Аспаннан зауал жаумасын…

Біздің өмір сүріп жатқан Жеріміз ғарыш кеңістігіндегі көп планеталардың бірі екені мәлім. Ендеше, Күн әлемі төңірегінде жүзіп жүрген өзге де аспан денелері жеткілікті. Ал, солардың бір-бірімен соқтығысуы мүмкін бе? Оның соңы нендей апатқа апарады?

357998

Шындығында, әр күні біздің төбемізге  жалпы салмағы жүз тоннаға жуық түрлі нәрселер құлайды екен. Бұл өзі ғарыштан жауған жаңбыр секілді. Алайда, адамдар оны сезінбейді. Өйткені, әлгі ұсақ аспан денелері Жердің жоғары қабатына жетпей, атмосферада жанып кетеді. Ал, ірілері сирек түсетін көрінеді. Мәселен, аумағы 30 метрге дейінгі метеориттер бірнеше айда бір-ақ рет көрінеді. Одан үлкендері шамамен 300 жылда сыр береді. Ақырында, диаметрі жүз метрден аса аспан денесін бірнеше ондаған мың, тіпті миллион жылға дейін күтуге болады. Сонда Жер бетіне жуық уақытта төніп тұрған қатер де жоқ секілді. Әйтсе де, ғарыштық ірі нәрселермен соқтығысу адамзатты ауыр апатқа душар етеді.

Бұдан Тынық мұхиты маңындағы Юкатан жарты аралында диаметрі 180 км Чиксулуб кратері куә. Оның бір жартысы жер бетінде, екінші бөлігі Мексика шығанағының түбінде жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша, ол бұдан 65 млн. жыл бұрын, яғни бор дәуірінің соңында пайда болған. Сол кезде Жерге диаметрі он шақырымдық астероид соқтығысқан. Салдарынан ядролық қыс туып, динозаврлар жаппай қырылған. Құдай сақтасын, егер осындай ірі аспан денесі қазір Жерге құласа, онда бүгінгі тірлігіміз түбірімен өзгерер еді.

Салыстырмалы түрде шағын метеориттер Қазақстан территориясына да түскен. Мәселен, Ақтөбе облысында диаметрі он шақырымдық кратер бар. Ғалымдар оның пайда болғанына бір миллион жыл толғанын айтады. Арал маңында да аспан денесінің құлаған ізі бар.

Астрофизиктер Айдың өзі бұрын Жердің бір бөлшегі екенін, кейін аса ірі метеориттің соқтығысуы салдарынан бөлініп кеткендігін болжайды. Бұл оқиға бұдан төрт миллиард жыл бұрын болғанға ұқсайды. Марс пен Юпитер арасында да мыңдаған астероид бар. Олардың дені шағын, әйтсе де, аумағы 700 км ірілері де кездеседі. Солардың бірқатары Жерге құлайды. Аспан әлемінде астероидтар белдеуі ықылым заманда Фаэтон аталған планетаның бөлшектенуі салдарынан пайда болған деседі. Күн әлемін айналып жүрген мұндай денелер Жермен жүздесуі әбден ықтимал. Егер бірнеше жүз метрлік метеорит мұхитқа түссе, онда жағасын түгел шайып кететін су тасқыны болады. Ал, құрлыққа құласа, қуаты миллиондаған мегатонға тең жарылыс орын алмақ.

Сонымен, Жерді қалай сақтауға болады? Бүгінде оның төңірегінде 20 мыңға жуық қауіпті аспан денелері бар. Рас, олардың көбінің диаметрі 100-300 метр аралығында. Әйтсе де, аумағы шақырымнан асатын ірілері де кездеседі. Бұлардан төнетін қатер ядролық шабуылдан кем емес. Бүгінде ғалымдар аспаннан жауар зауалға қарсы амал іздестіруде. Алайда, әлі күнге дейін ғарыш кеңістігін бірлесіп зерттейтін халықаралық ірі орталық жоқ. Әр елдің ғалымдары өздерінше жаңалық ойлап табуға ұмтылуда. Әйтсе де, астероидтардан қорғанудың бірнеше жолы ұсынылуда. Мәселен, қауіпті нысандарды түрлі тәсілмен Жерден аулақ әкету.

Дегенмен, адамзат әзірге еш нәрсе ойлап тапқан жоқ. Ал, ғарыштан төнер қатер әлі көп. Бүгінде Жер төңірегінде 700 мыңға жуық спутниктер мен олардың бөлшектері бар. Қазір байланыстың барлық түрі ғарышқа байланысты екендігін ескерсек, онда солардың бірі бізге құласа, қалыпты тірлік бұзылады. Егер 2013 жылы Ресейдің Челябі қаласы маңына түскен метеорит атом электр стансасына немесе химиялық қалдықтар көмілген полигонға түссе, техногендік түрдегі алапат апат орын алар еді. Бұл аспан денесін америкалық ғалымдар атмосфераға енерден екі сағат бұрын ғана байқапты. Метеорит Күн жағынан келгендіктен көзге ілінбеген. Осының өзі-ақ адамзаттың көктен төнер қатерден құр еместігін көрсетеді.

Ал, адамзатқа қорғануға берілген уақыт тым аз. Мамандардың болжауынша, 2029 жылдың 13 сәуірінде аса ірі Апофиз астероиды Жерге өте қауіпті қашықтыққа жақындайды. Бүгінде ғарыш табыс табу көзіне айналды. Көкке кәсіби мамандар емес, қалтасы қалың көлденең кісілер көтерілуде. Осы саладан көл-көсір пайда түсіріп отырған бизнес иелері Жер бетіндегі тіршілікті ойламайды. Жалпы, аспанға өзіміз қанша нәрсені қолдан ұшырып жатсақ, сол жақтан бізге де сонша зат құлдырауы ықтимал.

Виктор  ТЕЙФЕЛЬ, Фесенков атындағы Қазақ астрофизикалық институтының Ай мен планеталар физикасы зертханасы меңгерушісі, профессор:

– Жер мен астероидтар жолы ара-тұра тоғысады. Рас, олар өзара соқтығысуы үшін екеуі де бір мезгілде бір жерден табылуы тиіс. Мұндай ықтималдық өте аз, бірақ, оны жоққа шығаруға да болмайды.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*