АРТЫНА ІЗГІЛІКТЕН ІЗ ҚАЛДЫРҒАН…

«Өлді деуге бола ма,айтыңдаршы,Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!» – деп ұлы Абай жырлағандай, Қарабай Қалыбекұлының өнегелі өмір жолы, туған еліне сіңірген еңбегі бүгінгі жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге болмақ.

Ол 1924 жылы Бақсай ауданының (қазіргі Махамбет ауданы)Есбол ауылдық кеңесінің №11 ауылында дүниеге келген  Қарабай жастайынан зеректігімен көзге түсіп, 1941 жылы сол өзі оқыған орта мектепке мұғалімдік қызметке қалдырылды. Ал, 1942 жылы он сегіз жасқа толар-толмастан Ұлы Отан соғысына аттанып, от пен оқтың ортасында басқыншы жаумен шайқасты. Қан майдандағы жорық жолдары жас жігітті құрыштай шыңдады.

Ол кіші лейтенант шенінде елге жеңіспен оралады. Ауылға келген соң мұғалімдік қызметін одан әрі жалғастырды. 1946 жылы Талқайраң орталау мектебінде математика пәнінің мұғалімі, 1948 жылдан 1951 жылға дейін мектепте  оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып жұмыс жасады. Сол жылдары мектеп ұжымы оқу-тәрбие жұмысында жоғары деңгейден көрініп, Қарабай Қалыбекұлы абыройға бөленді. Соның нәтижесі  болар, 1954 жылы аудандық білім бөлімі Қарабай Қалыбекұлына зор сенім артып, Сарытоғай орталау мектебіне оқу  ісінің меңгерушісі етіп жіберді. Төрт жылдан соң осы білім ұясының орта мектепке айналуына байланысты директордың оқу- тәрбие ісінің меңгерушісі болып  өмірінің соңғы күндеріне дейін жемісті қызмет атқарды.

 Аталмыш мектептің аудандағы өзге білім ошақтарынан бір ерекшелігі – мұнда оқушылар қазақша, орысша сыныптарда оқығандығы. Өйткені, соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылып келген сан ұлт өкілдерінің біразы осы Сарытоғай селосына келіп, қазақтар арасынан пана тапқан. Өзге ұлт өкілдері балаларының білім алуы үшін арнайы орыс сыныптары ашылған-ды.

Қарекең мұғалімдік қызметінен қол үзбей жүріп, А.С.Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институтын, сондай-ақ, Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетін оқып бітірді. Ол өзі басшылық еткен Сарытоғай орта мектебінің аудан, облыс көлемінде алдыңғы қатарда болуына аянбай еңбек етті. Оқушыларға сапалы білім берумен бірге пайдалы еңбекке баулуға да баса көңіл бөлді. Кәсіптік бағдар беруде арнайы кабинет жасақталып, онда жас жеткіншектердің келешек мамандығын таңдай білуіне мүмкіндік жасады. Бұл тұрғыда еңбек озаттары мен түрлі мамандық иелерімен кездесулер өткізу дағдыға енді. Соның нәтижесінде, мектепте оқу-өндірістік бригадасы ұйымдастырылып, оқушылардың еңбекке деген белсенділігі айтарлықтай артты. Осы ретте мектеп облыстық, республикалық комсомол комитеттерінің Құрмет грамоталары мен сыйлықтарын иемденді, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ауыспалы Қызыл туын да еншіледі.

Білікті ұстаз мектептегі әдістемелік жұмыстарға да ұйытқы болып, мұғалімдердің біліктілігі мен мамандығын жетілдіруге, оқыту мен тәрбие берудің озық әдістерін енгізуге ден қойды. Осы жылдары мектепте есімдері аудан, облысқа емес, республикаға белгілі ұстаздар қатары көбейді. Шәкірова Әмина, Бисенғалиев Жаролла, Жұбанов Орынбасар, Жолдасова Ләтипа, Меңдібаев Нұролла, Жакиев Дүйсенғали, Тоғжанова Райхан, Қарпекова Тәнзила, Кузнецова Зоя, Құсниденов Зұлқарнай, Қызылов Қанат КСРО, Қазақстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздіктері атанды.

Қарекең өз тұстастарының арасында білімдар математик қана емес, өмірден түйгені мен жиғаны мол тәрбиеші де бола білді. Селода тұратын он беске жуық ұлт өкілдерінің балаларын бауырмалдыққа, адамгершілікке, білімділікке тәрбиелеумен қатар, өз пәнінің білікті маманы атанды. Әрі үздік ұстаздарға тәжірибесі аз мұғалімдерді бекітіп, олардың шынайы педагогтарға айналуына ықпал етті. Қысқасы, оқушылардың мектепте терең білім алуына толық жағдай жасалды.

Бұл білім ордасы аудандағы оқу-тәрбие жұмысының тиімді түрлерін енгізуде тірек-мектепке айналды.  Қарабай аға математика пәні мұғалімдерінің аудандағы тұрақты семинарының жетекшісі, әрі облыстық аттестациялық комиссияның мүшесі болды. Аудандық партия комитетінің мүшесі, мектеп бастауыш партия ұйымының хатшысы, жергілікті кеңестің бірнеше дүркін депутаты болып, селоның, ауданның саяси өміріне белсене араласты. Саяси хабаршы, білікті идеология қызметкері ретінде ол туралы бетшелер шықты. Әрі математика пәнін оқытуда жаңа әдістерді қолдану, пәннің тәрбиелік, ұлттық мазмұны оқушылардың ойлау қабілетін жетілдірудегі еңбектері республика көлемінде кеңінен таратылды. КСРО, Қазақстан мұғалімдері  съездерінің  делегаты болған ол әлденеше  аудандық, облыстық педагогикалық оқуларға қатысып, жеңімпаз атанды, іс-тәжірибесі республикалық әдістемелік орталық арқылы теледидарға түсіріліп, есімі Атырау облысы мұғалімдерінің энциклопедиясына жазылды. «Қазақстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталып, «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім» атағын ауданда алғашқылардың бірі болып иемденді.

