Серпіліс

Serpilis1 Қоғам

1990 жылғы 4 мамырдағы Гурьев облыстық партия комитетінің  VІІ пленумында Ғазиз Алдамжаров бірінші хатшы болып сайланды.

Серпіліс1

Рухани өзгеріс

Бұл кезеңде Ғазиз Қамашұлы облысқа балық шаруашылығы маманы, іскер басшы, Теңіз ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы, Гурьев обкомының хатшысы ретінде танылған-ды.

Облыстық жаңа басшысы өзінің алғашқы обком бюросын 1990 жылы 23 мамырда өткізді. Бұл кезеңде облыста төрт қала – Гурьев, Жаңаөзен, Форт-Шевченко, Шевченко болатын. Және облысты он аудан – Балықшы, Махамбет, Мақат, Теңіз, Индер, Қызылқоға, Ембі, Бейнеу, Ералиев, Маңғыстау құрайтын. Кейінірек, яғни 1990 жылы қазан айында Исатай ауданы құрылды. Аталған бюро отырысында Бейнеу ауданының «Ленин жолы» газеті атауы «Рауан» болып өзгертілді. Ал, 13 маусымдағы бюрода облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің атауын өзгерту мәселесі талқыланды.

Бюро «Гурьев облысы партия комитеті мен облыстық халық депутаттары кеңесінің органы ретінде облыстық «Коммунистік еңбек» газеті 1923 жылдан бері шығып келеді. Қоғамдық-саяси даму кезеңінде ол «Ерік», «Жұмыскер тілі», «Социалды құрылыс», «Социалистік құрылыс» болып өзгертілді, ал 1964 жылдан бері осы атауда жарық көріп келеді. Атаулар өз заманына лайықты болды, өзін-өзі ақтады. Елдегі өзгерістер, демократиялық қайта құрулар кейбір рухани құндылықтарды қайта қарауға мүмкіндік береді. Осыны, әрі оқырмандардың түрлі ұсыныстарын ескеріп, редакциялық алқа «Атырау» («Прикаспий») атауын қолдаған» дей келе, атауды өзгертуге өз келісімін береді және облыстық «Полиграфияға», газет редакторы Т.Жауыровқа нақты тапсырмалар жүктейді.

Ғазиз Алдамжаровтың тұсында облыс іс қағаздарын қазақ тіліне көшіруге кіріседі. 18 шілдеде өткен бюрода Ералиев, Индер аудандары партия комитеті іс қағаздарын қазақ тіліне көшіру мәселесі күн тәртібіне қойды. Осындай жағдайда облыста ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу бойынша бірқатар шаралар қолға алынды. Мәселен, көп ұзамай Исатай-Махамбет батырлар бастаған көтерілісті кеңірек насихаттау күн тәртібіне шығарылды. бірінші хатшы мәселені М.Ғабдісәлімова, Ә.Бисенов, Б.Таубаев, Б.Ізтелеуовтермен бірге талқылап, 1990 жылы 11-13 қазанда облыста арнайы Махамбет поэзиясы күндерін өткізуге тапсырма береді.

Экономикалық қиындықтар

1990-1991 жылдары еліміздің рухани өмірінде өзгерістер байқалғанымен, экономикада қиындықтар сезіле бастады. Ол турасында Гурьев обкомының 1991 жылғы 16 шілдедегі бюросында ашық айтылады. Бюро «облыс экономикасы көрсеткіштерінің осы жылы жақсармағанын» баса көрсетеді. Ол соңғы алты айдағы облыстағы өндіріс өнімінің былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 774 мың сомға төмендеуінен, мал шаруашылығындағы 463 ірі қара, 119 түйе, 38381 қой, 321 жылқы шығынынан айқын көрінеді. Соның ішінде мал шығыны Теңіз, Қызылқоға, Махамбет аудандарында орын алған. Облыс бойынша мал шаруашылығынан сатып алынатын өнімдер де азайған. Мемлекетке мал және құс еті 5668 тонна немесе былтырғы жылдан 1011 тонна кем тапсырылса, сүт өндіру, жұмыртқа алудың кемігені байқалады.

