АРЫЗДЫҢ БӘРІ – ЖАУАПСЫЗДЫҚТАН…

 

Шағымданушының айтуынша, ол күйеуінен алимент өндіре алмай жүргеніне көп уақыт өтіпті. Осы мақсатта талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Ішкі істер басқармасындағылар да отбасын тастап кеткен адамды табуға ұмтыла қоймапты. «Өзім жұмыссызбын, бала-шағамды қалай асыраймын?» деп ашынған жанға Атырау қаласы прокурорының орынбасары Абзал Сахиев тиісті заңдылықтарды түсіндірді.  Егер полицейлер тарапынан  бейқамдық байқалса, жазбаша түрде шағымдануды, жалпы, оның жағдайы заңның сақталуын қадағалаушы орынның назарында болатынын айтты.

Қоғамдық қабылдауға келген келесі тұрғын Асқар Молдашевты жер мәселесі толғандырады екен. Осыдан екі жыл бұрын оның атына Авангард ықшамауданындағы №12 және №9 үй аумағынан кеңсе, дүкен және сұлулық салоны құрылыстарын салу үшін жер телімі берілген. Соған сәйкес, құжаттар жинақталып, тиісті қаржысы төленіпті. Дегенмен, жер беруге қатысты мораторий жариялануына байланысты шаруасы шешілмеген көрінеді. Ол да ештеңе емес, шағымданушының баяндауынша, бүгінде жер телімін әлдекімдер иемденіп, қоршап жатыр. «Мұндай жағдайда мен не істеймін?» деді Асқар Молдашев. Қала прокурорының орынбасары бұл ахуалдың да түйінін тарқатар жолын айтты. Ол алдымен – жоғары тұрған орындарға шағымдану. Ал, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Слемғали Смағұлов «мәселеге архитектураның қатысы жоқ. Кезіндегі келеңсіздіктерге байланысты бұл жағдай орын алған шығар» деді ол.  «Нұр  Отан» партиясы Атырау  қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов аталған құрылым өкілдеріне осынау түсініксіз жағдайды анықтау туралы ұсыныс айтты. Ол қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары тарапынан қолдау тапты.

Жеке кәсіпкер Әлия Құбиева «ҚазМонтажҚұрылысСервис ИНК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тиісті ақшаларын ала алмай жүр екен. Өз кезегінде қабылдауға қатынасқан прокуратура өкілдері оның заңның сақталуын қадағалаушы орынға қайтара арыздануы қажеттігін, бұл дау-дамайды анықтауға, шешуге күш салатындарын жеткізді.

Жер теліміне қатысты құжатының соңында біраз жүрген Жұмағыз Садееваның мәселесі болса сол сәтте шешілді. Тиісті мамандар оның құжаттары дайын тұрғандығын айтып, келушіні бір қуантып тастады. Дегенмен, осы тұста «адам еріккеннен арызданбайды, тиісті орындардың үлкен кісіні табанын тоздырып жүргізбеуіне болатын еді-ау» деген ой туғанын да жасыра алмадық.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*