АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ

Маған осы бір кездесу ой салды. Марқұм әкесі Өтеп жездеміз Маңғыстау мұнайының жаңа игеріле бастаған тұсында оның келешегі, Өзен қаласының өзекті мәселелері жайлы үлкен бір жиында ой қозғап тұрып, жан тапсырып еді. Енді, міне, оның ұлы да сол мұнайшылардың қамын жеп, өз  ойларын ортаға салды, келелі кеңестер айтты, араға ай салмай дүниеден озды. Не деген ұқсастық!

Нұрланның осындайда еске алар бір ерекшелігі  – алдына қызмет салып келген адамдардың өтінішін мүмкіндігіне қарай қисынын келтіріп, тез шешетін. Бұл ретте ол барынша қарапайым, ақкөңіл, сезімтал және кеңпейіл болатын. Оның мұндай ел азаматы атанып, халықшыл болып өсуіне туған жеріне, Отанға деген сүйіспеншілігі арқасынан қаққан ата-анасының әсері мол болды деп ойлаймын. Қазақ білмесе «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демейді ғой.

Әлі есімде, біздің үй Балғымбай атамыздың отбасымен екі үйдің бірі болып араласты. Қырқыншы жылдардың аяғы осы Нұрланның дүниеге келген кезі ғой. Атамыз бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен елде енді ғана кітап болып шығып жатқан «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды» жырлары мен «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай» ертегілерін ежіктеп оқып отыратын. Сөйтіп, ол кіп-кішкентай немерелеріне ерлік, батырлық жайлы жыр оқып, жастай жүректеріне жеткізді. Ал, Өтеп аға болса, үйге бірде-бір баланың даусын көтеріп, жылап келуіне рұқсат етпейтін. Өйткені, қандай да бір келіспеушілік сол сәтте шешілуі керек. Бірде Нұрлан даладан арыз айтып келгенде, ол әке ретінде келіспеушіліктің неден, қалай басталғанын сұрап алды да, оның қалай шешілуі керек екендігін айтып берді және ондай сұрақты бұдан былай үйге жеткізудің қажеті жоқ екендігін, екінші рет қайталамауды сұрады. Нұрлан оған келісті.

Нұрланның айтқаны бар, шамасы оның бастауыш сыныпта оқитын кезі болса керек. Пионер лагеріне баратын болып, балалар теміржол вокзалы басында тоғысады. Ата-аналар демалушыларға өз ақылдарын айтып, «Балмұздақ жеп, ауырып қалма», «Жылы киініп жүр», «Берген тамақты тауысып іш, қарының ашады» деген сияқты ескертпелер жасап жатса, Бәтен апай Нұрланға «Вожатый апайыңның айтқанын тыңда, өзіңді дұрыс ұста! Әйтпесе, міне!» деп жұдырығын көрсететін көрінеді. Соны кейін Нұрлан өзінің жора-жолдастары, іні-қарындастарына айтып, «сендерге де солай, өздерің дұрыс жүре алмасаңдар, апамның маған көрсеткенін жейсіңдер» дейтін еді. Нұрлан қай уақытта да тәртіпті жақсы көретін. Бұл дағды оған анасынан дарыған. Бәтен апай ылғи да балаларының айтқан тапсырманы уақытында орындауын, өзін дұрыс ұстауын, өзгелерге үлгі болуын қатаң қадағалап отыратын.

Бірде мен Бәтен апама сәлем берейін деп үйіне соқсам, Нұрланның (Премьер-министр кезі болатын) үйге телефон шалып, «Апа, мен жұмыс бабымен Атырауға келдім, аз уақыттан соң үйге барамын, сіз үйде боласыз ба?» дегені.

– Үйдемін,  – деді апам.

Содан соң «үйге келетін болсаң, айналаның бәрін шулатып, көшені жаптырып, нөкеріңді шұбыртпа. Сен деген осы араның қара сирағы емессің бе? Жүре бер, жау алмайды, туған ауылыңа келгеніңді ұмытпа» деп ескерту жасап тастады.