Бүгінде осы мектепте ұстаздық етіп жүрген мұғалімдердің дені – Қарекеңнің  алдын көрген бұрынғы шәкірттері. Ол білім берген көптеген шәкірттер еліміздің сан алуан өндіріс, шаруашылық салаларында жемісті еңбек етуде. Олардың арасында республикаға танымал тұлғалар да  жетерлік.

Қарабай тек тамаша педагог қана емес, өркен жайған әулеттің ақылшысы, арқа сүйері ретінде ағайын-туыс, ауыл-аймаққа қамқоры мол азамат еді. Ата-анадан ерте айырылған бауырлары Отар мен Нұржамал, Қитарды өз қарындасы Зылихамен бірге қанатының астына алып, қамқор пейілін риясыз төкті. Оның биік парасаттылығы, алыстан шолатын ой-өріс кеңдігі, біліктілігі мен еңбекқорлығы ұрпақтарына да дарыған. Өзімен білім саласында ұзақ жыл бірге еңбек еткен қосағы Әлмұханова Әмина апай екеуі өнегелі отбасында ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Асан – Ташкенттегі темір жол көлігі институтының түлегі, облыс деңгейінде жауапты қызметтер атқарып жүр.

– Әсіресе, көңілімізге ізгі із қалдырған жайт, – дейді Асан. – әкеміз бізді тура жолға салып, кісінің ала жібін аттамауды, мансапқорлыққа қызықпай, адал болуды есімізге жиі салып отырушы еді…

Ал, Халық ағарту ісінің үздігі Абриза Сүлейменқызы өзі педагогтар отбасында дүниеге келсе де, осы шаңыраққа келін болып түскен кезінде Қарекеңдей ұстаз атасынан өмірлік зор тәлім алғаны туралы тебірене еске алады. «Балаға бақытты болуды үйрету керек, бақытты болатындай етіп тәрбиелеу керек» деген ұстаз-атаның бір сөзі ерекше жадымда қалыпты», –  дейді ол.

– Әкеміз бен анамыз сыртта да, үйде де ұстаз бола білді. Олар бізге тәлімгерліктің теңдессіз өнегесін, жас ұрпақты тәрбиелеудің үлгісін көрсетті, – дейді қызы Әлия.

– «Бала тәрбиесі – үлкен өнер» деуші еді, – дейді ол кісімен бірге қызметтес болған, білім саласының ардагері Есенаман Қапсалықов. – «Әр балаға әртүрлі әдіс-тәсіл керек. Біреуіне ақыл айтсаң жетіп жатыр. Енді біреуіне ақыл жүрмейді. Оның мінез-құлқына қарай басқа амалын табу керек. Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әркез сол кілт жүру керек» деп жас әріптестеріне жеткіншектер тәрбиесінде өзінің өнегесін айтудан әсте жалықпайтын. Оның тағы бір ерекше қасиеті сол, қашанда ақжарқын, кішіпейіл, қарапайымдылығынан еш танбайтын. Мінез бен істің үйлесімі жарастық тауып, қадірін арттырып тұратыны сезілетін. Жүріс-тұрысында, сөз саптауында тектілік байқалатын.

Иә, «кімнен өнеге алдық, кімді өнеге тұтамыз?» деген сауалдарға жауап іздеген кезде жан-жағымыздағы адамдардың жан-дүниесіне, болмыс-бітіміне үңілетініміз бар. Осындайда Қарекең ағамыз ойға оралады. Содан да ол кісінің өз заманындағы үлгілі педагог, оқу ісін ұйымдастырушы ретінде сіңірген еңбегі құрметпен еске алуға әрқашан лайық.

Ең өкініштісі, ұстаздардың ұстазы болған абзал азамат бұдан отыз екі жыл бұрын 59 жасында дүние салды. Уақыт не деген жүйрік десеңізші. Былтырғы жылы аяулы ағаны әріптестері мен ауылдастары сағынышпен еске алып, тоқсан жасқа толғанын атап өтті.

Мектеп мұражайында есімі ел жадында сақталған ұлағатты ұстаздың өмірі мен еңбек жолын баяндайтын естелік кітаптағы әріптестері жазған мына бір өлең жолдары ойға орала береді:

… Сабырлы едің, 

аспайтын да, саспайтын,

Шыншыл едің –

сөзге өтірік қоспайтын.

Өнегеңнен үлгі алардай 

өзгелер –

Адал жан ең игі іске

бастайтын.

… Ұстаздың ұстазы едің

 құрметтелген,

Білімді шәкіртіңе

біл деп берген.

Үлгі етіп есіміңді ұрпақтарға,

Мектепке берді атыңды

 құрметті елің.

Иә, Қарабай аға туралы айтылар жылы лебіздер оның жарқын бейнесін көз алдымызға әлі талай-талай елестететін болады. «Ұстаздың ұлағаты өшпейді» деген осы да.

 

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*