Астанада өткен Сирия бойынша кездесудің қортындысы

Иран Ислам Республикасының, Ресей Федерациясының және Түрік Республикасының делегациялары осы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің  2016 жылғы 20 желтоқсанда Мәскеуде жасаған Бірлескен мәлімдемесіне және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2336 қарарына сәйкес;

иран ресей

Астанада 2017 жылы 23-24 қаңтарда Сирия Араб Республикасы мен  қарулы оппозициялық топтардың арасындағы келіссөздердің басталуын қолдайды;

БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы елшісінің осы аталған келіссөздерге қатысуы мен атсалысуын жоғары бағалайды;

Сирия Араб Республикасының көпэтносты, көпконфессиялы және демократиялық мемлекет ретіндегі егемендігіне, тәуелсіздігіне бірлігі мен аумақтық тұтастығына деген ұстанымдарын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қуаттағаны секілді тағы да растайды;

Сирия қақтығысының  әскери шешімі жоқтығына және ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарын толық көлемде орындауға негізделген саяси процестің көмегімен ғана шешілуі мүмкін екендігіне сенімділіктерін білдіреді;

Нақты қадамдар арқылы және өзінің талаптарға ықпалын пайдалана отырып, 2016 жылы 29 желтоқсанда қол жеткен уағдаластықтарға сәйкес белгіленген атысты тоқтату режімін нығайтуға ұмтылатын болады;

Атысты тоқтату режімін толық сақтауды қамтамасыз ету және бақылау үшін үш жақты  механизм жасау, атысты тоқтатудың барлық модальдылығын анықтауға және кез келген арандатудың алдын алу туралы шешім қабылдайды;

ИШИМ/ДАИШ және Әл-Нусраға қарсы бірлесіп күресуге және олардан қарулы оппозициялық топтарды бөлуге әзір екендіктері туралы тағы да мәлімдейді;

Келіссөздер процесін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарына сәйкес ынталандыру жөніндегі күш-жігерді белсенділендіру қажеттігі өткір тұрғанына өзінің сенімін білдіреді;

Астанадағы Сирия жөніндегі Халықаралық кездесу БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарары талаптарына сәйкес үкімет пен оппозиция арасындағы тікелей үн қатысу үшін тиімді платформа болып табылатынын атап көрсетеді;

Қарулы оппозициялық топтардың  2017 жылдың 8 ақпанында БҰҰ туы астында Женевада өтетін үкімет пен оппозиция арасындағы келіссөздердің келесі раундына қатысуға дайын екендігін қуаттайды;

Халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшелерін Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарында келісілген барлық қадамдарды жедел жүзеге асыру тұрғысынан саяси процесті қолдауға шақырады;

Астана платформасында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарарын жүзеге асыруға үлес қосу үшін БҰҰ-ның араағайындығымен сириялықтар жүргізетін және сириялықтарға тиесілі саяси процестің нақты мәселелері бойынша белсенді ынтымақтасуға шешім қабылдады;

Қазақстан Республикасының Президентіне, Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа және тұтастай Қазақстан тарапына Астанада Сирия бойынша Халықаралық кездесу өткізуге жағдай туғызғаны үшін ризашылық білдірді.

 

Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі халықаралық кездесудің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің

МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі үстіміздегі жылғы 23-24 қаңтарда өткен сириялық реттеу бойынша халықаралық кездесудің қорытындыларын құптайды. Бұл келіссөздерді өткізу кепілдік беруші мемлекеттер Ресей, Түркия және Иранның күш-жігерлерінің арқасында БҰҰ және АҚШ-тың қатысуымен мүмкін болды.

Қазақстан қазіргі Астана үдерісінің шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтар сириялық дағдарысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 (2015) қарарына сәйкес Женева үдерісі аясында саяси реттеуге оң серпін береді деп санайды. Астана сириялық қақтығыстың тараптары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2336 (2016) қарарына сәйкес Сирияда атысты тоқтату режімі бойынша өздеріне жүктеген міндеттемелерге берік болады деген үміт білдіреді.

Қазақстан, білетіндеріңіздей, Астанада 2015 жылы бірқатар сириялық оппозициялық топтар арасында келіссөздердің екі раундын өткізді, сондай-ақ, 2016 жылғы желтоқсанда Сирия халқына 500 тонна көлемінде ізгілік көмек жеткізді.