Экономикалық қиындықтар облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттерінің уақытында шығуына да әсерін тигізеді. Обкомның идеологиялық бөлімі меңгерушісі Т.Төлепбергенов пен облыстық атқару комитеті әлеуметтік-мәдени және ұлтаралық қатынастар бөлімі меңгерушісі С.Әжіғалиев: «Қағаз өндірушілер оның құнын 3-4 есеге өсірмек. Газетті тасымалдау темір жолмен – 4, самолетпен – 6, автотранспортпен 1,5 есеге өсті. Қағаз тапшылығы күнделікті іске айналды. 1991 жылдың маусымынан бастап «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттері жоғарыдағы себептермен аптасына бұрынғы 5 санының орнына 3 рет тарала бастады. 1992 жылы «Полиграфия» мекемесінің қағазбен қамтамасыз етілуі 25-30 пайызға азаймақ» деп, облыстық газеттерді жергілікті бюджет есебінен қаржыландырудың және өзге де мекемелерден қаржылай көмек қажеттігін алға тартады.

Бұл кезеңде облыс денсаулық сақтау саласының күрделі мәселелері ашық айтыла бастады. Мәселен, облыста 1986 жылдан бері бес рет оба ауруының тіркеліп, төрт жағдайдың өліммен аяқталуы, бала босану кезіндегі ана өлімінің азаймауы қатты алаңдатты. Елдегі жағдайды ескерген облыс басшылығы 1990 жылы 350 дәрігер, 365 орта буын медициналық қызметкерлерінің білімін жетілдіруге жағдай жасайды.

Тамыз бүлігі

1991 жылы 18 тамызда КСРО-да тамыз бүлігі басталды. Оның әсерімен елде КОКП қызметі уақытша тоқтатылды. Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев 25 тамызда «Қазақ КСР аумағындағы КОКП мүлкі туралы» Жарлығын шығарып, соған сәйкес Қазақстан аумағындағы КОКП мүлкін мемлекет меншігі деп жариялап, 28 тамызда «Мемлекеттік билік және басқару органдарында, саяси партиялар мен басқа да қоғамдық-саяси бірлестіктерде лауазымды қызмет атқаратындарды басшылық лауазымдарда қызмет атқаруына жол бермеу туралы» Жарлығына қол қояды.

Сол күні Н.Назарбаев өзін Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы міндетінен босатады. Көп ұзамай қыркүйек айында «КОКП мен елдегі саяси жағдайға байланысты Қазақстан компартиясы туралы» күн тәртібіндегі Қазақстан компартиясының  XVIII (төтенше) съезінен соң, 1991 жылы 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда түкпілікті «І хатшы» лауазымы жойылады.

Тарихи жағдайда бұрынғы облыстың І хатшылары Халық депутаттары Атырау облыстық кеңесінің төрағасы ретінде ел басқару қызметін жалғастыра берді. 1991 жылы 24 қыркүйекте өткен облыстық кеңестің атқару комитетінің отырысы облыстың нарыққа өтуі мәселелерін қарады. Ол бойынша жер реформалары қолға алынып, жеті аудандағы тиімді пайдаланылмай жатқан жерлер шаруа қожалықтарына беруге дайындалады. Шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылықтары кооперативтерінің Қауымдастығы құрылды. Мемлекеттік меншіктер жекешелендіруге әзірленді. нарықтық инфақұрылымды құру мақсатында «Атырау» сауда үйі, «Теңіз» тауарлы-қор биржасы тіркеуден өтеді.

