Астана шежіресі – монумент тілімен

Астана – әр қазақстандықтың жүрегіне сенім ұялатқан, көңіліне көрікті ойлар көктеткен шаһар. Оның архитектурасында Елбасының жаңашыл идеясы мен алғы күнге, келешекке деген үміті менмұндалап тұратыны ақиқат. Жиырма бірінші ғасырдағы сәулет өнерінің ең озық үлгілері де осында. Сонымен қатар, тамырын тарихтың тұңғиығынан алып, Қазақ елінің бүкіл шежіресін шертіп тұрған монументтердің әрқайсысы көрген жанды тәнті етері анық.

c

Бейбітшіліктің ұясы – «Бәйтерек»

Астана дегенде кім-кімнің де тілінің ұшында «Бәйтерек» тұрады. Ежелгі түркі тілдес халықтардың, соның ішінде қазақ халқының фольклорында «Бәйтерек» ұғымының мәні мен мағынасы ерекше. Алып бәйтерек туралы ертегілер де аз емес. Бәйтерек – алып ағаш дегенді білдіретінін ескерсек, мифтік таным бойынша ата-бабамыздың жапан түзде өсіп тұрған жалғыз ағашты киелі санап, орамал байлайтыны да еске оралады. Халық әніндегі:

Жапанда жалғыз ағаш егіледі,

Жел соқса, жапырағы төгіледі.

Бірге өскен кішкентайдан беу, қарағым,

Сені ойласам қабырғам сөгіледі, – деген жолдарды еске алсақ, ата-бабалардың өз өмірлерін табиғатпен үндестікте құрғанының куәсі боламыз.

Ал, ертегілерге келетін болсақ, «Ер Төстікті» білмейтін қазақ жоқ шығар. Аталған ертегіде жер астындағы жылан Бапы елінен келе жатып Ер Төстік пен Күңкенің самұрық құс ұя салған алып бәйтерекке кезігетін жерін еске алайық. Міне, бұл жерде алып бәйтерек үш бірдей әлемді біріктіріп тұр. Жеті қат жер астын, жер үстін және жеті қат көкті бір-бірімен байланыста ұстап тұрған алып ағаш – тіршілік көзі. Ежелгі қазақтар танымымен зерделесек, бәйтеректің тамыры – жер астындағы өмірді, діңгегі – жер бетін, аспан астындағы тіршілікті, бұтақтары мен жапырақтары көк тәңірі мен аруақтарды бейнелейді.

Осының бәрі – «Бәйтерек» монументінің аясында үлкен тағылым бар екенінің айғағы. Елбасы ұлттық құндылықтарды рухани жаңғырту мәселесін еліміз егемендік алған алғашқы күндерден бастап мұрат тұтқанына аталған монумент көзімізді жеткізеді емес пе?!

Жалпы биіктігі 105 метр болғанымен, көрініс кешені – 97 метр. «Бәйтеректің» ұшар басында алтындай құбылып тұрған алып шар, яғни, самұрық құстың «алтын жұмыртқасы» бар. Алтын жұмыртқа – тіршілік көзінің, ұйыған тыныштықтың, күннің символы. Хамелеон шынылармен көмкерілген алып шар – жұмыртқада кең залдар орналасқан. Оған панорамалық лифтімен көтеріледі. Ең үлкен залда – 17 жапырақтан тұратын әлем діндерінің 17 өкілі қол қойған ағаш глобус, монумент идеясын ұсынған Елбасының алақанының ізі бар. Оған қолын салып, тілек тілеген адамның тілегі қабыл болады деген сенім де халық арасында қалыптасып үлгерген. «Бата» композициясы да осында. Ол – 2003 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен Астана қаласында жиналған 17 әлемдік діни конфессия жетекшілерінің еліміз бен жерімізге берген ақ батасы.

Уыздай ұйыған тыныштықтың, ырыс пен берекенің символы бәйтерек үш бірдей әлемді, яғни, төменгі (жер асты), ортаңғы (жер) және үстіңгі (аспан) әлемдерін біріктіреді деген ұғымды паш етіп тұр. «Бәйтеректің» жер астындағы қабатының өзі 4,5 метр. Онда алып аквариум, сурет галереясы орналасқан.