2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікпен байланысты мәселелерді шешу жолында барынша күш-жігер жұмсайтын болады және, бұл ретте, сириялық дағдарысты реттеу бойынша үдеріске өзінің үлесін қосуға дайын.

 

Сіз не дейсіз?

Үкілі үмітті Астана жақты

«Сириядағы саяси қақтығыстар кезінде 500 мыңға жуық адам опат болды» деген ақпарат бар. Соңғы деректерде  7 миллион сириялықтың ел ішінде аш-жалаңаш босып жүргені айтылады. Бұл – әрине, үлкен қасірет. Сондықтан да, Сирия халқының Астанада өткен диалог алаңына зор үміт артқаны да рас.

Нәтиже жоқ емес, бар. Иран, Ресей, Түркия елдері өзара бірлескен мәлімдеме жасап, Сириядағы қантөгісті тоқтатуға күш салатынын, соның ішінде, ДАИШ террористік ұйымымен күресте барлық әлеуетті толықтай пайдаланатынын мәлім етті. Демек, бүкіл әлемге қауіп төндіріп отырған ДАИШ-ке қарсы күрес шын мәнінде күшейеді деген сөз. Үш тараптың мәлімдемесіне зер салсаңыз, террористік ұйымды қаржыландырып, қару-жарақ тасымалына қолдау көрсетіп отырған каналдардың жолын кесуде нақты әрекеттердің болатыны айтылады. Лаңкестік ұйыммен күрес шын мәнінде стратегиялық сипатта жүретін болса, оның қатарын толықтыру үшін әлемнің әр түкпірінен ағылып жатқандардың легі тоқтар еді.

Халықаралық кеңістікте бейбітшіліктің орнауына Қазақстан да мүдделі. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дипломатиялық ерік-жігерін ерекше атап өтуіміз керек. Жақында елімізде «Терроризмге қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заң аясында талаптар күшейтілді. Экстремизммен күрес жолындағы жұмыстар жалғаса беретін болады.

Қайролла КӨШҚАЛИЕВ,

Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы.

 

Бітімгерліктің сәтті қадамы

Астана процесінің басты ерекшелігі – Сириядағы қантөгіске қарамастан,  мүдделі тараптар үшін ортақ диалог алаңын қалыптастыруы.

Біріншіден, Астана процесіне Сирияның билігі мен қарулы оппозиция тікелей қатысты. Қос тарап та өз ойларын ортаға салды. Диалогтың алғашқы нәтижесі ретінде Сирия күрдтерінің  ұсынысын атауға болады. Олар «дағдарысты шешу үшін Сирияны мекендейтін барлық ұлттар мен конфессиялар өкілдерінің қатысуымен консультациялар өткізу қажет» деген ұсыныс тастады. Осы бір ғана сәттің өзі – ортақ мүдде жолындағы айқын мақсаттың пайда болғанын көрсетеді.

Екіншіден, Астана процесінің негізгі нәтижесі – Ресей, Иран, Түркия тараптарының бірлесе жасаған мәлімдемесі. «Сириядағы қантөгісті толықтай тоқтатуға, арандатушылықтың орын алмауына ықпал ететін үшжақты механизм жасау туралы ортақ шешімге келдік. ДАИШ террористік ұйымына қарсы күресті күшейте отырып, оны қарулы оппозицияның басқа бөліктерінен де ажырату жолында күш салатын боламыз» делінген мәлімдеме арқылы үш тарап та ортақ мүдде жолында біріккендерін көрсетті.

Үшіншіден, Астана процесі – Қазақстанның дипломатиялық жеңісі! Астана  диалогы сыртқы саясатқа шын мәнінде жаңаша сипат әкелді. Бұған дейінгі орын алған шиеленістерге қарамастан, Ресей мен Түркия елдерінің ортақ қадамдарға баруы да – халық-аралық қатынастарда орнай бастаған жылымық.

Әрине, Қазақстан өзін бейбітсүйгіш ел ретінде әлемдік қауымдастыққа әлдеқашан танытты. Ауқымы жағынан ең ірілердің санатына жататын ядролық арсеналдан бас тартып, әлемге үлгі көрсеткен де – біздің еліміз. Кезінде Ауғанстандағы жағдайды реттеуге де Қазақстан тарапы нақты қадамдармен араласты. Сирияға байланысты халықаралық келіссөз жүргізу арқылы Қазақстан әлемдік саясат кеңістігіне тағы бір «карт-бланшпен» еніп отыр.

Өмірбек БЕКЕЖАН,

философия ғылымдарының докторы,

Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*