Астана – әлем қаласы

98 main Қоғам

«Астана – мемлекет дидары, халық мерейі. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып көркейіп өсуі жолында күш-жігерді аямаймыз. Біздің жаңа астананы, жаңа Астананың бізді ұятқа қалдырмайтынына нық сенімдімін».

Нұрсұлтан Назарбаев.

98_main

Әлем қай елді болмасын бас қаласына қарап танитыны ақиқат. Ерке Есіл жағасын бойлай орналасқан келбетті де, сәулетті қала – Отанымыздың жүрегі. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астананың «Әлем қаласы» атағын алуы – ел мерейі, айшықты  елордамыздың дүниежүзі назарына ілігіп, лайықты бағалануы. Жері жұтаң, ауа райы қолайсыз, Арқадағы Ақмоланың айтулы Астанаға айналу жолын – егемен елдің ерен жетістігі, тәуелсіздіктің жемісі дегеніміз дұрыс болар.

Тарихи  шешім тарихы

1997 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Президенті, Үкімет пен Парламент басшылары Қазақстанның жаңа астанасы туралы ел халқына жолданған Үндеуге қол қойып, құжат ресми баспасөзде жарияланды. Дәл осы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қала әкімі қызметіне Әділбек Жақсыбековті тағайындады.

Өткен күндерге сәл шегініс жасап, тарихты таразылап көрсек. 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Бас қаланы ару Алматыдан Сарыарқа төріне көшіру туралы маңызды шешімді қабылдаған болатын. Парламент сессиясында депутаттар алдында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астанамызды Ақмолаға көшірудің қисындылығын атап өтіп, елорданы таңдау 32 өлшем бойынша жүргізілгенін нақты дәлелдеп берген еді. Осыдан кейін депутаттар арасында өткен тартысты пікірталастың нәтижесінде Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген сындарлы шешім шығарған-ды. Егемен еліміз тарихындағы айтулы оқиға осылай жүзеге асырылды.

Ал, араға екі жыл салып 1996 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдады. Бір жылдан кейін 1997 жылдың 20 қазанында ҚР Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы жарық көрді. Аталған құжатқа сәйкес Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді және жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. 1997 жылғы 8 қарашада Ақмоланың орталығында жаңа астанаға басты мемлекеттік символдардың жеткізілуі салтанатты жағдайда өтті. Осы күндері жаңа астанаға Президент Әкімшілігі, Үкімет, жетекші министрліктер мен ведомстволар қызметкерлерінің алғашқы тобы да келді.

Бүгінгі бейне

Бұл күні Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болды. 2011 жылдың басында елорда VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. 2017 жылы «EХРО-2017» халықаралық көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Қазіргі таңда 1 миллионнан астам тұрғыны бар елорда «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» аудандарынан тұрады. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алса, 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі саналады. Өткен 21 жыл ішінде Астананың архитектуралық келбеті ғана емес, бас қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де адам танымастай өзгерді. Елордада бизнес қанат жайып, құрылыс саласы, қызмет көрсету, тауар айналымы мен көлік саласы қарқынды түрде дамыды.

Астана қалалық Статистика департаментінің мәліметтеріне қарағанда, осы жылдар аралығында елорда бюджеті 77,5 есеге, жалпы ішкі өнім 224 есеге, инвестицияның жылдық көлемі 50 есеге өсіп отыр.

Осылайша, қазақ халқы Тәуелсіздіктің арқасында өз астанасын өзі таңдап, саяси-әкімшілік, мәдени-рухани орталығын белгіледі.

Келбеті бар көз тартар

Қала төріндегі бірегей нысан Бәйтерек сынды биіктеген Астана айшықтары әлем назарында. «Бұл – мәңгіліктің қаласы, болашақтың бастауы. Оның түлеуі мен түрленуі әлі алда» деген пікірлердің жаны бар. Еуропалық сән мен қазақы сымбат қатар өрілген кешендер мен теңдесіз ғимараттар түрлі өркениеттердің сәтті табысуы іспетті. Әлемге аты әйгілі сәулеткерлердің небір үздік жобалары Сарыарқа төсінде жүзеге асып, көз қуанышына айналды.

Ұлт мақтанышына баланған Бәйтерек – Астананың мызғымас символы. Белгілі британдық архитектор Норман Фостердің пирамида үлгісіндегі «Бейбітшілік және келісім» сарайы –бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарынан орын алған алып кешен. Ал, «Хан шатыры» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат болса, «Думан» орталығы теңізден алыс орналасқан океанариум ретінде танымал. Сонымен қатар, 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған он мың орындық «Сарыарқа» бірегей велотрегі, халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны, «Астана Опера» секілді ғимараттар Астана сәулетін еселеп арттырып тұрғанын айта кеткен жөн.

Елбасы мен Елорда – егіз ұғым

Әр елдің астанасы – сол елдің төлқұжаты. «Астанасына қарап, елін таниды» деген Елбасы сөзінде терең мән бар. Мемлекет басшысының «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады. Олардың әрқайсысының өз аты, қайталанбайтын өмірбаяны, дүниеде ешбір жерге ұқсамайтын өзіндік айрықша мінезі мен белгілері бар» деген жолдар бар. Расында да, жаңа Астана тарихы – ертегіге бергісіз ақиқат. Елорданың өзгелерге үлгі боларлық тұстары жетерлік. Тұрғындарының жыл санап еселеп артуы Астанамыздың дүние жүзі бойынша дамып келе жатқан ең жас қала екенін білдіреді.

Сонымен қатар, ертеңіне қол созған Елорда – жастардың қаласы, болашақтың бастауы, келер күннің келісті боларының берік кепілі, халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры. Президенттің перзентіндей болған Астанаға Елбасының идеялық еңбегі ғана сіңген жоқ, қаланы жасыл желекке көмкерген бас бағбаны да, ажарын сәнді еткен бас сәулетшісі де Мемлекет басшысы болды. Сондықтан да, Елбасы мен Елорда – егіз ұғым. Уақыттан оза шапқан бүгінгі Астана – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі, арманы мен тілегінің кепілі.

Гүлжан Әмірова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Еңлік

    Өткен ғасырларда хандар, патшалар орталық болуы үшін әдемі шаһарлар салып, сонда үлкен-үлкен келелі жиындар өткізгені анық. Сол сияқты Тәуелсіздіктің Президенті елімізге Астанадай сұлу қаланың қалыптасуына үлкен септігін тигізді.