АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗ

Қай жаққа қарасаңыз да әдемі киініп, көтеріңкі көңіл-күймен кетіп бара жатқан адамдарды көресіз. Қастарына балалары мен немерелерін ілестіріп алған үлкендер жағы кішкентайлардың сауалдарына жауап беріп әлек. Жарқырай төгілген күн шуағы мен ән, күмбірлеген күй, адамдардың жарқын жүздері бір керемет мерекелік көрініс беріп тұр.

Қалаға іргелес Ақсай ауылдық округіндегі №55 сайлау учаскесінде де – дәл осындай көріністер. «Сайлауға қатысу – әр адамның азаматтық борышы. Соның ішінде, бүгінгі Президент сайлауының маңызы ерекше. Біздің таңдауымыз – болашағымыздың кепілі. Мен – байырғы ұстазбын, көп балалы анамын. Барлық аналар сияқты еліміздің бақуатты, аспанымыздың ашық болып, ұрпағымыздың еліне елеулі, халқына адал болуын тілеймін. Сондықтан да, мен бүгін  Қазақстанның гүлденуі үшін, ел бірлігінің ыдырамауы үшін дауыс бердім», – деді зейнеткер ұстаз Алтын Демесінова.

«Біздің  сайлау учаскесінде сайлауға қатысатындар саны 2067 адамды құрайды. Таңертеңгі сағат 7.00-де ашылдық, содан бері халықтың келуі бір толастаған жоқ. Жұртшылықтың бұл саяси науқанға дегендегі белсенділіктері қуантады, – дейді аталған сайлау учаскесінің төрайымы Шынар Жұпқалиева. 

Кеңөзек ауылдық округіне қарасты №72 сайлау учаскесіне 1149 адам тіркелген. Түске дейін 500-ден астам сайлаушы өз дауыстарын беріп үлгерген. Таңертеңнен бері дауыс берушілер легі тоқтаған жоқ.

Қала шетіндегі Дамбы, Атырау, Қайыршақты ауылдық округтерінде орналасқан сайлау учаскелерінің барлығында да Президенттік сайлау ұйымшылдықпен, үлкен белсенділікпен өтті.

Ағиба Қатешова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз