Астананың әуе қақпасы енді Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталады

Елорда төріндегі сәні мен салтанаты келіскен заманауи ғимараттың біріАстана халықаралық әуежайы. 1931 жылы ашылған сәтте кішігірім ұшақтарға ғана қызмет көрсеткен нысан бұл күнде Еуразиядағы ең заманауи әуежайлардың біріне айналып отыр. Ішкі бағыттармен қоса, алысжақын шет елге ұшатын 80-ге жуық ұшаққа қызмет көрсететін әуе қақпасы биыл «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай, Астанадан Бейжің, Хелсиньки, Ереван, Варшава, Франкфурт қалаларына қатынайтын тікелей рейстер ашқан. Ал, таяуда қабылданған Үкімет қаулысына сай, Елорда төріндегі әуежай енді  «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» деп аталатын болды. Қуанышты хабарды естіген газетіміздің оқырмандары да игі бастамаға қолдау білдіруде.

bac38aaf00eec45ecf69357899b8ad83

Зураб БОБОХИДЗЕ,

«Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы:

Тағылымы мол шешім

Президент Нұрсұлтан Әбішұлының есімін халқымыз қастер тұтады, зор мақтанышпен айтады. Әлем жұрты да жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Сондықтан оның  есімімен Астана әуежайының аталуы өте орынды деп санаймын.

Ел мүддесін ойлаған Ұлт Көшбасшысы, сарабдал саясаткері бар қазақстандықтар бақытты деп есептеймін. Бұл пікірді байтақ елімізді мекен еткен түрлі этнос өкілдері де қолдайды. Елбасы есімін әлі де талай ірі зауыт-фабрикалар мен маңызды нысандарға беруге болады. Бұл бұқара мен билік арасын одан сайын жақындастыра түседі. Өйткені, Үкіметтен де, ел азаматтарынан да қолдау тапқан игі бастаманың мән-маңызы тереңде жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – дер шағында қабылданған шешім.

Тарихи отаным – Грузияда да талай тұлғалардың атын еншілеген сәнді қонақүйлер мен сәулетті ғимараттар бар. Мәселен, әлемдегі ең алғашқы көлікті ойлап тапқан неміс инженері, өнертапқыш Карл Бенц көліктерінің бірін қызы Мерседестің атымен атаған. Ендеше, ел тарихында алтын әріптермен жазылатын тұлғалардың есімін неге бермеске? Яғни, ел өз қаһармандарын құрметтеуі керек.

 

Мартагүл ҚАНАТОВА,     облыстық «Жас ұлан»  балалар мен жасөспірімдер ұйымының

төрайымы:

Халықтық құрметтің белгісі

Шетелдік меймандардың табаны топырағымызға бірінші болып тиетін жері – әуежайды Ұлт Көшбасшысының атымен атау  біздің елдігімізді, мызғымас бірлігімізді білдіреді. Бұл идеяның астарында терең ой, парасатты пайым жатыр.

Әсіресе, өскелең ұрпақ үшін өте қажет шешім. Өткенді білмей, келешек жоқ. Ал, тарих өз кезеңінде ел билеген басшылардан басталады. Әуежайда талай тағдырлар, талай пікірлер тоғысып жатады. Бүгінде ЭКСПО-ға алыс-жақыннан келіп жатқан шетелдіктер әуежайдың атауына қарап-ақ, халқымыздың Елбасына деген шексіз құрметі мен сүйіспеншілігін аңғарары анық. Олай болса, игі істің қолдау тапқанына атыраулықтардың атынан өз ризашылығымды білдіремін. Жарқын келешекте еліміздің экономикасы өсіп-өркендеп, әлеуметтік әлеуеті жоғарылай түсетініне сенемін. Ынтымағы жарасқан барша қазақстандықтарға береке-бірлік тілеймін.

 

Әли Әбішев,

Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Әлемдік тәжірибеде бар үрдіс

Әрине, бұл өте қуанышты жаңалық. Қазір Астана – әлем көз тіккен қала. Сарыарқа төрінде халықаралық көрме, сан тақырыптарды қамтыған түрлі басқосулар, форум, кездесулер секілді маңызды шараларға қатысу үшін әлемнің әр түкпірінен ағылған жұрттың басым бөлігі әуежай арқылы өтеді.

Сондықтан, әуежай – бас қақпамыз. Қала қонақтары Астана туралы алғашқы пікірлерін осы жерден-ақ қалыптастырады. Елмен танысудың ең алғашқы сатысы да әуежайдан бастау алады. Сол себептен елордамыздың әуежайына ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының есімі берілуі – күллі қазақ үшін зор мақтаныш.

Жалпы, мұндай үрдіс әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен, Нью-Йорктегі Кеннеди атындағы әуежай – күніне бірнеше мыңдаған адамды қабылдайтын алып нысан. Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайы да – әлемге танымал, қала көркін айшықтай түсер сәулетті орын. Осындай әлемдік әуежайлар қатарына Астанадағы әуе қақпасының да қосылуы – үлкен тарихи оқиға, құптарлық шешім.

 

Ринат ҒИЛАЖЕВ,

«Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының жетекшісі:

Ерен еңбекті бағалаудың үлгісі

Елорда әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныстардың оңтайлы шешімін тапқанын баршамыз үшін зор мерей деуге болады. Өйткені, Тұңғыш Президентіміз  Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіз елімізді әлемге танытудағы еңбегі орасан зор.

Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын тәуелсіздігімізді алғандағы елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын бүгінгімен салыстыруға әсте мүмкін емес. «Алдымен экономика…» қағидасын ұстанған Ұлт Көшбасшысы отандық экономиканы әр қырынан өркендетті. Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа ырысы мол, бірлігі жарасқан, тұрақтылығы берік, экономикасы қуатты ел ретінде танытты.

Елбасының қамқорлығын барша қазақстандықтар, әсіресе, жастар айқын сезініп келеді. Оған дәлел ретінде Елбасының қолдауымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының заман талабына сай бәсекеге қабілетті мамандар дайындаудағы рөлі зор екенін айта аламын. Осы бағдарлама аясында еліміздің жаңалыққа іңкәр мыңдаған ұл-қызы шетелдің таңдаулы университеттерінде білімін жетілдірді. Сонымен бірге, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы да жастарды еңбекпен қамту, әлеуметтік тұрмысын жақсарту мақсатында іске асырылуда. Біз,  еркін елдің келешегіне сенетін жас буын өкілдері мұны Президенттің жастарға деген ерекше ықыласы деп ұғынамыз. Жастар да әркез  Елбасының елі үшін сіңірген ерен еңбегін мақтан тұтады

Мемлекет басшысының есімін елдегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың атауымен байланыстыру тәжірибесі дамыған шетелдерде де бар. Ал, Қазақстан – өркениетке қадам басқан жас мемлекет. Бұдан былай Астанаға келетін  әлем жұртшылығы еліміздің Тұңғыш Президентіне деген құрметіміздің үлгісіне куә болады.

 

Нұрлы ӘЙТИЕВА,

облыстық мәслихаттың депутаты:

Бұл – Көптің қалауы

Елордадағы Астана халықаралық әуежайының енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуын қуана қабылдадым. Өйткені, бұл – Үкіметтің қаулысымен бекітілген шешім ғана емес, барша қазақстандықтардың қалауы.

Сол себепті бұған ешкімнің де дауы болмас деп ойлаймын. Сайып келгенде, мұны  Мемлекет басшысына, оның жүргізіп отырған сындарлы да сарабдал саясатына, тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы ретіндегі көрегендігі мен кемеңгерлігіне көрсетілген үлкен құрмет, тынымсыз еңбегіне берілген лайықты  баға деп есептеймін. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының дүниежүзі қоғамдастығы алдындағы асқақ абыройы мен биік беделі арқылы Қазақ елі де әлемге танылып отыр. Барлық саладағы байланыстар нығайып, қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді. Осындай кезеңде әуежайда атқарылатын жұмыс ауқымы кеңейеді. Халықаралық деңгейдегі ең маңызды деген шаралар, спорттық біріншіліктер мен дүбірлі додалар да еліміздің бас қаласы Астанада  өтеді. Қазіргі уақытта мұнда халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі ұйымдастырылып, оны тамашалауға алыс-жақын шетелдердің мемлекет басшылары мен танымал саясаткерлер, ірі компаниялардың жетекшілері мен танымал бизнес өкілдері, мәртебелі меймандар келуде. Олар да өз кезегінде Елбасы мен Елорда туралы оң көзқарастарын білдіріп, атқарылған іске әділ бағаларын беруде. Бұл қуанарлық, құптарлық жайт.

Атағы төрткүл дүниеге танылған, әлемдік өркениеттің орталығына айналған, сол арқылы Алаш жұртының мейманасын тасытқан  Астана әуежайына тұңғыш Президент есімінің берілуі оның мәртебесін асқақтата түседі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*