Содан болар, Нұрлан үкімет басшысы, министр, мейлі қандай жауапты қызметте болса да, туған үйіне еш дабыраламай, айқайлатып, шулатпай-ақ келіп-кете беретін.

Ол Грозныйдың мұнай институтының І курсында оқып жүргенде әкесі қайтыс болды да, бұдан былайғы үй-іші, кейінгі інілеріне деген қамқорлық өз басына түсті. Сол уақытта ол алғашқы ақыл-кеңесті ылғи да анасы Бәтен апайдан алатын еді. Кейін де солай. Оған тағы да бір мысал айтайын. Бірде Нұрлан Атырауға келейін деп жатыр деген хабарды естіп, Бәтен апамдыкіне бардым. Нұрлан бұл жолы анасына «Апа, үлкен кісі маған сенім артып, «үкіметті басқар» деген қолқа салып отыр. Мен «ойланайын» дедім. Сіз бұған не дейсіз?» деді. Апам болса «Не ойланатыны бар. Ол көпті көрген адам, айтса, сенің қолыңнан келеді деп сеніп отыр. Көмектес. Бұрын болғандар сенен артық дейсің бе? Адам пісіп, жетіліп тумайды. Көреді, үйренеді, содан соң өзгелерге үйретеді» деді.

Нұрлан бала кезінен ауладағы құралыптастарының ұйытқысы    болатын. Өзі тұратын Ленин көшесі, 24-үйдің ауласындағы барлық балаларды жиып алып, кейде футбол ойнап, болмаса жиылып, киноға барып, ұдайы бірауыздылық танытатын.

Нұрлан оқуға түскен жылдың күзінде мені Өтеп ағай «cенің ағаңның баласы да сол Грозныйда оқып жатыр ғой. Онда Нұрлан, басқа да балалар бар, бәрінің жағдайын біліп келсейші» деп  аталған қалаға жұмсады. Жоғары оқу орнында істеген соң, студенттер өмірі таныс қой, мен жаңа жылдың алдында Грозныйға жүріп кеттім. Сөйтсем, Нұрланым мұндағы сияқты онда да атыраулықтардың жетекшісі, бәрін де қамқорлап, басын қосып жүреді екен. Кейін ол әкесінің қайтыс болуына орай Алматының политехникалық институтына ауысып, оқуын жалғастырды. Онда да әлгіндей жетекшілік қасиетін танытып, тобының алды, достарының ұйытқысы болды.

Марқұм Өтеп аға көзі тірісінде біраз жауапты жұмыстар атқарды, ағайынмен араласты, бәріне де қамқор болды. Тек ағайын емес, қаймана қазаққа деген қамқорлығын аямады. Ол кісі адамдар бойындағы ерекшеліктерді жақсы танитын. Жанына өңкей іскер, ұйымдастыру қабілеті жоғары жандарды жинайтын. Кейін облысқа аты танылған белгілі азаматтар М.Сағынбаев, Қ.Түгелбаевтарды кезінде қолтығынан демеп, ат арқасына қондырған да сол Өтеп аға болатын. Ал, аға қамқорлығымен қанаттанған ондай азаматтар өңірде аз ба?

Өтеп аға қай жерде де тек сөз емес, өзінің шаруашылықты түсіне білуі және оны дұрыс қалпына келтіруді шеше алатындығымен де көзге түскен көшелі азамат болатын. Мұндай қасиет оның ұлы Нұрланда да бар еді. Оның есейіп, қайраткер ретінде қалыптасуына анасы Бәтен апамның да қосқан үлесі мол. Екі асылдан туған Нұрлан өсе келе халқының адал ұлы, мемлекеттік ірі қайраткер дәрежесіне жетті.

Ол өзіне лайықты өмірлік серігін таңдай білді. Жары Нағима адал сүт емген, Нұрланның ойын қас-қабағынан ұғатын сенімді серігі еді. Дүниеге алтын асықтай Төлеген, Самал сынды ұл-қыз әкелді. Олар да жапырағы жайылып өсіп жатыр. 

Рахимаш Нәзікенова,

 ардагер-ұстаз,

Қазақстан Республикасы   білім беру ісінің

Құрметті қызметкері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*