Өрлеу

12975959d12759eae Қоғам

1950 жылы 1 маусымда өткен Гурьев облысы партия комитеті V пленумы облысқа жаңа басшы етіп С.Полымбетовты тағайындайды. Бұл арада ел азаматтары оның 1939 жылы Алматы тау-кен институтын бітіріп, аспирантурада оқығанын, 1941-1942 жылдары Қазақстан Орталық партия комитетінде нұсқаушы,  Қарағанды облысы партия комитетінде бөлім меңгерушісі, 1942-1947 жылдары Жезқазған қалалық партия комитетінің I хатшысы, 1947-1950 жылдары Қазақстан Орталық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болуымен қатар, оның  іскерлігі және өндірісті аймақты басқарудағы тәжірибесін ескереді.

12975959d12759eae

Білім саласына бетбұрыс

Жаңа басшыға облыстағы білім беру, оқушыларды қамту, мектепті маман кадрлармен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығында қордаланған күрделі мәселелердің  шешімін табу жүктеледі. 1950-1951 оқу  жылында  облыста 168 бастауыш, 108 жетіжылдық, 34 орта мектептер жұмыс жасап, 42172 оқушыны қамтыған. Оқу жылында оқушылар саны бес мыңға өскенімен, 290 баланың мектептен тыс қалғаны,  білім деңгейінің төмендігі, маман кадрлардың тапшылығы анықталған. Нәтижесінде мұғалімдер даярлау мәселесі КСРО Жоғарғы білім министрлігінің 1950 жылдың 28 маусымда ашылған Гурьев қаласындағы мұғалімдер институтына жүктеліп, жаңа оқу жылында институтқа 146 студент қабылданады. Дегенмен, оқу, спорт залы, педагогика, қазақ және орыс тілі мен әдебиеті кабинеттерінің жоқтығы және ең қарапайымы студенттерге отырғыштардың жетіспеуі оқу үрдісіне кері әсерін тигізген. Соған қарамастан жоғары педагог маман дайындайтын, 1940 жылы ашылып, соғыс жағдайында жабылған педагогикалық институттың қайтадан ашылуы жаңа басшы үшін алғашқы игі бастаманың нышаны болды.

Ауыл шаруашылығына – айрықша екпін

Облыс ауыл шаруашылығындағы күрделі мәселені С.Полымбетов өзі қатысқан алғашқы пленумда-ақ естіді. Онда Есбол ауданы атқару комитеті төрағасы К.Дощанов: «Облыс басшылары  колхоздардағы шынайы жағдайды білмейді. Білсе, Толыбай, Мәмбет бөлімшелері мен Қаңбақты, Тума ауылдық кеңес территориясындағы колхоздарда қыс мезгілінде 100 мыңнан аса мал қыстық азықсыз және жабық мал тұрақтарынсыз қыстауға қалдырылады ма?», «1946-1948 жылдардағы облыстағы мал өсімі оған жағдай жасап ұстауға сай емес еді. Мал қоралары салынбады, қысқы азық аз дайындалды. Мәселе алдын-ала арнайы зерттелмеді» деп қалыптасқан жағдайды тарқата түскен-ді. Жанайқайды түсінген С.Полымбетов уақыт созбай маман кадрларды дайындауға жіті назар аударады. Нәтижесінде облыстағы 109 ауыл шаруашылығы артельдері төрағаларының екеуі ғана жоғары білімді болса, 29 орта білімді, 43 орта білімді аяқтамағандар, 35 бастауыш білімі жоқ мамандар екеніне көз жеткізіп, олардың білімін жетілдіруге күш салады.

Облыс басшысы 1950 жылы 11 қазанда соңғы 9 айда мал шаруашылығының зор шығынға ұшырағанын талқыға салады. Бірінші хатшы: «Көптеген колхоз басшылары мемлекет алдындағы жауапкершілікті жоғалтты» дей келе, елде мал дәрігерлерінің жеткіліксіздігін шешудің жолдарын қарастыра бастайды. Міне, осыдан бастап облыста өткен әрбір жиында мал шаруашылығына азық-түлік дайындау, жайылым-қыстау, өзара үйлесімділік мәселелері күн тәртібінен түспейді. Мәселен 1953 жылғы 14-15 мамырдағы облыстық партия комитетінің V пленумы 1953-1954 жылдардағы мал қыстату мәселесін талқылап, алдағы қыс мезгіліне алдын-ала мал азығын дайындауға басты назар аударады.

 Әлеумет әлеуеті үшін

С.Полымбетов облыстағы барлық шаруашылықтарға жоғары талап қоя білді. Ол көп ұзамай белгілі нәтижеге де қол жеткізеді.1954 жылы 15-16 қаңтарда Гурьевте облыстық партия комитетінің VІІІ конференциясында мұнай өнеркәсібінің жоспарды 1952 жылы 100,8%, 1953 жылы 100,4% орындағаны, «Терең Өзен» кен орнының ашылғаны жария етіледі. Соған қарамастан  хатшы: «1952 жылы Байшонас кәсіпшілігінде мемлекетті алдау – асыра жазу орын алды», «1948 жылдан бері бірде-бір жоғары өнім беретін кен орны ашылған жоқ», «Мұнайлы-Қосшағыл суқұбыры құрылысы жай жүруде», «тұрғын үй құрылысы артта қалды» деп мұнай саласындағы маңызды мәселелерге ел назарын аударады.

