БИЫЛҒЫ САЙЛАУ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Президент сайлауы Мұрат Мөңкеұлы атындағы №6 мектепте орналасқан №47 сайлау учаскесінде де ұйымшылдықпен басталды. Бір сағат бұрын жинала бастаған сайлаушылардың ерекше ықыласпен келгендері көрініп-ақ тұр.

Ең алғаш болып дауыс бергендердің қатарында еңбек және тыл ардагері Зылиха Ахажанова болды. Жасы сексенді алқымдаған ана сайлаудың бірде-біреуінен қалмай, келе жатқанын айтады.

Білім беру саласының қызметкері Лидия Севрюгинаның сөзінше, биылғы сайлауда жастар тарапынан белсенділік ерекше байқалады. «Нұр Отан» партиясы және білім беру саласынан бөлінген бақылаушылар ешқандай заң бұзушылықтың орын алмай, сайлаудың өз тәртібімен өткенін айтады. Жұмабике Шуақбаева айтулы оқиғадан тыс қалмай, жас толқынға үлгі болсын деген ниетпен кішкентай бүлдіршіндерін де ерте келіпті. «Елбасын сайлау мемлекетіміз үшін маңызды оқиғалардың бірі. Сондықтан да болар, небары бір сағаттың өзінде елу шақты адам дауыс беріп үлгерді. Денсаулығына байланысты келе алмайтын жандардың да тұрғылықты үйлеріне барып, дауыстарын тіркеу мүмкіндігі қарастырылған» дейді сайлау комиссиясының төрағасы Болатбек Ермеков.

Қаламыздағы Абай атындағы орта мектептегі №59 учаскесінің комиссия төрайымы Айымгүл Салиховадан білгеніміздей, ел ертеңіне бейжай қарамай, өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін терең сезінген сайлаушылардың қатарында сайлау науқанынан бір күн бұрын жасы он сегізге толған Сұлтан Дүзелбаев та бар. Дауыс беру құқығына ие болған ол жарқын болашаққа өз үлесін қосқанына дән риза.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз