САЙЛАУ КҮНІ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН СӘБИ

Алмагүл мөлтек ауданындағы Атырау қалалық №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясы ғимаратына орналасқан №85 сайлау учаскесі Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауына тыңғылықты әзірленіпті.

 

Таңғы сағат 7.00-де Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, дауыс беру басталып кетті. Сайлаушылардың ішінде зейнет жасындағылар да, орта жастағы азаматтар да, мемлекеттік қызметкерлер де, биылғы жылы бірінші рет дауыс бергелі тұрған жастар да бар екен. Соның бірін сөзге тарттық. Өзін Аян Тілекқабылов деп таныстырған ол: «Мен бүгін бірінші рет дауыс бергелі отырмын. Жүрегім толқып, қуаныштан төбем көкке бір елі жетпей тұр. Өз отандастарыңмен бірге Парламент депутатына таңдау жасау  мен үшін мәртебе! Сондықтан, ерте тұрып, бірінші болып дауыс беруге асықтым», – деді ағынан жарылып. Ең жасы үлкен сайлаушылар Қайреден Алдоңғаров пен Әдебиет Тұржановалар отбасымен келіпті. Биылғы жылы жетпістің жетеуіне келіп отырған қариялардың да көңілі көл болып шалқып, өз таңдауларын жасады.

Осы ықшамауданда орналасқан облыстық перзентханада жатқан 70 сайлаушы да сол күні өз таңдауларын жасады. Бұл №80 сайлау учаскесіне  келген Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымынан, партиялар атынан келген байқаушылар мен депутаттардың сенімді өкілдері бұл жерде де сайлаудың жоғары дәрежеде өткеніне куә болды. Осы күні перзентханада индерлік Динара Халелова қыз баланы дүниеге әкелді.

Ал, Алмагүл мөлтекауданындағы №7 емхана ғимаратында орналасқан №92 сайлау учаскесі де таңғы алтыда өз жұмыстарына кірісті. Дәл осы кезде ертемен вахталық қызметке бара жатқан 25 азамат келді.

Ертемен жеткендердің арасында ең қарт сайлаушы Николай Панов та бар екен. Ол – 1925 жылы туған, Ұлы Отан соғысының ардагері. Өңіріне орден-медальдарын жарқырата тағып келген ардагерге бәрі қызыға қарасты. «Мен – алапат соғыстың куәгерімін. Міне, жасым тоқсанның біріне аяқ басты. Бүгін елмен бірге келіп Отанымның биік трибунасынан ардақты азаматтарына дауыс бергеніме бақыттымын», – дейді Отан соғысының ардагері Николай Панов. Ең жас сайлаушы Алмас Қазбеков те өзінің алғаш рет дауыс беріп тұрғанын мақтаныш сезімімен айтты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз