Ашық аспан астындағы қойылым

Есте жоқ ескі заман… Ежелгі Грекия… Ашулы толқындары аспанға атқан Эгей теңізі… Азапты махаббат пен аярлық… Осы бір алабұртқан сезімдер мен көне дүниелік аңызға жуырда Атырау жұртшылығы куә болды. Жайық жағасындағы жергілікті жұрттың көз қуанышына айналған Ретро саябақта өнердің өлмес туындысы қойылды. Сахналаған – Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры. Еврипидтің «Медея» трагедиясын ашық аспан астында сахналау идеясы өте ұтымды да тартымды шықты.

????????????????????????????????????

Осыған дейін премьерасы үлкен қошеметпен қабылданған қойылымның режиссері Қ.Қасымов, суретшісі Т.Мұхтаров екендігі белгілі. Театрдың белді актрисасы Гүлнұр Қайырлиева сәтті сомдаған сезім үшін көзсіз құрбандыққа барудан бас тартпаған асау Медея, Бақытжан Өтеғалиев ойнаған  рухсыз, тұрақсыз Ясон образдары, жалпы трагедияға жасалған батыл режиссерлік шешімдер, қазіргі әлемдегі тұрақсыздық пен жаһандық мәселелер көрермен жанын тебіренте білді. Жайық жағасында сахналанған көне Грекия жауһары «Медея» тамашалаған жандарды бір сәтке өткен дәуірлерге ала кеткендей болды.

Жер жаралғалы бірге жасап келе жатқан әйел тағдыры, махаббат сергелдеңі сынды тақырыптың өзектілігі қазіргі ХХІ ғасырда да өзгерген жоқ. Ғылым мен техника, қоғамның бет-бейнесі айтарлықтай дамығанымен, адамның ішкі сезімі мәңгілік қарама-қайшылығымен әрі жаңа, әрі көне. Міне, сонау Грекиядағы талқыға түскен тағдырлар, ашынған әйел қасіреті, көзсіз құрбандыққа жетелеген соқыр сезім сынды күрделі психологиялық тартысты театр сахнасынан тамашалаудың жөні бір бөлек, ашық аспан астында, кеңіс-тікте көріп, қабылдау мүлде басқа. Тіпті Атыраудың сол күнгі ауа райы да трагедия аурасымен астасып жатты десе де болады.

Махамбет атындағы академиялық театр – өңір руханиятының алтын бесігі, киелі ордасы. Өйткені, осындай тың шешім, тапқыр идеялар, талантты шығармашыл тұлғалары арқылы соңғы жылдары  тұрақты көрерменін тапты. Ал, Ретро саябақтағы қойылымнан кейін жұртшылық аспан астындағы қойылымдардың жалғасы болады деген үмітпен тарасты.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Сіз не дейсіз?

Гүлнұр Қайырлиева, «Медея» рөлін сомдаушы:

– Еврипидтің «Медея» трагедиясы – нағыз шынайы өмірді шебер бейнелеген туынды. Себебі, әйел құқығының жерге тапталуы, кек пен ызаның қылмысқа әкеліп соғуы барлығы өмірімізде жиі орын алып жатады. Осы орайда Еврипид трагедияны психологиялық тұрғыдан жоғары деңгейде, шебер, әрі жан-жақты жазып шыққан. 

Жалпы, «Медея» трагедиясы  – IV ғасырда жазылған шығарма. Оны әлемдегі барлық театрлар әртүрлі нұсқада сахналап жүр. Ал, біздің бүгінгі спектакліміз экспериментті түрде дайындалды.

Мұқанғали Томанов, Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссері:

– «Медея» – Еврипидтің атақты трагедиясының бірі. Мұны Атырау театрына әкеліп қойған  режиссер Қуандық Қасымов болатын. Ол – Халықаралық Ш.Айтматов сыйлығының иегері. Біз осы спектакльмен Қырымның Керч пен Македонияның Велес қалаларына да барып келдік. Ол жерде де ашық аспан астында жақсы өнер көрсетіп, «Классиканы қазіргі заманға өте лайықты етіп жасаған» деген үлкен номинациялық баға алдық. Жалпы, осындай спектакль Атыраудың жұртшылығына бірінші рет ұсынылып отыр. Мұндағы мақсатымыз – театрға көрермендерді тарту және халықтың театрға деген сүйіспеншілігін арттыру.

Жеңіс Аронов, көрермен:

– Атырауда бірінші рет ашық аспан астындағы спектакльдің куәсі болдық. Қойылымнан өмірде болып жатқан шынайы оқиғаны көрдік. Бұл  жас буынға біраз ой салды деп ойлаймын.  Себебі, қойылымды сахнадан гөрі, Жайықтың жағасында тамашалау  адам  психологиясына қатты әсер етеді екен.

Пікірлерді жазып алған: Гүлдана ЖАМБОЗОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*