Ақиқатқа айналған арман

A i at a aynal an Қоғам

Қаншама ғасырлар көші өтпеді бұл Ұлы Далада?! Қоңыраулатып көшкен сол керуендердің үндері домбыра мен қобыз сазы арқылы бебеу қағып жетпеді ме? Міне, қазақтың Тәуелсіздік алып, өз билігі өз қолына тигеніне де жиырма жеті жылға айналып барады. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, ұлтымыздың еңсесін көтеріп, рухын биіктетуде осынау зымыран жылдар ішінде егер көрер көз, естір құлақ болса, атқарылған іс көп екені талас тудырмайды. Әр саладағы қол жеткізген табыстар, жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесі ел еңсесін тіктеді.

Ақиқатқа айналған

Сөз жоқ, Тәуелсіздіктің төл туындысы, батыл шешімі — жаңа астана салу. Әу баста, оған үрке қарағандар да, тіпті ашық қарсы шыққандар да болды. Алайда, ұлы мәртебелі уақыт бәрін де орнына жайғастырғаны анық. Санаулы-ақ жылдар ішінде дүние жүзін мойындатқан жаңа Астана салынды. Бір ғажабы, Астана рухани келбетін де түзеп алды. Ұлтымыздың маңдайына біткен зиялылар мен зерделілер мұнда қоныстана бастады. Елбасының арнайы шақыруымен келген елге тұтқа, заманға тұлға болар азаматтардың Астана өміріне араласуы оған тың рухани серпін бергені де ақиқат.

Ұлы Даланың жүрегінен жарып шыққан сол Астанаға биыл жиырма жыл толды. Бір адамның өмір жасымен есептегенде әжептәуір уақыт. Сол жылы туған ұл ержетіп, қыз бойжетіп, тура жиырма жастың биігіне шығатын шағы. Тарих көзімен қарар болсақ, ұлттың, ұлыс өмірінің бірер сөйлем аясына сиып кетер үзігі. Сол тарих үзігін дәуір, қоғам, заман қазанынан сүзіп отырып, күнгей-көлеңкемізді, жеткен-жетпегенімізді, бергеніміз бен бермегенімізді, алғанымыз бен алмағанымызды екшер болсақ, ел өмірінде қыруар істер атқарылып, өркенді өзгерістер мен өрісті жаңалықтардың аз болмағаны шындық.

Алаш алаш болып, аты әлемге танылғалы, қазақ қазақ болып, белін буып, ерге қонғалы халқымыздың арғы-бергі дәуірлердің аласапыраны мен сүреңінен көрмегені жоқ. Туы желбіреп, оңы-солына ықпалын жүргізген жұлдызды ғасырларының жарығы мен нұры еліміздің аспанын әлі күнге жарқыратумен келеді. Батыс пен Шығыстың қыспағына қатар ілігіп, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» зарына тұншыққан қасіреті қалың дәуірлердің көлеңкесі әлі күнге жанымызды мұздатып, жүрегімізді сыздатып жүргені де жасырын емес. Бұл – тарихтың боямасыз ақиқаты.

Жаһандану жағдайындағы құндылықтарды ықтырудың Қазақ елінде ғана емес, күллі Жер есімді алып ғаламшардың өне бойында жүріп жатқаны бесенеден белгілі. Құндылықтарды қорғау мен ұлттың болмыс-бітімін сақтау жолындағы күрес кей тұстарда, тіптен, өркениеттер қақтығысына айнала жаздап, әлемдегі ахуал ушығып отыр. Діни наным-сенімдердің шамшылдығын оятуға күш салу ашық жүруде. Бұл аса қауіпті, әсіресе, мәдениеті мен рухы, тілі мен діні сыртқы күштерге кіріптар болып, өз іші алты бақан алауыз күй кешкен елдер үшін қатерлі екеніне көзіміз жете түсуде.

Міне, осындай уақытта «Қазақ, Тіл, Астана» дейтін үш ұғымды бөле-жара қарауға әсте болмайды. Төрт керегенің ішінде-ақ ғаламда болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтарға есі кете тұншығып отырған бүгінгі ұрпақ ақпараттар ағынына белшеден батуда. Адам санасы желдей ескен сол замана мінезінен шаршай бастаған сыңайлы. Құйындай ұйытқып, желдей жүйткіген уақыт та заманның  құбылмалы мінезіне үйреніп алған тәрізді. Ал, адам санасы шаршаған жерде не тоқырау басталатыны, не имансыздық етек алатыны даусыз. Кеңістік пен қоғамда болып жатқан осындай аласапыранды өз пайдасына тиімді әрі оңтайлы пайдалану мақсатында ғаламдық мүдделер қақтығысы жүріп жатқаны да рас. Осындай уақытта елдігімізді танытып, ертеңімізге қол созуға, келешегімізге арман сапарын бастап, болашағымызды баянды етуге бастайтын елдің жүрегі – Астана!

