Қарымды қаламгер еді…

Атырау журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. 84 жасқа қараған шағында үстіміздегі желтоқсанның 6-сы күні өлкенің ақиық, ардагер қаламгері, жазушы-журналист, үлкен шаңырақтың иесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рахмет Иманғалиев дүниеден өтті.

%d2%9b%d0%b0%d1%80%d1%8b%d0%bc%d0%b4%d1%8b-%d2%9b%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d0%bc%d0%b3%d0%b5%d1%80-%d0%b5%d0%b4%d1%96

Ол жарты ғасырлық журналистік қызметінің  40 жылдан астам уақытында облыстық «Атырау» газетінің Еділ-Жайық аралығының меншікті тілшісі болып, қалам қуатын осы өңірдің шежіресін түзуге арнады. Құрманғазы, Исатай аудандарымен қоса Ресейдің Астрахан еліндегі қандастарымыз туралы, тұрмысы мен тіршілігі турасында да өндіре жазды, еліне өлшеусіз үлес қосқан еңбеккер қауымның тұтас галериясын жасады.

Рахметтің ұшқыр қаламынан өлкенің тарихынан сыр шертетін, сұлу табиғатын суреттеген, құрыш білек қайратты, елінің экономикасын көтеру жолында атан жіліктік күш-қуат жұмсаған адамдары жөнінде жиырмаға жуық  кітап жазылып, артында мол мұра қалды. Оның «Жалын» баспасынан шыққан «Жастық жоғалмайды», «Жазушы» баспасынан шыққан «Қарашаның суығы», «Атамұра» баспасынан шыққан «Қолтаңба» атты прозалық шығармалары оқырман қауым тарапынан оң бағасын алған көркем дүниелер.

Рахмет аға мінезге бай, жайлы адам еді. Әңгімелесе қалсаң арбап тастайтындай қасиеті бар болатын. Әсіресе, газет жанашырларымен жылы-шырайлы қарым-қатынасы үзілмеген жан-ды.

Ол – осы өңірден талай жазушы, журналистердің өсіп-өнуіне мол үлес қосқан тәлімгер. Отбасы да берекелі еді. Рахаң зайыбы Күлсекен апай екеуі – он бір баланы тәрбиелеп өсіріп, аяқтарына тұрғызған өнегелі шаңырақ иелері.

Ауыр қазаға байланысты Рахаңның отбасына қайғыларына ортақ екенімізді білдіреміз.

Қош, аяулы аға, қаламгерлер көшбасшысы, өз кәсібіне соңғы демі біткенге шейін адал еңбек еткен, жаны таза жан!

«Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымы.

1 комментарий

  1. Риза Әлмұханова

    Иманды болсын. Мен “Атырау” газетінде қызмет еткен кезде Рахмет Иманғалиев меншікті тілшілердің арасындағы ең өнімді еңбек ететін адам еді, жаны жаннатта болсын.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*