Қасиетті қамшы әр қазақтың үйінде тұрса игі!

Ұлттық дәстүрі мен салт-жоралғысын берік ұстанған қазақ халқы ықылым заманнан бері ер қаруы – қамшыны қасиетті санады. Ол әр үйдің төрінен орын алды. Бүгінде, өкінішке қарай, ата-бабамыз баса мән берген бұл дәстүріміз ұмытыла бастағандай. Көненің көзіне айналып бара жатқан осынау жәдігерді әр қазақтың үйінен емес, көрмелер мен музей сөрелерінен ғана көруімізге не себеп? Жалпы, ұлттық құндылығымыздың құнын қалай асқақтатамыз?

dsc_0272

Сан  түрлі сыры бар

Осы және өзге де сауалдар аясында бірқатар аға буынмен сөйлесіп, мәдениет майталмандарын сөзге тартқан едік. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп жүрген ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев қазақ үшін қамшының атқарар рөлін жіпке тізіп берді.

Қамшы тек атқа мінгенде ғана емес, бұл – жалпы домбыра, ертоқым, шаңырақ, түндік секілді ел атрибуттарына жататын дүние. Оның бірнеше түрі бар. Төрт өрімдік шыпыртқы деп аталатын қамшыны бес жасар бала тайға мінгенде ұстатады. 11-12 жасқа жеткенде жасөспірімге алты өрімдік қамшы сыйлайтын. Ал, сегіз өрімдік, төрт қырлы жіңішке қамшыны бозбала мен бойжеткенге ұсынса, дойырды қайратты нағыз ер жігіт ұстады. Дойыр қорғасын құйылып, басына темір салынып жасалды. Оның қасқырды бір ұрғанда өлтіретін күші болғандықтан, нағыз қару ретінде қолданды. Ауыз әдебиетіндегі «өгізді дойырмен бір ұрып құлатты» деген әңгімеге мән берсек, оның қандай қуатты қамшы екенін аңғарамыз. Кезінде ең жақсы қамшыны сый-сияпатқа да ұсынды. Сабын күмістен жасап, оны тазалықтың белгісі санады. «Қамшы ұстағаннан жын-шайтандар қашады» деген түсінік те бар. Бұл ретте қамшы емшілердің емдік қаруына да айналғаны рас, – деді Абат Кенжеғалиұлы.

Десек те, бүгінде қамшы бұрынғы мәнін жоғалтып, қолданыстан қалып барады. Қажеттілігі жоқтығын алға тарта берсек, ата-бабамыз қасиетті санаған ұлттық құндылығымызды жас ұрпаққа қалай мирас етеміз?

Қазір қамшы өрушілердің өзі азайды. Әр ауданда бірен-сараны ғана бар. Олардың өздері бұйымды дәл бұрынғы шеберлердей жасамайды. Біз аталарымыздың қамшы өріп, жасағанын көріп өстік. Атам Ерекен Қалмұханов нағыз қамшыгер еді. Ол Жәңгір ханның ұстаған қамшысын жасады. Сол кездегі шеберлердің былғарыны илеуінің технологиясы мүлдем бөлек еді. Мәселен, 60 сантиметрлік дойырды жасау үшін алдын ала ұзындығы төрт метр теріні дайындайды. Өзекті айналдырып өріп, бір таспаны түске дейін әзер жасап бітіреді. Мұның өзі үлкен шеберлік пен асқан төзімділікті қажет етеді. Нағыз қамшыгерлер әр бұйымды жасаудың қыр-сырына мән берді. Оны ұстаушының жас шамасына терең үңілді. Міне, бүгінде жоғалып бара жатқан осынау дәстүрімізді қайта қолданысқа енгізу – ұлтымыз үшін аса қажетті іс, –  деді Абат Кенжеғалиев.

Әке көрген оқ жонар…

Тақырыпты зерделеуде қамшы жасаушы шеберлерді де іздеуге тура келді. Өкініштісі сол, он саусағынан өнер тамған мамандардың өзі бұл іске аса қызығушылық таныта бермейтіні байқалды. Көптің ішінен атыраулық шебер Кеңес Айыпқалиевпен тілдесудің сәті түсті.

Қамшы өрудің мәні мен маңызын білмесең, оны жасау бекершілік. Ат-көлікке мінгенде қамшысы қолында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында ілулі болады. Ал, үйде отырған кезде босағаның оң жағында ашық ілінуі керек. Оның мағынасы — «мал басым аман болып, үйімнен молшылық кетпесе екен» деген тілектен туындады. Жартылай бүктетіліп ілінсе, «қамшы иесі сырқатынан жазылсын» дегені. Қамшының иесі о дүниелік болса, оған құрмет ретінде ұстаған бұйымын төрге іледі. Сәби бесікте шошымасын деп бас жағына, не жастығының астына қамшы жастаған, – деді Кеңес Айыпқалиев.

Шебердің айтуынша, қазір әдемілік үшін сарыала қамшы көбірек қолданылады. Жыланбауыр деп аталатын түрі ­– нағыз әдеміліктің символы. Оны Ақан сері, Біржан салдар ұстады. Күмістен жасалған қамшы беделді жігіттерде болды. Қамшыға арналған ең жұқа теріні жаз айларында илеп, дайындап, күзде алғашқы шық түсер шақта өрген жөн екен. 1980 жылдан бері қамшы өрумен айналысатын ол қазір  бұрынғыдай болмаса да тапсырыстар түсіп тұратынын айтты.

– ­Сұранысқа сай жасалған қамшылар алпыс мың теңгеден бастап бағаланады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, мен жеті жасымнан атамның қамшы жасағанын көріп өстім. Бұл іске бала кезден қызығушылық танытып, кейін қамшыгерлікті зерттеп, әдіс-тәсілдерін меңгердім. Бүгінде  ата-баба дәстүрін сақтап, оны өз ұрпағымның бойына дарытқым келеді. Ал, сауда-саттық орындарында сатылып жатқан қамшылар нағыз қамшыгердің қолынан шыққан бұйым деуге келіспеймін, – деді Кеңес Айыпқалиев.

Музей сөрелері көз тартады

Шындығында, қазір қамшыны әр үйден емес, музей сөрелерінен ғана көріп жүргеніміз рас. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ләззат Салихованың айтуынша, 1965 жылдан 2013 жыл аралығында барлығы 15 қамшы  жинақталды. Олардың ішінде төртеуі күмістелген, біреуі жезді, біреуі мыс сапты, енді бірі – дойыр қамшы. Олар 4, 8, 12 өрімнен тұрады. Ең алғаш тапсырылған қамшы – Нарын өңіріне белгілі шебер Сәрсенғали Шеркешбаевтың қолынан шыққан, Марал Жаңбырбаевқа сыйға тартылған дүние.

– Бұдан басқа музей қорында Социалистік Еңбек Ерлері, новобогаттық, өндіріс жетекшісі болған Аюпов Аронның, Қызылқоға ауданының аға шопаны Қалыбай Жұмағалиевтің және жылыойлық шопан Дәукен Баубековтың дойыр қамшысы бар. Құрманғазы ауданының ардагерлері тапсырған қолөнер шебері Ғұмаров Нығыметтің өз қолымен өрген сегіз өрме қамшысы, Жылыойдағы Шоқпартоғай ауылының тұрғыны Ақтілеу Молдағалиевтің қолынан шыққан қамшысы да музей қорын толықтырды. Ал, тұрғызбалық Қисмет Дәрібаев әкесінен мұраға қалған күмістелген қамшыны тапсырса, 2000 жылы өлкеміздің перзенті, қоғам қайраткері Иманғали Тасмағанбетов жезді және мыс сапты екі қамшы тарту етті. Сондай-ақ, музей экспозициясында Байбақты атаның қызғылт жыңғыл сапты қамшысы орын алып, мұндағы дүниелердің әрқайсысы көз тартады, – деді Л.Салихова.

P.S: Қалай десек те, қамшы қазір көненің көзі ретіндегі жәдігерге айналып кетпеуі тиіс. Салт-дәстүрдегі оның сан қырлы қасиетін ескеріп, рухани жаңғыру аясында қамшының қолдану және насихат аясын кеңейте алсақ жөн болар еді. 

Жазушыға бұйырған бұйым

Кенен Әзірбаев Сәбит Мұқановтың 60 жылдық мерейтойында күмістелген ер тұрманы бар сәйгүлік мінгізіп, қолына күміс сапты қамшы сыйлайды. Тұлпарға мінген Сәбит шалқақтап,  түспей қояды. Бұл қылығын көрген Хамит Ерғалиев қамшыны білдіртпей әзіл ретінде ұрлап алып, Сафуан Шаймерденовтің көлігіне тығып қоюын өтінеді. Сәбит қамшысын іздеп, шарқ ұрғанда екеуі сыр білдірмей отырады. Олар тойдан соң, қамшыны иесіне қайтаруды ұмытып кетеді.

Кейін қайтарамын деп жүргенде, үйінің төрінде ілулі тұрған қамшыны Сафуанның баласы өрімін жазып, конькиге бау етіп тағып алады. Сол бала Саян Шаймерденов кейін атақты хоккейші, жеті дүркін КСРО чемпионы атанады. Сафуан баласының спортта үлкен жетістікке жетуіне Сәбиттің қамшысының әсері болды деп жақсылықтың нышанына балапты. Қазақ осылай ел алдында жүрген жақсы адамдардың қамшысын ырымдап, қалап алып отыруды бұрыннан әдетке айналдырған екен…

Сіз не дейсіз?

Клара  СӘЛДИЕВА, «Алтын алқалы» ана:

Қызымның қамшысы бір бөлек…

Керегеде ілулі тұрған қамшының саны мен жасалуына қарап, сол үйдің қанша ұл-қызы барын біліп отырды. Қыздарға арналған қамшы ерекше сәнделіп, жіңішке етіп өріледі. Ал, ұлдардың қамшысы жасына сай ерекшеленіп жасалды. Мәселен, некелесер алдында басына тас салғызған тобылғыдан жасаған жігіттің қамшысы қыздың көзіне бірден түсетін болды. Қыз таспен көмкерілген қамшыны таңдау арқылы некелесуге келісімін берді.

Нұрсұлтан ҚАЛИЕВ, қолөнер шебері:

Арнайы шеберхана ашылса…

Ұлттық құндылықтың мәнін арттырып, оны жас ұрпаққа мирас ету мақсатында насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет. Жас буынның қамшыгерлікке деген қызығушылығын арттыру үшін арнайы шеберлік сыныптарын ұйымдастырған жөн. Біздегі музейде жас буынды бейнелеу өнеріне баулуға арналған арнайы бөлме бар. Осы секілді қамшы немесе басқа ұлттық бұйымдарды жасап үйрететін арнайы шеберхана ашылса екен. Салт-дәстүрде қамшыны жасау мен ұстау, оны қолданудың тәрбиелік мәні, өзіндік ережелері мен жөн-жосықтары  осындай орындарда өскелең ұрпаққа көрсетілсе құба-құп.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*