Осы жиында балық, мал шаруашылығымен қатар химия өндірісі – Индербораттың даму жайын да мұқият зерделейді. Қорытындысында 1954 жылдың 1 тамызына дейін мал шаруашылығында ірі қара 25,7%-ға, қой мен ешкі 40,2%-ға өсіп, мемлекеттік тапсырма асыра орындалған. Өлкеде білімді мамандар да көбейе бастады. Мәселен машина-мал шаруашылығы станциясына соңғы он айда 58 механик, 132 зоотехник, 123 ветқызметкер, 47 агроном  орнықса, Гурьевтегі училище 420 адам дайындаған.

Өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы мәселелер кейінгі жылдары да С.Полымбетовтың қатаң бақылауында болады.

Сонымен қатар, ол облысты басқарған  жылдары облыс тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету маңызды мәселеге айналды. 1956 жылы 19910 шаршы метрді құрайтын бір қабатты екі бөлмелі 583 үй берілген. Ол облыс үшін жоғары көрсеткіш болатын.  Осы жылы құрылысшылар ынталандырудың жаңа жүйесіне көшкен. Оны бастаған Гурьев тауарлы-транспорт басқармасы тұрғын үйге зәру қызметкерлерден арнайы бригада құрып, алты үй салып, 1957 жылы тағы да 20 үйді пайдалануға беруді жоспарлаған.

Бұқара мен билік арасындағы алтын көпір

Облыс басшысы қысқа мерзімде облыстың басты идеологына айналды. Алдымен, ол 1953 жылғы И.Сталин қайтыс болғаннан кейінгі елдегі саяси жағдайға байланысты анық көрінеді. Өйткені, оған КОКП Орталық комитетінің «Берияның партия мен мемлекетке қарсы қылмысты істері туралы» атты қаулысына қатысты баяндама жасау жүктелеледі. Баяндама 1953 жылғы 13 шілдеде өткен облыс және қала партия комитеттерінің бірлескен VІ пленумында арнайы тыңдалады. Мұндай саяси баяндаманы жасауға үлкен шеберлік қана емес, сонымен бірге саясаткерлік қажет еді.  Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, С.Полымбетов баяндаманы аса сақтықпен, байыппен жасағанына куә боласың.

Дегенмен, көп ұзамай барша ел үшін аса маңызды қаулыны өзінше түсінгендер де байқалады. 1954 жылғы 26-27 сәуірдегі ІІ пленумда обкомның бөлім меңгерушісі Ф.Бабин: «С.Полымбетов партияға өтерінде «кедей-шаруа отбасынанмын» деген болатын. Шынында ол бай тұқымынан, әкесі ірі шаруашылықтың басшысы болған. Оны 1950 жылы Орталық комитет анықтады. Сол кезде ол есеп картасына өзгеріс енгізуі тиіс еді» деп облыс басшысына кінә тағады. Оған С.Полымбетов: «Бабиннің менің әлеуметтік тегім туралы пікіріне анықтама берейін. Ол 1950 жылы арнайы Орталық комитетте талқыланып, әкемнің ауқатты шаруа отбасынан шыққаны анықталды. Ақпарат ескеріліп дер кезінде Орталық комитет, Гурьев облыстық партия комитетіндегі жеке істеріме жазылды. Оны жасырудың еш қажеті де жоқ» деп нақты жауап қайтарады.

Расында да бүгінгі Атырау облысы мемлекеттік мұрағатында сақталған жеке ісінде өз қолымен толтырылған өмірбаянда «Әкемнің ауқатты шаруашылығы болды. Ол 1917 жылы қайтыс болды. Оның артында екі әйелі – Хадиша мен Базаргүл қалды. Мен  және кіші қарындасым Әсия бізді асырап алған Хадиша анамыз бен немере ағамыз Әбдіғаппар Тоқмағамбетовтың қолында өстік. Туған анамыз Базаргүл әкемнің туыстарына тұрмысқа шығып, бізден бөлек тұрды. Содан Хадиша анамыз 1932 жылы, Әбдіғаппар 1945 жылы қайтыс болды. Туған анамыз жолдасы қайтқан соң қарындасым Әсияның қолына келді» деген жолдар қайраткердің жауабының шынайылығын дәлелдейді. Осындай қитұр-қы шабуылдарға қарамастан С.Полымбетов аса сабырлылықпен пленумды жалғастырып, оңды шешімдер қабылдайды, тіпті жала жабушы Ф.Бабин өз қызметін жалғастыра береді. Басшы тағдырына КОКП-ның 1956 жылғы 30 маусымдағы «Жеке адамға табыну және осының салдары» атты қаулының да маңызын көпшілікке түсіндіріп насихаттауды ұйымдастыру бұйырады.

Кез келген маңызды тапсырмаларды салмақты атқарып, ел құрметіне бөленген С.Полымбетовке  көп ұзамай Қазақ КСР-нің жергілікті және жанар-жағармай министрі лауазымы ұсынылады. Нәтижесінде 1957 жылы 31 қаңтарда өткен Гурьев обкомының ІV пленумы С.Полымбетовты қызметінен босатып, орнына Гурьев облыс-тық атқару  комитетінің төрағасы Н.Оңдасыновты сайлайды. Сейітжан Полымбетұлы министр қызметін 1961 жылдарға дейін атқарып, кейін Алматы халық шаруашылық кеңесінің, техникалық комитетінің төрағасы, Қазақстан Министрлер Кеңесінде бөлім  басшысы қызметтерінде іскерлігімен көзге түседі. Ел сеніміне ие болған қайраткер КСРО, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері атанды.

Әбілсейт МҰҚТАР,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз