Қашағандағы мол қазына қалай игерілуде?

Әлемдегі ең ірі Қашаған кен орнына қатысты атап айтар жаңалық бар. Жуырда мұнда бұрғылау жұмысы аяқталды. Өндірістің ауқымы кеңейіп, өндірілген шикізаттың көлемі өсуде. Каспийдің қазақстандық бөлігінде жаңа кен орындары игерілгелі жатыр.

shapagat

D аралындағы дүбір

НКОК консорциумы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қашаған кен орнында жаңа ұңғымалар іске қосылды. Жөндеу жұмыстары да қызу жүруде.

«Жобаның осы кезеңінде барлығы 40 ұңғыма бұрғыланды. Жасанды аралда оның саны – 8, D аралында – 12, Е, Р және С шағын аралдарында 20 ұңғыма бұрғыланды. Қазіргі кезде бұл бағыттағы жұмыстар аяқталды»,-дейді НКОК консорциумының басқарушы директоры Бруно Жарден.

Қазыналы Қашағанға дүниенің назары ауып тұр. Еліміз оның ертеңіне ерекше үмітпен қарайды. Кен орны басындағы бүгінгі қарекет сол сенімді бекіте түскендей. Консорциум өкілдерінен білгеніміздей, жыл басынан бері Қашағаннан 2,5 млн. тонна мұнай, 1,5 млрд. текше метр газ өндірілген. Экспортқа шығарылған шикізаттың көлемі 11,5 млн. тоннаны құрады. 3,5 млрд. текше метр «көгілдір отын» сұранысты қамтыған. Бұл өнім «ҚазТрансГаз» құбыр желісі арқылы тұтынушысына жеткізілуде.

Кедергіден шығар жол қандай?

Теңіз астындағы тұнған байлықты өндіру әрине, қиындықсыз болмайды. Өндірістің күрделілігі, күкіртті газдың жоғарылығы соның бастысы. Қашаған кен орнының коллекторы теңіз түбінде 4200 метрдей тереңдікте жатыр. Мұндағы қысым өте жоғары, бұл өз кезегінде қатаң бақылауды, сақтықты қажет етеді.

Тағы бір проблема, Солтүстік Каспий аймағына қажетті жабдықтарды жеткізуге қатысты. Қос теңізді тікелей қосатын каналдың болмауынан ауыр жүк Еділ-Дон арнасы мен «Балтық теңізі-өзен» көлік жүйесі арқылы айналып жетеді. Бұл жұмысты кідіртіп, уақытты шығындайтыны анық. Оның үстіне табиғаттың тосын мінез көрсететін кезі көп. Су көлік жолдары қыстыгүні қалың мұз құрсауында қалады. Осылайша, кемелер жылдың тек алты айында қатынайды. Айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Каспий мен Қара теңіз аралығын қосатын үлкен канал салу туралы бастама көтерген. Оның қажеттілігін бүгінгі өмір дәлелдеуде.

Қиындықтар қадамды қысқартса да Қашағандағы жұмыс қарқынды жүруде. 2016 жылдың қыркүйегінде алғаш шикізат алынғаннан бері 11,5 млн. тонна мұнай өндірілді. Тек биылдың өзінде бұл көрсеткішті 8 миллионнан асыру жоспарланып отыр. Алынған өнім батысқа қарай Атырау-Новороссийск құбыр желісі және солтүстік бағытта Ресейдің «Транснефть» компаниясының жүйесі арқылы (Атырау-Самара) экспортталуда. Сонымен қатар, шығыс құбыр желісімен Атырау-Алашаңқайға жіберіледі. Ортақ істің ойдағыдай жүзеге асуына Консорциум акционерлері жауапты, әр тарап та өзінің міндетін біледі.

Жаңа кен орындары

Былтырғы жылдың ортасынан Қашағанда шикі газды жер қабатына айдау басталды. Бұл кешенді шара кедергісіз іске асты. Қазір газ айдау жоспары тәулігіне 300 мың баррельге жуықтады. Жыл басынан бері Қашағанда 2,5 млн. тонна мұнай өндірілді. Консорциум басшылығы жұмыстың мұнымен шектелмейтіндігін айтып отыр.

Каспийдің қазақстандық бөлігінде жаңа мұнай кен орындары игерілетіні де белгілі болды. Яғни, Қашағанға жақын жерден тағы 4 мұнай кен орнын игеру жоспарлануда.

«НКОК консорциумы Қашаған кен орнының болашақ кезеңдерін игеру мүмкіндіктерін қарастыруда. Бірлесіп игеру ықтималдығы бар операторы «Каспий Меруерті Оперейтинг Компани Б.В.» (КМОК) болып табылатын Қаламқас-Теңіз және оған жақын орналасқан «Хазар» мұнай кен орнының тұжырымдамасын таңдау бойынша зерттеу аяқталуға жақын. Жобаның тиімділігін қамтамасыз ету үшін шығындарды азайтудың бірнеше шешімдері анықталды. Біздің жобаның акционерлері Үкімет мақұлдағаннан кейін алдын-ала инженерлік-техникалық жұмыстарды жалғастыруға ниетті. Сонымен қатар, Ақтоты, Қайраң кен орындарын игеру үшін синергия мүмкіндіктерін зерттеуді жалғастырамыз»,-дейді консорциумның басқарушы директоры Бруно Жарден.

Құбыр толық қуатында

Шикізат сыртқы нарыққа іркіліссіз жеткізіліп жатыр. Каспий құбыры консорциумының бас директоры Николай Горбаньның айтуынша, биыл Каспий құбыры консорциумы 67 млн. тонна мұнай өткізуді жоспарлауда. Оның 60 млн. тоннаға жуығы Қазақстанда өндірілсе, қалған 7 млн. тоннасы ресейлік өндірушілерден алынады.

«Қашағаннан қабылданатын мұнай көлемін екі есеге арттыру қарастырылған. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш 13 млн. тоннаға дейін жетпекші. Былтыр біз 7,4 млн. тонна шикізат қабылдаған едік»,-дейді Николай Горбань.

Каспий құбыры консорциумының бас директоры Қазақстан бойынша 60 млн. тонна мұнайдың қалай жиналатынын түсіндіріп берді. Қашағаннан 13 млн. тонна, Қарашығанақтан 12 млн. шамасында, Теңізден 28 млн. тоннаға жуық, сондай-ақ басқа да кен орындарынан 7 млн. тонна шикізат жөнелтіледі.

«Қара алтынның» қазанына айналған Қашағанның бүгінгі тынысы осындай.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*