Астанада Атырау облысының мәдениет күндері өтіп жатыр

Өткен жексенбіде Қазақ елінің абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында Астанада Атырау облысының мәдениет күндері басталды. Соған орай мұнайлы өңірдің мыңға жуық өнерпазы Сарыарқа төріне қадам басты. Астаналық тұрғындар мен қонақтарға бес күн бойы Атырау облыстық музейлер мен кітапханалар, мұрағат қорларынан ұйымдастырылған көрмелер ұсынылады. Сондай-ақ, ән-күйден шашу шашылып, театрландырылған қойылымдар өнерсүйер қауым назарын аударып жатыр.

ЕХРО-2017

Мәдениет күндерінің ашылу салтанатына қатысушыларды Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан оның орынбасары Әлібек Нәутиев құттықтады. 

– Тәуелсіз еліміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясатының нәтижесінде қарқынды даму жолына түсті.  Жасампаз жобалалар іске асырыла бастаған ширек ғасырда ортақ Отанымыз – Қазақстан бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылды. Алдағы  жаңа меже –  дамыған отыз елдің қатарынан көріну. Бұл орайдағы  ортақ мүддеге Атырау өңірі де өз үлесін қосуда. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сәйкес, Атырау облысының мәдениет күндерінің ашылу салтанатын өлке тарихынан сыр шертетін көрмемен, күй керуе-німен бастауды жөн көрдік. Өйткені, Атырау –  күйдің де мекені. Бір аптаға жуық уақыт бойы атыраулықтар Астана тұрғындары мен қонақтарын тамаша сазды кештер мен көрмелерді тамашалауға шақырады. Ал, 20 шілде күні ат бәйгесі өтеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы.

Салтанатты шарада жалғыз қазақтың емес, иісі түркі әлемінің тарихын түгендеген белгілі жазушы Әнес Сарай, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев сөз сөйледі.

Өнер апталығы Конгресс-холл-да Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің «Күй керуен» атты концертімен басталды.

Сондай-ақ, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының үрмелі аспаптар оркестрі де өнерін паш етті.

Тарихтан сыр шерткен көрме

Астанада өтіп жатқан мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған көрмеге Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорынан 780-нен астам жәдігер әкелінген. Соның ішінде астаналық тұрғындарды айрықша қызықтырғаны – Дина Нұрпейісованың күміс белбеуі, Исатай мен Махамбеттің қайрақ тастары, сондай-ақ, өңірден түлеп ұшқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің музей қорындағы домбыралары, Хиуаз Доспанованың соғыста қолданған бұйымдары.

ЕХРО-20171

– Көрмеге жүз зергерлік бұйымды алып келдік. Олардың ішінде ХІХ ғасырдағы өңіржиектер мен бойтұмарлар, жүзіктер мен белдіктер, білезіктер мен  сырғалар, өзге де құнды бұйымдар бар. Сонымен қатар,   Сейілхан Құсайынов, Әзидолла    Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, Мекес Төрешев, Рысбай   Ғабдиев, Берқайыр Аманшин, Илья Жақанов, Айгүл Үлкенбаева  сынды өнер және әдебиет майталмандарының күнделікті тұтын-ған домбыраларын Астананың тұрғындары мен қонақтарына көрсетеміз. Бұған қоса, мұражай ұжымы ұйымдастырған домбыра аспабын жасаушы шеберлерінің І аймақтық «Үкілі домбыра» сайысында жүлделі орын алған домбыраларды да осы көрмеден тамашалауға болады, – дейді мұражай директоры Рашида Харипова.

Ал, Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық өнер мұражайы  ЭКСПО көрмесіне арнап қылқалам шеберлерінің отыз туындысын алып келген. Сол туындылардың он жетісі аталмыш мұражайға есімі бе-рілген танымал суретші  Шахмардан Сариевтің қолынан шыққан. Сонымен бірге, ЭКСПО көрмесіне орай ұйымдасты-рылған қолөнер шеберлері арасындағы байқауда бас жүлдені иеленген Нұрсұлтан Қалиевтің туындысы да Кон-гресс-холл төрінен орын алды.

ЕХРО-20173

Көрме залының сол жағында облыстық кітапханалардың бұрышы жасақталған. Мұнда тек атыраулық ақын-жазушылардың ғана емес, сонымен қатар, Алаш жұртына танымал өзге де қаламгерлердің еңбектері көрермендер назарына ұсынылуда.

– Қазақстанның батысында орналасқан Атырау  – тарихы бай өлке. Сарайшықтың өзі – бір төбе. Бүгінгі көрмені тамашалап, кейінгі жастарға айтып жүрер мол мәлімет,  көптеген құнды тарихи деректер жинақтадым. Бұрын біле бермейтін нәрселерге қанықтым. Міне, осындай мәдени байланыс ар-қылы рухани байи түсеміз. Елбасының тапсырмалары осындай шаралар арқылы жүзеге асады. Өнер, мәдениет дегеннің өзі – рухани жаңғыру, – дейді Астана қаласының тұрғыны Сабыр Әбдіғали.

Сыйға – «ЭКСПО» әні

Жексенбі күні кешке ЭКСПО кешені аумағындағы амфитеатр сахнасында «Атырау айшықтары» атты гала-концерт өтті. Мұнда атыраулық өнерпаздар ЭКСПО халықаралық көрмесіне арнап ерекше сый жасады.  Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілерінің орындауында ақын Әлия Дәулетбаеваның сөзіне жазылған Бақытбек Сартбаевтың «ЭКСПО» әні сахнада    шырқалды.

Ән авторының бірі Бақытбек Сартбаевтың айтуынша, бұл әнді жазу идеясы өткен жылы тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Атырауда өткен мегажоба қарсаңында пайда болған екен.

ЕХРО-20172

– Атыраулық ақын Әлия Дәулетбаевамен бірге әнді екі аптаның ішінде жазып шығардық. Мұнайлы астанада өткен мегажобада алматылық әншілер – халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Әсет Балғазин мен Венера Сағи алғаш рет орындады. Жаңа туынды көрермен жүрегіне  бірден жол тапты. Содан кейін ЭКСПО көрмесіне орай өткен шараларда да орындалды. Ал, бүгін астаналық тұрғындар мен қала қонақтары бұл әнді Атырау облыстық филармониясының әншілері Мария Нұғмарова, Перизат Қайырбаева және Айгүл Нұрғожинаның орындауында тұңғыш рет естіді, – дейді Бақытбек Сартбаев.

ЕХРО-201710

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ханзада Сақыпова мен халықаралық байқаулардың лауреаты Назым Шаймарданова, Хамиль Сүйекбаев, Ақмарал Машимова, Әсет Әлиев, Венера Машқалиева, Байбақты Ідірбай, Жанаргүл Сәркенова, Медет Қарамырза және басқа да өнерпаздар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. «Камелия», «Жем аруы», «Махамбет» би топтарының өнеріне де көрермендер ду қол соқты. Атырау өнерпаздарының гала-концертіне жиналғандар Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев, қазіргі  қазақ эстрадасының жұлдыздары «Заман» тобы мен Бейбіт Көшқалиевтің де өнерін тамашалады.

Ал, кеше «Бәйтерек» монументі алаңында «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі сазды бағдарламамен сахна төріне шықса, Махамбет атындағы қазақ драма  театрының  әртістері «Жастар» театрында Иран Ғайыптың «Сүйінбай» драмасын сахналады.

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, қоғам қайраткері:

Ауылдың  сәлемін  сағыныппыз

– Бүгін – Астанадағы атыраулықтар үшін қуанышты күн. Туған жерге тағзым ету мақсатында Атырауға жолымыз жиі түсе бермейді. Дегенмен, Атырауды қазір әлем таниды. Өңірдің әр саладағы жетістіктерін ЭКСПО-ға келген көптеген елдің өкілде-ріне паш ететін мүмкіндік туып отыр.

ЭКСПО көрмесінің тақырыбы баршамыз үшін өте маңызды. Болашақтың қуаты – жел, су, күн энергиясында. Бұлар – еліміздің алға қарыштап басуы үшін аса қажетті жобалар. Көрмені тамашалауға келген туристердің барлығы «жиырма жылда мұндай жауһар  қала тұрғызу мүмкін бе?» деп таңғалып жатыр. Шындығын айту керек, елорданы Алматыдан Астанаға көшіруге қарсы болған Парламент депуттарының бірі мен едім.  Кейін Елбасы шешіміне сенімсіздік білдірген депутаттар Астанаға алғашқылардың қатарында көшіп келді. Қазір Астанада күн сайын жаңа ғимарат ашылып, үлкен өзгеріс болып жатыр. Қала күннен-күнге көркейіп, дами түсуде. ЭКСПО арқылы әлемнің назары Астанаға ауып тұр. Осының бәрі Елбасы саясатының, елімізді өркендету жолындағы ерен еңбегінің жемісі деп білемін.

Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург:

Әміре салған сара жол…

– ЭКСПО қазақтың құлағына ерте бастан сіңіп қалды. Өйткені, 1925 жылы Парижде өткен көрмеге қазақтан Әміре Қашаубаевтай дүлдүл қатысып, дүниежүзілік ән бәйгесінде екінші орынды жеңіп алды. Сөйтіп, «Қазақ» деген атты сонау кәрі құрлықта жаңғыртып қайтты. Содан бері ЭКСПО қазаққа жат болмады. Араға 92 жыл салып, міне, тәуелсіз  Қазақ елінің елордасында ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі өтіп жатыр.

Ал, Атырау осы мерекеге көп дайындалды. Бұл – мәдениет күндері емес, нағыз той. Мәдени ұжымның әрқайсысы алтын балықтың үйіріндей болып келіп отыр.

Атырау – республикалық бюджеттің 34-36  пайызын беріп отырған мұнайлы өлке.  Тек жер астындағы байлығымен емес, Бейбарыс, Исатай-Махамбет, Құрманғазы мен Дина, Фариза апа мен әулиедей Әбіш аға сынды ұлы перзенттерімен де мақтанатын өңір.

Әнес САРАЙ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Көңіліміз – Атырауда!

– Қай жерде жүрсек те жүрегіміз «Атырау» деп соғады. Көңіліміз де – Атырауда! Атырау жұрты шетінен өнерпаз екені-не ешкім дау айтпайды.  Міне, Астана аспанында күй қалықтап тұр.  Астана тұрғындары мен қонақтары нағыз өнермен сусындап, рухани мол азық алып жатыр.

Елордадан тілшіміз

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Суреттерді түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*