Асылбек Астанаға барады (Әңгіме)

Асылбек – алғыр да ақылды бала. Биылғы жазды асыға күтті. Себебі, әр оқу жылы аяқталғанда ата-анасы оған ерекше сый жасайтын. Міне, биыл да оған «Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесіне барамыз» деп уәде берген-ді. Ол үшін бар болғаны оқуды үздік аяқтау керек.

21065279-699

Бесінші сыныпты «беспен» аяқтаған балаға «жылдық жоспарды»  орындау әрине оңайға соқпады. Бірақ ойыннан қалуға тура келді.

Маусымның соңғы күнін күнтізбеден қуана жұлып алған тентек дастархан үстінде байыз таппады. Таңғы асын да жөнді ішкен жоқ. Қиыла қараған қос жанары әке-шешесінде. Бірақ, «баланың ойы анада, ананың ойы далада» болып шықты. Кеудесін кернеген қуанышын жасыра алмаған Асылбек ұзаққа бармады: «Шілде айы басталды ғой, ЭКСПО қайда?» Сірә, бұл ата-анасының ойынан шығып кеткен болуы керек. Сөйткенше болған жоқ, ол ұқыпты буып-түйілген жол сөмкесін әп-сәтте әкеліп: «Міне, менде бәрі дайын! Қай күні шығамыз?» деп қойып қалды.

Абдыраған анасы отағасының жұмыстан босамайтынын айтты. Аузы бұртиған Асылбек ауыр күрсініп:

– Ешқашан берген уәделеріңде тұрмайсыңдар. Жыл сайын «Тұлпар» лагеріне бара беруден жалықтым. Мені жақсы көрмейсіңдер, – деп бөлмесіне кетіп қалды.

Күні бойы көңілін аулауға тырысқаннан ештеңе шықпады. Асылбек Тұрғындар қалашығындағы «Малибу» жағажайына да, «Тамаша» ойын-сауық орталығына да барудан бас тартты.

Көңілі құлазыған ол ертемен «ата-әжеме барамын» деп қиқу салды. Оларға барып, шер тарқатты. «Еркемізді баға алмаған әкең де әлі бала сияқты. Құлыншағымызды Сарыарқаның төсінде бір ойнақтатып келсе, нелері кетеді солардың?» десті қариялар.

Ата-әжесінің үйіне сол күні Асылбекке сабақ беретін мұғалімі қонаққа келіпті. Ол тәжірибесі аздау жас маман болғанымен, өте балажан кісі.

Шәкіртін көре салысымен оны сөзге тартты.

– Қалың қалай, балақай?

– Көріп тұрғаныңыздай…

– Оқуыңды үздік аяқтапсың. Көрімдікке не берейін?

Асылбек болса: «Он мың теңге берсеңіз, Астанаға ұшып баруыма жетеді…» деді қонақтың құлағына сыбырлаған күйі.

Әңгімеге үлкендер араласты.

– Бұл қай сөзің? Қонаққа олай деуге бола ма?

– Ұят болады…

Осы кезде ұстазы жағымды жаңалықпен бөлісіп, жергілікті әкімшіліктің озат оқушыларға жолдама алып беру үшін қаражат бөлгенін жеткізді.

Асылбектің қатты қуанғаны сонша, ұстазын құшақтай алды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*