АТ СПОРТЫ ҰЛТТЫҚ РУХТЫ КӨТЕРЕДІ

Қазақ «жылқы – ер қанаты» деп оны жеті қазынаның біріне балаған. Десек те, ат спорты бойынша Атырау кенже қалған облыстардың бірі болып келгені жасырын емес. «Көкпар», «Бәйге», «Қыз қуу», «Теңге ілу» және басқа да ұлттық спорт түрлерінен атыраулық жастардың көбі бейхабар. Енді Жылқы жылы Атырауда ұлттық спорт түрінің бірі – ат спортын дамытатын үлкен серпіліс кезеңі болмақ. Өткен жылдың желтоқсанында ашылған ұлттық спорт түрлерінің облыстық клубы бұған жан-жақты мүмкіндік  туғызғалы отыр. 

Қазір мұнда еліміздің әр өңірінен 15 шақты ат жиналған. Облыс құрамасы да жасақталып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы жаттықтырушы да шақыртылыпты. 

– Әсіресе, «Көкпарға» қатысатын сәйгүліктер мықты болуы керек, – дейді облыстық ұлттық ойындар қауымдастығының төрағасы Өнербек ЖАНБАЛА. – Сондықтан, оларды таңдағанда да күштілігіне ерекше мән беру қажет. Бәйгеде ағылшын сәйгүліктері, араб тұлпарлары мықты болса, жылқының жүйріктігі мен жігіттің күштілігі қатар сыналатын  Көкпарда қызу қанды аттар  алдына жан салмайды.

Ел чемпионаттарына, түрлі деңгейдегі жарыстарға, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарына үнемі атыраулықтар қатыса алмай жүретін еді. Қазір өңір құрамасы жасақталып жатыр. Биыл сәуір-мамыр айларында өтетін ел чемпионатына Атырау облысының құрамасы алғаш рет шыққалы отыр. Үмітіміз зор.

Мал азықтары Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан алынады екен. Өйткені, арпа, сұлы да біздің өңірде өсірілмейді. Сонымен қатар, аттарды арнайы медициналық тексерістен өткізіп тұру да  керек. 

– Бізге ветеринар маманы қажет. Қазір бұл салада бізде мамандар өте аз. Жастарымыз бұл мамандыққа бет бұрмай тұр. Сондай-ақ, аттардың уақтылы тамақтануы, демалуына үлкен көңіл бөлу қажет. Оларды арнайы кесте бойынша жаттықтыру керек, – дейді Ө.Жанбала. – Осы уақытқа дейін футбол, хоккей, баскетбол, волейбол, дзюдо, таэквондо сынды спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп келді. Бұлар әлемдік және олимпиадалық спорт түрі ғой. Оларды дамытқан жөн, әрине. Дейтұрғанмен, өзіміздің де ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауымыз керек. Өз мәдениетімізді өзіміз дамытпасақ, басқалар тіптен қажет етпейтіні анық. 

Өнербек Жанбаланың айтуынша, атыраулықтар арасында бұл спорт түріне деген қызығушылық зор. 

–Ат спортының қыр-сырын меңгеру, аттың құлағында ойнап, дүлдүл шабандоз болу – кез-келгеннің қолынан келмейтін іс. Дейтұрғанмен, жақсы жаттыққан жүйріктер республикалық бәйгелерде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Мәселен, Айқоңыр деген тұлпарымыз көптеген аламанда топ жарып, бірнеше рет бас бәйгені алды. Негізгі аты Осми  еді, бірақ, біз оны  Айқоңыр  деп атап кеттік. Қазір ол қартайды. Тек одан тұлпар алып отырмыз. Сондай-ақ, Лашынқара есімді атты да ерекше атап кетуге болады. Ол – мұндағы ең мықты аттардың бірі, – дейді ол. 

Ат спорты алаңы Орал, Ақтөбе қалаларында ашылғанына көп уақыт өтті. Ұлттық спорт мектептері де ел игілігі үшін жұмыс жасауда. Ал, біздің өңірде мұндай алаң болмағандықтан, облыстық деңгейдегі аламан жарыстарды өткізуге де мүмкіндік болмай келді. Ал, көршілес облыстарда жылына төрт-бес рет әртүрлі деңгейдегі бәйгелер ұйымдастырылып тұрады. Осыған орай, облыста атшабыс алаңын салу мәселесі көтерілуде. Қазір бұл алаңды салуға жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Ағымдағы жылы бұл игілікке де қол жеткізіп қалуға үміт зор. Бір қуантарлығы, атшабыс алаңын салуды облыс басшылары қолдап отыр.

Ұлттық спорт түрін дамыту, соның ішінде, ат спортын жандандыру жекелеген адамдар үшін ғана емес, бүкіл облыс халқы үшін қажет. Өйткені, онда жастарды елді, тарихты, ұлттық дәстүрді қадірлеуге баулитын тәрбиелік мән бар.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*