Ғасырдан да ұзақ өмір

Уағиса Мұхтарова әжейдің есімі Құрманғазы ауданының жұртына жақсы таныс. Ғасырмен құрдас қария – тыл ардагері, соғыс ардагерінің жесірі. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес», дегендей әжейдің көзі көрмесе де, көкірегі сайрап тұр. Ұстаздық етіп, ұрпақ тәрбиелеген әжей өлең шығарады екен. Жақында өмірі өнегеге толы қарияға облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың жолдаған Құттықтау хатын аудан әкімі Бибоз Шаяхметов Асан ауылына арнайы барып, табыс  етті.

Ғасырдан да ұзақ өмір

Ғасыр құрдасы – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Жаңақала ауданының Баршақұм деген жерінде дүниеге келген. 1927 жылы Үштаған ауылында ашылған бастауыш мектепте оқып, төрт жылдық білім алып шыққан соң, аудан орталығындағы төрт айлық жұмысшылар дайындайтын курстан өтеді. Кейін Фурманов ауданындағы мұғалімдер  дайындайтын бес жылдық техникумда оқып жүрген шағында  мектепте мұғалім жетіспеуіне байланысты ауылға шақыртылып, өзі білім алған Үштаған мектебіне бастауыш сыныптың мұғалімі болып барады. Кейін Жаңақаланың «Жұлдыз» мектебінде ағасы Фазылмен бірге ұстаздық қызмет атқарады.

Уағиса әжей 1937 жылы Қыдырқожа  Жұмабеков  атты азаматқа тұрмысқа шығып, сол жылы Толыбай мектебінде ұстаздық қызметіне кіріседі. 1939 жылы Жаңақаланың «Жаңа үнем» орта  мектебінде жолдасымен бірге оқытушы болып қызмет етіп жүргенінде зайыбы Қыдырқожа әскер қатарына шақыртылады. Отан алдындағы борышын адал атқарған жас жауынгер 1941 жылы маусым айында туған ауылына демалысқа келеді. Алайда, бақытты күндер көпке созылмады. Екі аптадан соң, әскери бөлімге қайта шақыртылып, майдан даласына бір-ақ аттанады. Украинаның Львов қаласының түбінде ел тыныштығын бұзған фашистермен кескілескен шайқастан басталған майдангерлік жолы жалғаса берді. Соңында қалған бауырлары мен жарына  амандығын  білдіріп, 1944 жылға дейін хат жазып тұрған-ды. Бұдан соң, барлаушы болған азаматынан еш хабар болмайды. Әскери комиссариатқа сұрау салғанда, майдан даласында хабарсыз кетті деген жауап келеді.

Сол бір сұрапыл шақтарды еске алған әжей: «Ол бір ауыр кездер еді. Ауылдық кеңестің төрағасы Әдиет Жукин есімді азамат комсомолдардан қарауылға адамдар бөліп,  таңда және кешкісін құм бойын аралайтын. Себебі, Харабайлы, Басқұншақ, Жәнібек стансалары ірі орталық, темір жол бекеті болғандықтан Сталинградқа көмекке баратын әскерлер осы жолмен өтетін. Әрине, бұл туралы жау да біліп қалып, жауынгерлер тиелген пойызды бомбылайды. Кеңестік жауынгерлердің тірі қалғандары бас сауғалап қашып, біздің жерге дейін жетеді. Құм арасында адасып жүргендерді ұстап әкеліп, тіркеген соң, үй-үйге бөліп тамақтандырады. Содан кейін түйеге мінгестіріп Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына апарып салады.

Біздің үйді де қашқындарды тамақтандыруға бөліп, кеңседен олар жататын орын әзірледі. Қашқындарды күзетуге мұғалім әйелдерді бөлетін. Шыны керек, бір жағынан оларды аясақ, екіншіден азаматтарымыз соғыста жүргенде бұлардың елін қорғаудың орнына кейін қашқандарына ашуланатынбыз. Көбі Қызылорда, Қарағанды, Саратов облыстарынан еді.

1945 жылы соғыс аяқталды деп ауданнан арнайы адамдар келіп, ауылдық кеңесте  жиналыс жасады. Сол кезде халықтың қатты қуанғаны есімде. Ерлеріміз енді елге келеді деп, екі көзімізді жолға қараумен талдыратын едік. Кейбір «хабарсыз кетті» деген жандардың оралып жатқанын көріп, менің де азаматым ауылға келіп қалар деген сеніммен жол тосатынмын. Алайда, бұл үмітім ақталмады» дейді.

Еселі еңбек етіп, кейін зейнет жасына жетсе де, жұмыстан қол үзбеген Уағиса Мұхтарқызы ерінің шаңырағының түтінін түзу шығарып, артында қалған ұрпақтарын аялап өсіріп, ержеткізді. Мұның барлығы айтуға оңай болғанымен, жалғызбасты анаға соғыстан  кейінгі ауыр жылдарда оңайға түспегені анық. Қазіргі таңда қиындықтардың  бәріне шыдап, сағы сынбаған ғасыр құрдасы келіні Раушан Насиева  апаймен бірге бір шаңырақ астында ғұмыр кешуде.

Қанат  ҒҰМАРОВ.

 Біз  100 жасаған  кейуананың  бір өлеңін  қосып беруді  жөн көрдік.

                           Тілек

Шырағым, жақсы болсаң жақының көп,

Жаманға жан жоламас ақылы жоқ.

Жүргейсің алды-артыңды бұрын ойлап,

Жалғанның пендесіне ғапылы көп.

 

Аулақ бол, көше қуып ішіп-жеуден,

Саулыққа, адамдыққа мақұлы жоқ.

Өмірден адам болар жолыңды тап,

Қосылма жын-шайтанға зақымы көп.

Ақылды құмар болар кеңесуге,

Ақылсыз  әзір тұрар егесуге.

Ақ сүтін ақтамаған есуастар,

Тұрады ата-ананы жер қылуға.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*