АШЫҚ ӘҢГІМЕ АРҚАУЫ

 

Нұрлыбек Ожаев бұл қызметке тағайындалғаннан кейін арнайы мамандар, «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны басшылығымен каналдарды аралап өткендігін, олардың әрқайсысының ұзындығы шамамен 297 шақырымды құрайтындығын айтты. Осы мақсатта ауданға 40,8 млн. теңге бөлінген  қаражатпен  каналдарды  деңгейінде ұстап тұру, оның тиімділігін арттыру шаруалары қолға алынып жатыр екен. «Бүгінгі таңда жағдай жақсы деуге толық негіз бар. Дегенмен, тозығы жеткен каналдарды қалпына келтіруде комитетке арнайы сұраныс жолдаған. Жалпы, мұның бәрін реттеуге 589 млн. теңге қажет деп есептеп отырмыз», – деді Нұрлыбек Жұмахметұлы.

Ал,  ұңғымаға  қатысты  сұрақ  төңірегінде аудан әкімі елді мекендерді аралау барысында Жанбай селолық округінің тұрғындары тарапынан осы мәселе көбірек қозғалғандығын жеткізді. Сол себепті оған зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін №7 ұңғыма айналасы қоршалыпты. Жобалық-сметалық құжаттары аяқталғаннан соң тендер өткізіліп, мердігер таңдалғаннан кейін ұңғы жойылатыны белгілі болды. Бүгінде конкурстың жеңімпазы анықталып, компания техникаларын әкеліп қойыпты.

Бізді («Атырау» газеті) Каспий теңізінен заңсыз балық аулау фактілерімен күрес жұмысы толғандырды. Сондай-ақ,  дәрігер кадрлар жетіспеушілігін шешуде қандай шаралар қолданып жатқандығы  сауалымызға арқау болды.

Баяндамашы алғашқы сауалымыз бұрыннан бері де бірнеше мәрте қозғалып жүрген маңызды мәселе екендігін,  дегенмен біртіндеп шаруалар атқарылатынын атап өтті.

– «Ракуша», «Құрманғазы» кооперативтері арқылы заңды түрде балық аулау ұйымдастырылды. Оған Жанбай, Забурын селолық округтерінен жұмысшылар тарттық. Мәлімет бойынша 150-ге тарта жұмыссыз еңбекпен қамтылса, күзгі маусымда Забурыннан 93 адам жұмысқа алынды,-деген Н. Ожаев тұрғындар арасында  заңсыз балық аулауға тосқауыл қоюға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартты. Сондай-ақ, аудан әкімдігі құқық қорғау органдарына жұмыстарын ширату қажеттігі жөнінде нақты тапсырмалар жүктегендігі белгілі  болды. Бұған  дейін  қалада  орналасқан балық қорғау инспекциясы аудан орталығына көшіріліпті.

Белгілі болғанындай, дәрігер мамандарды толықтыруда аудан әкімшілігі Алматы, Ақтөбе қалаларындағы жоғары оқу орындарымен байланыс жасап келе жатқан көрінеді. 16 жас бүгінде сол оқу орындарынан білім алып жатыр екен. Екеуі биыл оқуын аяқтаған соң туған ауылында еңбек етпек. Соңғы жылдары осындай бес маман келсе, олардың барлығына да қызметтік үй мен несие беріліп, көтермеақысы  төленген.

 Облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Нұргүл Ысмағұлова газетімізде жарық көрген жоба – «Атамекен» экспедициясымен Исатай ауданына ат басын тірегендерін, ондағы кезіккен кейбір проблемаларға қатысты аудан әкімдігіне хат жолданғанын, дегенмен күні бүгінде жауабы келмегенін айтты.

Нұрлыбек Ожаев мақалада айтылған мәселе Нарын құмы көшкініне қатысты екенін, бұл бағытта тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Хатқа жауап дереу жолданатыны да белгілі болды.

Журналист Рита Өтеуғали «Атырау» кәсіби футбол командасының филиалы құрылғандығын, оның болашағы туралы, сонымен қатар, мұнай компанияларының әлеуметтік көмегі жөнінде сауал жолдады.

Аудан әкімі исатайлық жастардың осы спорт түріне қызығушылығы артып келе жатқандығын жақсылыққа балап, келешекте белгілі футболшы шығатынына сенім білдірді. Тіпті, аудандық біріншілік те ұйымдастырылыпты.

Осы аумақта өнім өндіретін кәсіпорындар әлеуметтік салаға мүмкіндігінше жәрдемдесіп жатыр екен. Бірі болашақта Х.Ерғалиев ауылында, енді бірі Аққыстауда балабақша салып беретіні айтылды.

Журналист Дәулетқали Аруев сауалдарын аудандағы апатты үйлер, сүт өңдеу цехы, ересектерге арналған жазғы демалыс орындары жағдайына арнады. 

Аудан  әкімінің  жауабынан  белгілі   болғандай,  жақында  мамандар  Маңғыстаудағы сүт өңдеу цехына барып, тәжірибе жинақтап, келісіп қайтыпты. Жалпы, ауданда шұбат өндіруге қатысты серпінді жұмыс басталыпты. Исатай ауданының «Нарын шұбаты» брендімен өзіміздің өнім жарық көргенде алдымен бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлайтынын жеткізген Нұрлыбек Ожаев мал шаруашылығын дамыту ісі таяу уақытта қарыштап дамитынын да мәлімдеді.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.                        

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*