 Тыныштықтың қорғаны – «Қазақ елі»

Астана қаласының қақ төрінде орналасқан тарихи-мемориалдық кешен «Қазақ елі» де өзіндік қолтаңбасымен, ұлттық рухани қазыналарымызды саналарда жаңғыртуымен құнды. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі – 91 метр. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылды білдіреді. Оның басындағы алтын түстес бояумен әрленген алып құс – Самұрық. Ол қазақ даласының, сайын сахараның тыныштығын, халқымыздың сүттей ұйыған бірлігін күзетіп тұр. Халық фольклорында, яғни, ертегі аңыз, мифтерде Самұрық құс жиі кездеседі. Халқымыз оны батырлардың қорғаны, әділдіктің жақтаушысы, тыныштықтың күзетшісі етіп бейнелейді.

Ел санасындағы мифтік дүниетанымды жаңғыртқан аталған кешен ұрпаққа рух береді. Дала төсін дүбірлетіп өткен кешегі ата-бабаларымыздың батырлығын, даналығын паш етеді. Сайын даланы тұлпарының тұяғымен оятқан сақ, ғұн тайпалары күні кеше Еуропа жұртын да дүр сілкіндіріп, мәдениетінің дамуына бетбұрыс жасағаны айқын. Тіршілігі жылқы малымен байланысты болғандықтан, ыңғайлы киім, яғни, мал, аң терісінен жасалған шалбар киіп, үзеңгіні ойлап тауып, сол арқылы аттың құлағында ойнаған көшпелілерді алғаш көрген Еуропа жұрты оларды жылқы бөкселі, адам басты «Кентавр» деп ойлап, осы терминді теліген жоқ па еді?

Қыран бүркіт баптап, аңға шыққан сол бір бабалардың салтын, дәстүрін ұлықтаған осы бір кешен ұрпақты өз елін сүюге, оны қорғауға жігерлендірері, бойында ұлтына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін оятары кәміл. Тарихи-мемориалдық кешеннің орталығындағы барельеф «Халық және Президент» аталады екен. Ол елдің Елбасына деген сенімін, Президентіміздің отанға, халыққа деген сүйіспеншілігін паш етіп тұрғаны айқын.

«Мәңгілік ел» қақпасы

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып, 20 метрлік сәулет нысаны ашылған еді. Биіктігі – 4,4 метр. Қақпаның сол жағында «Ақсақал» мүсіні. Ол – даналықтың символы. Халқымыз қашан да данагөй ақсақалдарды қадірлеп, олардың кесіп айтқан бірауыз сөзін жерде қалдырмаған. Сөздің киесі, елдің иесі болатынын ұғынған. Данышпан, ғұлама билердің кесімді билігіне хан да, қара да бірдей ұйыған. Осынау мүсіннен қазақтың абыз қарияларының даналығын танимыз.

Сондай-ақ, «Әйел – Ана» рельефті мүсіні ежелгі мифтік танымда от иесі саналған «Ұмай ана» сынды аналарға арналған. «Отан – Ана», «Жер – Ана» сынды ұғымдарды туған жер идеологеммасымен байланыстырып тұрған бұл мүсіннің де мәні зор. «Отан отбасынан басталады» дейтін болсақ, шаңырақтағы береке-бірлікті шақыратын, ырыс-дәулетті тасытатын – әйел-ананың ақылы, еңбегі, төзімі. Бұл мүсін осындай ойларға жетелейді.

Мүсіндердің астында қазақтың «Мәңгілік ел» таңбасы болса, әр мүсіннің жоғарғы жағына «Мәңгілік ел» деп жазылған. Қабырғалары қазақы оюлармен безендірілген. Ортасында «қалқан» орналасқан. Ол – қауіп-қатердің қорғаны, сенім, тұрақтылық, жеңіс символы. Нысанның екі жағындағы «тайқазан» молшылық, тыныштық пен тоқшылықты әйгілейді.

P.S.

Астана қаласында ұлттық рухты көтеретін, ұрпаққа тағылым беретін ескерткіштер көп-ақ. Олардың бәрі де тарихи тамырымыздың тереңінен бастау алады. Халық ауыз әдебиеті үлгісімен, ел санасындағы ұлттық тотемдерді тірілту арқылы салтымыз бен санамызды жаңғыртуды көздейтін бұл нысандардың маңызы зор. Әрқайсысымыздың миымызда ұйықтап жатқан Ұлттық кодты тірілтудің ең басты үлгісі – Астана.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*