АРЫЗ АЯҚСЫЗ, САУАЛ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Бұдан кейін қабылдауға келген Мақаш ауылдық округіндегі (Құрманғазы ауданы) «Құбашев» шаруа қожалығының жетекшісі Есболат Құбашев біраздан бері атакәсіппен айналысып келе жатқандығын, қазірде шаруашылығында 471 бас мүйізді ірі қара, 56 бас түйе және 26 бас жылқы малы бағылатынын айтты. Шаруасын ілгерілету мақсатында өткен жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 6,3 млн. теңгенің үстінде несие алуға қол жеткізген. Округ бойынша екі жерден сауда орнын ашып, халыққа қызмет көрсетеді. Мектептерді ет өнімдерімен қамтамасыз етеді. Ендігі жерде құс пен еттік бағыттағы мүйізді ірі қара шаруашылығын дамытуды ойластырып, соған сәйкесті бизнес-жобасын да дайындап қойған. Осы бастамасын іске асыру үшін несиелеу жолымен қаржыландыруға көмек сұраған. Нәтижесінде, мәселені «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және «Агронесие корпорациясы» акционерлік қоғамдары арқылы шешуге жұмыстану керектігі меңзелді.
Келесі кезекте облыс әкімінің қабылдауында болған Махамбет атындағы қазақ драма театрының бас суретшісі, ҚР Көркемсурет академиясының академигі Гүлмаржан Махамбет өзі басшылық жасайтын қаламыздағы «Сән театры» үйіне және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы Өнер академиясына жеке орын бөлуге көмектесуді өтінді. Осыған орай аймақ басшысы облыс орталығындағы коммуналдық меншікке қарайтын көпқабатты үйлердің астыңғы қабатынан орынжай беруді ұсынды. Бірақ, мүмкіндік болып жатса, сән театрының бөлек ғимаратта жайғастырылғандығы жөн екендігі де айтылмай қалмады.
Мақат ауданының Доссор кентінде тұратын Ғарифолла Қапанов өткен жылдың қазан айында үйі (мекен-жайы 4-ауыл, №125 үй) өртеніп, баспанасыз қалған. Өзі де, жолдасы да жұмыссыз. Жағдайға байланысты тұрғын үймен қамтамасыз етуге, реті болса жұмысқа орналастыруға көмектесуді сұрап, арызданған. Қабылдау барысында облыс әкімі бұған қажетті қаржы 2014 жылға арналған бюджет қаражатының есебінен қаралып, мәселенің шешілетіндігін, жұмысқа орналастыру жайының да назарда ұсталатындығын мәлімдеді. Ғарифолла Қапановтың ұлы Сайфулла қаладағы күзет мекемелерінің бірінде қызмет істейді, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегінде тұрады.
Бұдан басқа да қабылдауға жазылған азаматтардың бірқатарын баспана жайы толғандыратынын білдік. Мәселен, Құрманғазы ауданындағы Бірлік селосының тұрғыны, осындағы Имашев атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлнар Құлбаева ұлы Нұрлан Харесовтің 2011 жылдан мемлекеттік қызмет органында жұмыс жасайтындығын, содан бері қалада үй жалдап тұрып жатқанын, сол жылы баспанаға мұқтаждардың кезегіне тіркелгенін айтып, қолдау көрсетуді сұрады. Сондай-ақ, Атырау қаласы, Смағұлов көшесі 52/3 мекен-жайында тұратын Нұрбиға Иманғалиева да өздерінің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуға тиісті осал топқа кіретін толық емес отбасы ретінде тұрғын үйге мұқтаж екендігін алға тартып, арыз берген.
Алдына келгендердің бәрінің айтқан әңгімелерін мұқият тыңдап, арыз-шағымдарына құлақ асқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов көтерілген қай мәселенің де аяқсыз, сауалдардың жауапсыз қалмайтындығын, құзырлы құрылымдардың араласуымен тиісті заңдылықтар шеңберінде шешімін табатындығын қаперледі.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*