Сын сағатта

tarih tagylymy Қоғам

Круглов Сергей Иванович ҚК(б)П  Гурьев облыстық комитетінің 1-ші хатшылығына 1943 жылы 9 қаңтарда өткен VІІ пленум шешімі бойынша  тағайындалды.

tarih tagylymy

Басты назарда – өндіріс және мал шаруашылығы

Мұнайлы өлкенің тізгіні тапсырылған Сергей Кругловқа мұнай өнеркәсібіндегі жұмыстарды арттыруды, мал шаруашылығындағы өсімді сақтап, оны дамыта түсу міндеті жүктелді. Пленум мал шаруашылығында Маңғыстау, Шевченко, Жылқоса, Бақсай, Мақат аудандары мен Гурьев қаласына бағынышты колхоздардың жоспарды орындағанын атап өтеді. Ендігі жағдайда Орталық комитет мұнай саласына кадрларды өзі жібере бастады.

Қаңтар айында өткен бюро отырысында Мақат аудандық партия комитеті бірінші хатшысы М.Сапарғалиев орнына  В.С.Кривич, облыстық мұнай өнеркәсібі бөлімі инструкторы қызметіне Г.П.Айрапетянцты бекітеді.  Облыс колхоздарына мұнай кәсіпшіліктерін қамқорлыққа алу жүктеледі. Мәселен, 21 қаңтарда Мақат ауданы Мақат, Жолдыбай, Бақсай ауданы Байшонас, Есбол ауданы Ескене, Гурьев қалалық ауданы Сағыз кәсіпшіліктерін, Теңіз ауданы Қазмұнайқұрылысты, Новобогат ауданы Петровский атындағы зауытты, Шевченко ауданы Доссор, Маңғыстау Нармұнданақ, Жылқоса Қосшағыл мен Құлсары кәсіпшіліктерін қолдауға міндеттелді. Бұл кезеңде облыста КСРО Ғылым Акаде-миясы президенті академик В.Л.Комаров бұйрығымен ҒА корреспондент мүшесі М.А. Капелюшников,  Академиядағы мұнай кәсіпшіліктері басшысы М.А.Гейман, геологиялық топ басшысы В.С.Чернобров, профессор В.П.Батурин  бастаған комиссия жұмысын аяқтады. Олардың есебі 26 қаңтарда тыңдалып, мұнай өнеркәсібіндегі қордаланған мәселелер талқыланады. Қабылданған қаулыда алғаш рет КСРО мұнай өнеркәсібі Халық Комиссариатының Ембіге жете көңіл бөлмегені, оның ғылыми-зерттеу институттары мен Басмұнайбарлау, геофизикалық трестің, Ғылым Академиясының Ембі мәселелерін шешуге тартылмағаны баса көрсетіледі.

Пленум отырысынан немесе өткенге шегініс

1944 жылғы облыстық партия комитетінің үш пленумы да ауыл шаруашылығы жағдайын саралауға арналды. С.И.Круглов суармалы егістіктің маңызы, оны көбейту қажеттігіне назар аударады.

Пленумда облыстағы балалар үйінің жайы да қозғалып, Жа-манқала, Кулагино, Өрлік балалар үйіндегі кемшіліктер атап көрсетіледі. Мәселен, соңғы айларда Кулагино балалар үйінде тоғыз, Өрлік балалар үйінде бес бала қайтыс болған. Пленумда сөз алған ҚК(б)П Гурьев қалалық партия комитетінің өкілі Есебергенов: «Облыс хатшысының балық шаруашылығы жөніндегі орынбасары Дощанов шаруашылықтағы кейбір жетістіктерге қанағаттанып, партиялық ұйымды басқаруды босаңсытты, ол бір ғана Орал-Каспий тресінің бір бөлімінің басшысы ролін атқаруда» деген ойын білдіреді. К.Дощанов балық аулау маусымында үнемі теңізде болып, өзара байланысты жүзеге асырған. Ол пленумда балық шаруашылығындағы өзекті мәселелерді ашып, Орал-Каспий мемлекеттік балық тресінің басшысы Ротанның ұйымдастыру бағытындағы кемшіліктерін атап көрсетеді. К.Дощанов: «Ротань біз көтерген кез келген мәселені шешуде шын-өтірігі аралас бас тартады, тіпті обком хатшысы Кругловқа сілтеме жасайды. Колхоз, балық зауыттары басшылары №5, 7, 11 зауыттарды тез арада Новинск ауданына көшіруді талап еткені-мен, Ротань «Круглов тыйым салды» деп жауап қайтарды. Оның тәртібі обком бюросына, бірінші кезекте Кругловқа белгілі деп есептеймін. Бірақ, Сіз, жолдас Круглов оған назар аудармайсыз, онымен шаруашылық басшыларын еркінсітесіз. Ротаньға қарым-қатынасыңызды өзгертіп, партиялық мемлекеттік  қатаң талап қоймасаңыз, трестің болашақ жұмысынан жақсы нәтиже болмайды және оның зардаптары ауыр болуы да мүмкін» деп тарқата түседі.

Мұнай комбинаттарындағы мәселе

Пленум мұнай өнеркәсібіндегі жоспардың орындалмау себептерін де зерделейді.  Соған қарамастан Қазақстан мұнай комбинаты 1944 жылы алдына қойылған жоспарды орындай алмады. Ол турасында   С.И.Круг-лов 1945 жылы 25 ақпан – 1 наурыз аралығында өткен ХІІ пленумда мойындайды. Хатшы: «Басты көрсеткіш – мұнай өндіру жоспарын орындау. Ал, ол бүгінгі талаптарға сай емес, тіпті 1943 жылмен салыстырғанда да төмен. Жұмыс жасайтын 10 мұнай кәсіпшілігінің  екеуі, Доссор мен Мақат қана жоспарын орындады. Комбинат  ескі ұңғымалардан мұнай өндіруді 88 пайызға орындады» деп бағалайды.

Жиында Доссор мұнай кәсіпшілігі директоры Ильясов мұнайшыларға таза судың уақытында жеткізілмейтінін, олардың қардың және лас суды пайдалатынын, Комсомольск мұнай кәсіпшілігінің директоры Утебаев 8 мың тонна мұнайдың топырақ қоршаумен сақталып тұрғанын, мәселені үш мәрте көтергенімен шешілмегенін, еңбек тәртібінің төмендігін, нәтижесінде 1944 жыл бойынша үкіметке 2 мың тонна мұнай қарыз екенін, Қазақстан мұнай комбинаты басқарушысы Пилипец «1944 жылы 2 кен орнын – Қошқар мен Тентексорды ашып, Қошқарды іске қостық» деп, құрал-жабдықтардың, материалдардың жетіспейтінін атап өтеді. Нәтижесінде пленум   С.И.Круглов тарапынан жібе-рілген кемшіліктерге назар аударады.

Қорытынды орнына

1945 жылы 10-12 тамыз аралығында өткен ХІІІ пленумда да мал шаруашылығына және маман кадрларды даярлау мәселесіне назар аударды. Бұл кезеңде мал шаруашылығында оң өзгерістер байқалып, жоспардан тыс барлық мал түрі 125 мың 430 басқа көбейді. Есбол ауданының С.Разин, Передовик артельдері жоспарды асыра орындаса, сауыншы Сағима Құсайынова, Злиха Қасымова, Күлші Ғабдолова, Салия Сариева және басқалар ел мақтанышына айналды. Пленумда Бақсай аудандық атқару комитетінің төрағасы Шырдабаев: «1945 жылдың 1 тамызы бойынша көрсеткіш жоғары болғанымен, алған міндеттеріміз толық орындалмады. Бақсай ауданында шабындықтар жетіспейді» деп мәлімдейді. Міне, осы пленумнан кейін  С.И.Круглов бірде-бір бюро отырысында, тіпті 1946 жылғы 10-11 қаңтардағы ХІV, 15-17 сәуірдегі ХV, 10-11 маусымдағы ХVІ пленумдарында әдеттегідей баяндама жасамады, сөз де сөйлемеді. Барлық баяндамаларды 2-ші хатшы Н.Қамбаров  жасап, қаулыларға қол қояды.

1946 жылғы 18-19 қыркүйектегі Гурьев облысы партия комитетінің ХVІІ пленумы ҚК(б)П Орталық комитетінің ұсынысымен келісіп, С.И.Кругловты қызметінен босатады. Сол күні оның ҚК(б)П Орталық комитетіне 2-ші хатшы болып тағайындалғаны белгілі болады. С.И.Круглов бұл қызметті 1946-1951 жылдары атқарып, 1952 жылы КОКП Башкирия обкомының І хатшылығына ауысады.

Кейіпкердің өз қолымен жазып қалдырған өмірбаянынан

«1906 жылы Баку қаласында дүниеге келдім. Октябрь революциясына дейін мұнай өндірісінде бұрғылау мастері, кейін техник, 1918-1920 жылдары  Балахан-Зарабат мұнай қоғамында курьер, 1920-1923 жылдары «Азербайжанмұнай» кәсіпшілігінде өндірістік комитет хатшысы, 1923-1924 жылдары Балахан-Сабунчин БЛКЖО аудандық комитеті есеп меңгерушісі, 1924-1926 жылдары Баку қаласындағы БЛКЖО Ленин аудандық комитеті инструкторы, хатшысы, 1927-1928 жылдары Баку қаласындағы Ленин ауданы жұмысшы-шаруа депутаттары кеңесі инструкторы, 1928-1930 жылдары Азербайжан мемлекеттік университеті жұмысшылар факультеті студенті, Азербайжан мұнай институты студенті, 1930-1933 жылдары Москва қаласындағы Нариманов атындағы Шығыстану институтының студенті,  аспиранты, 1933-1937 жылдары Қазақ АКСР Нұра ауданындағы Маржанкөл ет совхозында саяси бөлім орынбасары, басшысы, 1937 жылы Ақмола қаласы аудандық партия комитеті 2-ші хатшысы, 1937-1938 жылдары Қарағанды облысындағы атқару комитетінде совхоздар басшысы, 1938-1939 жылдары Қарағанды облысы атқару комитеті төрағасы орынбасары, 1939 жылы Қарағанды облысындағы тұтынушылар қоғамында бөлім меңгерушісі, 1932-1942 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ тұтынушылар қоғамы төралқасы төрағасы, 1942-1943 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ өндірістік кеңесінің төрағасы қызметтерін атқардым» делінген.

Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз