ҚАРЖЫ НЕГЕ ИГЕРІЛМЕЙ ҚАЛДЫ?

Министрдің баяндауынша, биылғы жылдың соңында игерілмей қалатын қаржының көлемі 150 млрд. теңгені құрайды.
– Ол қаржының 72,1 млрд.-ы, яғни, 48 пайызы үнемделген қаржы болып саналады. Оның ішінде мемлекеттік сатып алулар барысында үнемделген ақша, кейбір құнды қағаздар бойынша берілмеген сыйақы және қаржы лизингі саласында келісім-шарттардың аздығы себеп болды. Сондай-ақ, үй жануарлары арасында аса қауіпті аурулардың таралмауы, фермерлердің мал шаруашылығын дамыту ісіне өтініш бермеуі, жұмыспен қамту шараларына адамдардың аз қатысуы, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінің үнемделуі игерілмей қалған қаржының ұлғаюына әсер етті, – деді Үкімет мүшесі.
Отырыс кезінде Болат Жәмішев электрондық мемлекеттік сатып алулар туралы өзінің пікірін білдірді. «Қаржы министрлігі мен Үкіметтің бірнеше жыл бойы дегендерінен қайтпай, мемлекеттік сатып алулар жүйесін қолданысқа енгізулерінің себебі – процедуралардың ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады. Электрондық сатып алулар дегеніміз – барлық өтінімдер тек электрондық форматта берілетін және ұсыныстар да электрондық әдіспен тіркелетін құрал. Конкурстар электрондық форматта жүргізіледі» деген министр әзірленіп жатқан заң жобасында келісім-шарттардың электрондық форматта берілу мәселесі қарастырылуда екендігін айтты.
– Енгізіліп отырған заң жобасында қарастырылғандай, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап, еліміздегі сатып алуларға ресейлік және беларусь кәсіпорындары да қатыса алатын болады. Осы мәселеге қатысты айта кететін бір жайт, Ресей Федерациясының сатып алулар туралы заңы аталмыш келісімнің шарттарына сәйкес емес және онда сатып алу үдерісінің электрондық форматта ғана емес, қағаз форматта да берілуі мүмкіндігі қарастырылған. Осыған орай, вице-премьерлердің қатысуымен өткен комиссияның соңғы отырысында Ресей тарабы Федералдық заңға тиісті өзгерту енгізуді өз міндетіне алды, – деді Б.Жәмішев.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*