп келе жатып, «ауырып тұрған жоқсыз ба, сізге не болды, дәрігер шақырайын ба?» деп тағы сұрадым. Бірақ, қария біразға дейін үн қатпады.

267

Қилы-қилы тағдыр

Тек орындыққа жақындаған сәтте ғана:

«Қарағым, мені қайтесің, жасарын жасаған, асарын асаған адаммын ғой, жолыңнан қалма. Көп жаса! Қартайғандық па, кез келген нәрсені көңілге алатын болыппын. Бала-келіннің көңіліне қараудан әбден шаршадым, салымның суға кеткені содан. Тыныштық іздеп, тынығып, ойланып кеткен сәтім ғой», – деді ол. Ақсақалдың дауысынан еріксіз байқалған дірілді сезген мен де өз жолыммен кете бардым.

Иә, жер бетінде қанша миллиард адам болса, сонша миллиард тағдыр бар. Дегенмен, бейнетінің зейнетін көретін, немере-шөберенің ортасында отбасының жылылығына бөленіп, бақытты ғұмыр кешетін шағында қарияның көңіліне кірбің келтірген кім? Отбасының берекесін қашырып, ақсақалын өмірден түңілткен қандай адам?

Ертеректе қазақ қоғамында аға буынның сөзін бөлу, алдын кесу, жолын бөгеу, жаға жыртысу деген секілді жат қылықтар болмаған. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деп барынша ақсақалын құрметтеуге тырысқан. Себебі, өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелі, білімді етіп өсірген қарттың өзін де, сөзін де асыл санаған. Бірақ, мен жағалауда жолыққан қартқа қарап, бұл үрдістердің барлығы бүгінде біртіндеп өзгеріске ұшырап бара жатқанын көргендей болдым.

«Неменеге жетістің бала батыр…»

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында жатыр» деген. Бұл хадис жиі айтылғанмен, оның мағынасына терең мән беріп жататындар аз. Өйткені, ата-анасын бағып-қағудың орнына, басы артық заттай қарттар үйіне апарып тастауды дұрыс санайтындар бар. Жалпы, қарттар үйі туралы түсінік қазақ жерінде кеңес үкіметі тұсында пайда болған деседі. ХХ ғасырдың 50-60-жылдарында құрылып, әлеуметтік жағдайы төмен, еңбекке жарамсыз азаматтардың тұрмыс деңгейін қолдау мақсатымен жұмыс істей бастаған. Материал жазу барысында көптеген елдегі қарттар үйі немесе интернаттар жалғыз басты қарияларға пана ретінде жұмыс жасайтынын білдік. Өкінішке орай, бізде мұндай орталық балалары бас тартқан қарттардың да тұрғылықты жеріне айналып барады. Осыны ескерсек, ата-ананы сыйлау, құрметтеу, адамгершілік секілді қазақ қоғамына тән асыл қасиеттер құлдырап бара жатқандай көрінеді.

Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш бәрі бірдей болмаса да, көмекке мұқтаж қарияларды қамқорлап, қолғабыс етіп жүрген жастардың барын айтады.

«Мұның өзі жастардың отбасында дұрыс тәлім-тәрбие алғанын көрсетеді. «Жеңіс» атты қайырымдылық қоры туралы ерекшелеп тоқталғым келеді. Құрамы студент-жастардан тұратын еріктілер тобы, ардагерлерімізге азық-түлік себеттерін апарып қана қоймай, үй шаруашылықтарына да қолғабыс етеді. Қар күреу, ауланы қоқыстан тазалау секілді жалғызбасты қарттардың әлдері келмейтін жұмыстарын жасап береді. Сондықтан, біздің аймақта еріктілер тобының жұмысы жақсы дамығанын айтқым келеді. Бұл қоғамдық жұмысымда талай нәрсеге куә болдым. Ата-анасын алақанына салып аялайтындармен қатар, бағуды қажет санамайтындар да бар. Асыраушысы барларды қарттар үйі негізінен қабылдамайды. Зейнетақыларын баласы ащы суға жұмсайтындықтан, орыс ұлтының өкілі жұбайы екеуін қарттар үйіне орналастыруға бізге өтініш жасаған. Олардың баласы болғандықтан, қартты аталған орталыққа жатқызу оңайға соқпады», – дейді ол.

Еуропа елдерінің қарттар үйлерінде көбінесе ешқашан некеге тұрмаған немесе балалары жоқ әйелдер тұрады. Испания мен Грецияда 15-20 адамға арналған қайырымдылық қорлары мен жеке адамдар ашқан кішігірім интернаттар құру кеңінен тараған. Ал, Данияда 2002 жылдан бастап қарттарға арналған интернаттың орнына егде адамдардың қажеттіліктеріне бейімдендірілген жеке тұрғын үйлер салынады.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетовтың айтуынша, аймақта Ұлы Отан соғысына қатысқан 26 ардагер бар. Жылыой ауданында – 2, Махамбет пен Индерде бір-бір ардагерден қалса, ал, қалған 22-і облыс орталығында тұрады. Тыл еңбеккерлерінің саны 3 772, ағымдағы жылдың бірінші қаңтарына дейінгі облыстағы зейнет жасына жеткен ардагерлер  саны 54 836-ға жетіп отыр.

«Қарттарға деген құрметті күнделікті қоғамдық көліктердегі жастардың орын беру әрекетінен-ақ байқауға болады. Бұрын үлкен кісі келе жатса, жасы кішілері орын беретін, қазірде мұндай тәрбиелі ұрпақ жоқ дей алмаймыз. Дегенмен, келеңсіз жағдайларды кезіктіріп жататын кездер де болады», – дейді ол.

P.S.Қазақ – қариясын құрметтеген халық. Әке-шешесін еш уақытта қамқорлықсыз, назардан тыс қалдырмаған. Себебі, халқымызда «үлкенді сыйлау» деген дәстүр, қағидат мықтап орныққан. Десек те, кейде  қоғамдағы келеңсіз көріністерге куә болып, қарттар үйіндегі жәудіркөз қарияларды көріп «үлкеннен құт неге қашты?» деген ойға қаласың.  «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген керемет тәмсіл күнделікті өмірде қолданысқа енсе, ақ пен қара қатар жүретін бүгінгі қоғам ізгілене түсер еді…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*