Сонымен бірге, облыстық кеңес обкомның екінші хатшысы болған Ә.Бисеновті облыстық кеңестің атқару комитеті төрағасының құқық, кадрлық мәселелер және қоғамдық ұйымдармен байланыс жөніндегі орынбасары міндетін атқарушылығына, Теңіз ауданын Құрманғазы ауданы ретінде өзгертуге шешім қабылдады. Бұларға қоса кеңес партиялық мүліктің тиісті мекемелерге берілуін ұйымдастыра бастайды. 1991 жылы 8 қазандағы отырысында кеңес облыстағы партиялық архив, оның қорлары мен негізгі құралдарын мемлекеттік архивке беру, 29 қазанда Гурьев қаласын Атырау қаласы деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

Батыл қадамдар

1992 жылы 21 ақпанда Халық депутаттары Атырау облыстық кеңесінің ХХІ шақырылымының ХІ сессиясы басталды. Сессияда кеңес төрағасы Ғ.Алдамжаров Атырау еркін экономикалық аймағын құру, облыстық кеңестің атқару комитеті және оның органдарын жою, халық депутаттары Атырау облыстық кеңесінің құрылымы туралы мәселелерді талқыға салды. Кеңес төрағасы қыркүйек айындағы V сессияда «Жастар» кешенді бағдарламасының, VІ сессияда облыстың нарықтық экономикасына көшіру туралы бағдарламасын, VІІ сессияда қылмысқа қарсы күрес мәселелерін бекіткенін тілге тиек етіп, облыстың экономикалық жайының тұрақталғанын хабарлады.

1992 жылы облыста өндірілген өнеркәсіптік өнім 1,4 млрд. сомды құрап, өткен жылдағыдан 212 млн.  сом артық игеріледі. Басты табыс мұнайдан келіп, 1991 жылы Теңіз газ өңдеу заводының бірінші технологиялық желісі қосылды. 1991 жылы 1 млн. 300 мың тонна мұнай тапсырылса, 468,2 млн. куб. м. газ, 27,3 мың тонна пропан, 149,2 мың тонна күкірт өндірілді. Бұл кезеңде облыс «Шевронмен» келіссөздерге қатысып, АҚШ, Англия, Жапония, Қытай, Италияның ірі фирмаларымен байланысқа шығады. Облыс Каспий теңізінің көтерілуіне байланысты 1991 жылы маусымда арнайы кеңес, 17-18 маусымда Гурьевте Каспий аймағындағы ракета-ядролық полигондар мәселесіне арналған республикалық конференция ұйымдастырады.

Әкімдік жүйе енгізілген соң Ғ.Алдамжаров 1992-1996 жылдары Қазақстан Респуликасы Жоғарғы Кеңесінің экономикалық реформа, бюджет және қаржы жөніндегі Комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бақылау палатасының төрағасы, 1996 жылдан  «Қазмалт» ЖШС (Чехия) компаниясының директоры, кейін Қазақстан Республикасының Белоруссиядағы Елшісі қызметтерін атқарады.

1990 жылы облыс басшылығы М.Горбачевтың «1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлық құқықтарын қалпына келтіру» туралы Жарлығын іс жүзіне асыра бастады. Сөйтіп, бір кезеңде партиядан заңсыз шығарылған тұлғаларды ақтау қолға алынды. Оны ұйымдастыру обком жанындағы партиялық бақылау комитетіне жүктелді. Соның нәтижесінде 1990-1991 жылдары кезінде еш дәлелсіз «кеңестік билікке қарсы ұйымға қатысқаны үшін» себебімен репрессияға ұшыраған Теңіз ауданы, Ботахан ауылдық кеңесі тұрғыны Ө.Әлиев, Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы, Қызылхандық ауылдық кеңесі тұрғыны, Теңіз атқару кеңесінде төраға орынбасары болған Х.Жұмағалиев, Батыс Алашорда үкіметі мүшесінің баласы болғаны, әрі онымен 1929 жылға дейін тығыз байланысын үзбегені үшін Ақтөбе облысы, Торғай елді мекені тұрғыны, Гурьев балықшылар одағы оқыту комбинаты директоры Н.Медетовтер қайтадан партия мүшелері тізіміне енгізілді. Сөйтіп, қуғын-сүргін құрбандары болған миллиондаған адамдарды ақтау кезеңі басталды.

Әбілсейіт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз