Қаржы нарығындағы құбылу

Еліміздің қаржы нарығы құбылып тұр. Шетелдік валютаның өзгермелі бағамы мен ақша-несие саясатындағы өзгерістер экономикаға әсер етуде. Дегенмен, Ұлттық банктің  Атырау филиалының директоры Бақыт Қоғылов «мұның басты себебі – сыртқы жағдайлардың ықпалымен байланысты» дейді.

198587

Ұлттық банктің Атырау филиалының мәліметіне қарағанда, мұнайлы өңірде шетелдің «көк қағазы» өтімді болып тұр. Биылғы жыл басынан бері оның сату көлемі 5,6 пайызға өсіп, 224,1 млн. долларды құрады. Ал, сатып алу 72,8 млн. шетел валютасына тең. Ресей рублін саудалауда да өсім байқалады. Ақша нарығындағы жағдай осындай ахуал қалыптастыруда. Банкирлер айырбастау бағамының құбылмалығына байланысты аса бір қажеттілік болмаса, бір ақшаны екіншісіне ауыстырмауға кеңес береді.

– Баға белгілеу шегінде валюта сатып алу жинақ ақшаны жоғалту тәуекелдігін ұлғайтады, – деді Ұлттық банктің Атырау филиалының директоры Бақыт Қоғылов.

Теңге бағамының құбылуы негізінен сыртқы факторлардан туындапты. Мамандар соның алғашқы себебі ретінде АҚШ Федералды резервтер жүйесінің өсуі, соның салдарынан доллардың дамушы елдердің валютасына қатысты нығаюын айтуда. Сыртқы нарыққа өнім шығаратын, содан табыс тауып отырған елдердің бәрі де АҚШ долларымен есептеседі. Барлық сауда-саттық осы валюта арқылы жасалып отыр.

«Өзара ұлттық ақшамен есептесеміз, «көк қағаздан» бас тартамыз» деген мықтылардың өзі Американың қас-қабағына қарауға мәжбүр. Ал, саясаты үстем әлемдік державаның олардың көңіліне қарайлайтын жөні жоқ. Айтқанына тұрып, айдағанына жүре қоймаған Түркияның жағдайын осының айқын мысал ретінде айтуға болады. Мұндағы ұлттық валюта – лир бір сәтте 62 пайызға әлсіреді. Қаржы саласындағы құйын Үндістан мен Қытайды да айналып өтпеді. Алдыңғысы ақшасын 14, кейінгісі 6 пайызға құнсыздандырып алды. Дамыған елдердің қатарынан саналатын Австралия мен Жаңа Зеландия, Канаданың да төлем құралы әлсіреп, экономикасына шығын келуде. Атыраудың бас банкирі «халықаралық жағдайдағы осындай дүрбелең теңге әлсіреуінің бірінші себебі» деп отыр.

Ал, Ресей рублі жыл басынан бері 14,8 пайызға құлдырап кеткен. Санкциялық шаралар Ресейдің қазынасын ортайтып, төлем қабілетін төмендетіп барады. Бұл, сөз жоқ, онымен ауылы аралас отырған елдерге кері әсерін тигізеді.

– Алдағы уақытта Ресей нарығында болуы ықтимал оқиғалар елімізге психологиялық тұрғыдан әсер етті. Рубль мен теңгенің ішінара байланысы негізінен аз уақыт ішінде болғанына қарамастан, ұзақ мерзімді кезеңде теңгенің айырбастау бағамы көбінесе Қазақстанның төлем балансының жай-күйімен анықталады. Ол барлық факторлар жиынтығының іс-қимылын көрсетеді, – деді Бақыт Қоғылов.

Қаржы нарығындағы қауіпті азайту мақсатында елімізде кешенді шаралар қолға алынуда. Бағамның бекітілуі Ұлттық банктің қатысуынсыз жүреді десек те, басты қаржылық құрылым валюта нарығындағы ахуалға мониторинг жүргізіп, үнемі қадағалап отыр. Валюта бағамын тұрақтандыруға ұмтылуда. Қажет болған жағдайда теңге бағамының тұрақсыздығын туғызатын қысқа мерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған шараларды жүзеге асыруға дайын. Қазір Ұлттық банктің алтын валюта қоры 30,8 млрд. АҚШ долларын құрайды. Елдің жалпы халықаралық резерві – 87,3 млрд. доллар. Бұл – Ішкі жалпы өнімнің 57 пайызын құрайтын өте ауқымды сома.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*