Шағын ұлттар шаң қауып, ғасырлар тасқынына жұтылып кететінін де тарих сабағы бізге үйреткен. Дүние дидары күн санап емес, сағат санап емес, секунд санап өзгеруде. Алты құрлықтың ендігі мен бойлығындағы дүмпулер мен жарылыстар қазақтың да құлағына жетті. Жер есімді бесігіміздің адамзат баласын тыныштық жырымен әлдилер түрі әзірге байқалмайды. Ұлы дүниенің ұлан-ғайыр жағдайын қысқа сөйлемдер аясына сиғызып айта алмайтынымыз да даусыз. Қазақтың елі мен жері де сол өзгерістер мен дүмпулерден сырт қала алмайтыны анық. Ел мен Жерді осынау аласапыранды саяси ахуалдар сүреңі мен діни наным-сенім майданынан әзірге аман алып кете жатқан бір ғана фактор. Ол – мемлекет басқарып, билік тізгіні қолында отырған адамның оңы мен солын таразылап, елдің сыртқы күштерімен байланысын қалыпты жағдайда ұстауды, ішкі тұрақтылықты сақтауды қамтамасыз етер ұлтжанды, көреген тұлға. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп келе жатқан көп векторлы, ұстанымы берік, өміршең саясаттың айқын көрінісі – бүгінгі Астанасын Сарыарқаға қондырып, Батыспен де, Шығысымен саяси-экономикалық байланысын тұрақтандырған, Ұлы Дала төсінің қияны мен қиырын өз темір жолдары мен тас жолдары жалғап жатқан, инновация мен еңбекті қоғамның қос қанаты ете білген Қазақстан екенін әлемнің ірі елдері танып, мойындап отыр. Осынау жетістіктерге айқын бағыт беріп, жөн сілтеп отырған да – Астана!

Аты аңызға айналып, ғасырлар қатпарын көктей өткен Асан қайғы бабамыз желмаясымен жұртына жұмақ мекен іздегенде жанынан да артық көрген қазағының жаңа дәуірлерге кеудесі күмбірлі күйге тола, көкірегі жырға тола жетуін жаратқаннан жалбарына сұраған шығар, бәлкім! Сол арман бүгін Астана болып оралып отырғанына куәміз.

Қазақ жыраулық поэзиясының атасы атанған Шалкиіз жырау:

Еділден аққан сызашық,

Біз көргенде

тебінгіге жетер-жетпес су еді –

телегейдей сайқалтып,

жарқыраған беренді

теңіз етсе,

Тәңірі етті!

Жағасына қыршын

біткен тал еді,

Жапырағын жайқалтып,

Терек етсе, Тәңірі етті, – деген екен. Шындығында, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен байтағын жауға алдырмаған ата-баба арманын ақиқатқа айналдырған – Елбасының көреген көсемдігі, сарабдал саясаткерлігі. Күні кешегі облыс орталығы болған Ақмола қандай еді, бүгінгі Астана келбеті қандай?! Алла Тағаланың қазаққа иіп тұрғаны, қазақты қолдап тұрғаны, қорғап тұрғаны Астананың дидарында тұр ғой!

Бар қазақтың жүрегіндегі тәтті арман, бар қазақтың көкірегінде сақталған елге деген махаббат Астанадан бастау алады. Ұлы мұраттарға, келешек күндердің жұлдызды жеңістеріне бастайтын жол да Астанадан басталады. Ескен желмен, көшкен сеңмен, тасыған сумен бірге Уақыт деген мықтының да адамзат баласына қояр талабы, берер несібесі өзгеруде. Құммен бірге көшіп, тасқын сумен жуылып, ескен желге жұтылған замана қазақтың кеңбайтақ даласына да, қазақтың қарасирақ баласына да мүмкіндік бергені ақиқат. Сақалына жасы сорғалап отырып, мойнына бұршақ салып тілеген баба тілегі, арманы ақиқатқа айналды.

Атамекенге, ата дәстүрге, ата салтқа, баба тарихқа деген құрметтің көрінісі де – Астана! Ортақ ұлттық қағиданы мойындап, әрбір әрекетімізді бауырластық пен туыстыққа икемдеудің ғажап үлгісі де – Астана. Елдің тағдырына қатысты тарихи шешімдердің қабылданып, бар қазақты бауырына басатын да – Астана!

Көшпенді елдің, Түркі халқының, жалпы біздің баһадүр бабаларымыздың дәурені басында тұрғанда, Батысы салық төлеп, Шығысы қорыққаннан қорған-қамал салған кездері де болған.  Сосын тарих дөңгелегі кері айналған сияқтанды. Бөрілі байрағымыз жер құшып, көкжал мінезімізден айрылып қалдық. Алайда, бодандыққа көнбей, бостандығымызды қолдан бермедік! Ары мен намысын қорғап, өзін-өзі сыйлата білудің Далалық көкбөрі ұлдарға тән мінезі бұл! Кешегі өткен Көкбөрі даналарымыздың ерін – елдікке, елін  ерлікке бастаған тарихи тұлғаларға, асыл ұлдарға «жігіттің қасқыры», «көкжал» деп баға беруі де тегін емес шығар?! Көкжалдық пен бөрілік – көзсіз батырлық емес. Еліңді  жеңіске жетелеудің айласын таба білу. Күрестің заманға сай әдіс-тәсілін меңгеру. Қазақтың ұлттық рухы Астана жер бетінде тұрғанда төмендемесі кәміл!

«…Көк бөрінің жалпы түркі тектес халықтардың бәріне ортақ қасиетті тотемге айналуы, ал, біздің қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының негізінен көгілдір аспан түстес болуы тіпті де кездейсоқтық емеc» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында атты кітабында.

P.S.  Астананың архитектурасынан да Көкбөріге тән мінезді байқаймыз. Сонау сақ тайпаларынан бері қарай жалғасқан рухани байланысты табамыз. Көкбөрі сынды ұрпақ өсіп келеді. Мағжан айтқандай, «Қырандай күшті қанатты» көкжал ұлдарымыз әлі-ақ Тұранның басына қонған бақты баянды етері сөзсіз. Астана төріндегі әр монумент, әр ескерткіш, әр мүсін, бой көтерген үйлер  ғажап үндестігімен ғасырлар көшін болашаққа жалғап тұр. Елбасының ұлы мұраты да осы болса керек. Дешті-Қыпшақ даласының ертеде ұшып кеткен киелі рухы Астана арқылы ұланғайыр жерімізге қайтып оралды. Қазақ елінің қазір рухы түлеуде, намысы ширығуда, арманы алға бастауда.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз