Ғарифолла ЕСІМ: «Оқшау ойлар»

Mәдени мұра ЖАСТАР ЖЫЛЫ Жаңалықтар Қазақстан 2050 - стратегиясы

Atr.kz/11 қыркүйек, 2019 жыл. Белгілі жазушы, академик Ғарифолла Есімнің оқшау тақырыпқа құрылған ойларын назарға ұсынып отырмыз.

Жел соқты. Саяси жел. Ел жаңалық күтуде. Жел – табиғат емшісі. Ескі ескіріп, жаңа, жас жапырақтар көктейді. Бұл әлемнің табиғи заңы. Солай болған, солай бола бермек. Жаңа мемлекеттік басшы Қасым-Жомарт Тоқаев халық қолдауымен билікке орнықты. Жұрт одан заман сөзін күтуде. Ол жаңа сөз болмақ. Жаңа сөз, жаңа саяси тұжырым. Өзгеше қалай болмақ?! Заманға желкілдеп жастар енді. Ол –ардың қуаты орасан, ол қуат қызықтырады, ынталандырады, күдіктендіреді, үрейлендіреді. Хакім Абай айтқандай, «Жастарға жаппас жала жоқ». Ілгеріде қоғамда үнсіздік орнығып еді. Үрей болғанда үн шықпайды емес пе?! Үн шығуы үшін саяси өріс қажет! Саяси өрісті толқындап заман туғызады…

***

 Жастар толқын-толқын. Ресми жастар деп он төрт жас пен отыз жасқа дейінгілерді айтады. Ол да дұрыс шығар, алайда жастарды саяси, әлеуметтік, мәдени және демографиялық құндылықтар жүйесіне орай былайша жіктеймін. Бірінші толқын – қырық пен елу жас аралығындағылар. Мен бұларды «қола ұрпақ» өкілдері деймін. Қазақтың қырықта қамал алады дейтіндері осы жас шамасындағылар. Бұл жағдай Украинада өткен сайлауда айқын көрінді, билікке қырықтан жаңа асқан азамат келді. Демек, осы жастағы азаматтарды қақпайламай, оларға өріс ашқан жөн. Бұл жастағылардан елге пайдалы әсер коэффициенті көп.

Екінші толқын – отыз жастан қырыққа дейінгілер, мен бұл жастағыларды «күміс ұрпақ» деймін. Қазақтың тағы да айтқан аталы сөзі бар, «отызда орда бұзады» деген. Бұл ұрпақта қуат ересен мол, демек Пайдалы Әсер Коэффициенті (ПӘК) де мол. Келешек-ресурс осы отыздағылардан шықпақ.

Үшінші толқын – жиырма жастан отызға дейінгілер, бұларды «алтын ұрпақ» деу орынды. ПӘК – бұл жастағыларда орасан, тек бағыттай, бағдарлай, баули білу қажет. Бұлар тәуелсіздік құрдастары, бұлар ХХІ ғасыр азаматтары. Төртінші толқын – өмірге еніп жатқан бөбектерден бастап, жиырма жасқа дейінгілер. Бұлар «бриллиант ұрпақ» болмақ. Бұлардың ПӘК-ті орасан мол. Осы ұрпақ билікке жеткенде, ат жалын тартып азамат болғанда Қазақ елі бұрын болмаған керемет жағдайға өтеді, тамаша ғұмыр кешеді. Біздер – алпыстан асқандар осы толқын – толқын жастардың арбасына керексіз жүкті артпай, келешекке аса қажетті құндылықтарды артсақ, оларға жасаған ағалық, аталық борышымыз болмақ.

***

Жастар және құндылық дегенде тағы бірер айтар мәселе бар. Ол жастардың мәдени-бағыт ынталарында. Қазақ елінің жастары бұл бағытта бір текті емес. Біріншіден, қазір батысшыл бағыттағы жастар толысып келеді, олардың тілі де, мәдениеті де – ағылшын. Бала жасынан, тіптен балабақшадан ағылшындық тәрбиеде болған жастардың діни сезімдерінің өзгеше болуына да таң қалуға болмайды. Бәрімізге белгілі ағылшын тілімен простестанттық тәрбие бірге. Сонда нәтиже не болмақ? Балаларын, немерелерін осылайша тәрбиелеп оқытуды өркениеттік деп түсінетін қазақ ата-аналар қаншама. Ағылшын тіліндегі арнайы орта мектепті тәмамдағандар,

әрине, оқуларын әрі қарай Англияда, Америкада жалғастырмақ. Сөйтіп, қазақ жастарының түйсік-сезім-саналарына бөгде мәдениет мейлінше сіңе бермек. Оларға ұлттық ортадан ағылшын тіліндегі орта жақын бола бермек. Екіншіден, араб тілі және ислам діні негізіндегі бірыңғай мұсылмандық бағытқа бұрылған жастар да қаншама. Олар үшін ұлттық құндылықтардан араб тіліндегі құндылықтар жақын. Бұл айтарлық мәселе. Үшінші бағыт – орыс тілі және мәдениеті негізінде тәрбие, білім алған қазақ жастары. Олардың дені қазақша сөйлемейді. Қазақ тілін өлі тілдер қатарына қосатындары да бар. Қазақ тілі тұрмыстық тіл, ол тілде ғылым, техника, технология болуы мүмкін емес деушілер де шығуда. КСРО құрамында болғанымызда мұндай көзқарас үстем болды, ал, Тәуелсіздік жылдары өзгеруі керек еді, ол болмай тұрғаны. Бұл қауіпті. Төртінші бағыт – бұл күннен күнге күшейе беретін қытай тілі негізінде жат тәрбие. Құндылықтар жүйесі қытай құндылықтар жүйесімен бәсекеге түскенде, қалай боларын болжау қиын. Бесінші бағыттағы  жастар – ол өзіміздің төл мәдениетімізбен, ана тілінен сусындап келе жатқан дәстүрлі тәрбие кеңістігіндегі жастар. Бұлар Қазақ елінің іргетасы, бүгіні және келешегі. Олардың жастардың ішінде үлес-салмағы басым болса керек. Сірә, арнайы социологиялық зерттеулер қажет болар.

***

Қазақ тілінде тарихымыз, тұрмысымыз, ойлау жүйеміз, арманмұңымыз, сенім-қиялымыз, кешегіміз, бүгінгіміз, келешегіміз, қысқаша айтқанда, ел болып өмір сүру дәстүртәжірибеміз сұрыпталған. Елдік мүдде төңірегінде топтастыратын қазақ болу идеясы. Қазақ елі мәңгілік болуы үшін қазақтана бастауымыз керек.  Ол туралы Сұлтанмахмұт Торайғыров 1919 жылы жазып еді: Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға Алаш деген атты аламын. Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын? Бүгінгі күні басты мақсат – қазақ болу, Қазақ елі болу, ол елді мәңгілік ету. Бұдан асқан биік идея болуы мүмкін бе? Бізге ұлттық тәрбие емес, тамыры терең, қарға тамырлы халықтың тәрбиесі керек, азаматтық, елдік тәрбие қажет. Жас ұрпақты азамат етіп өсіру – Қазақ елінің патриоттарын даярлау деген нысаналы бағыт. Қазақ халқында «азамат» деген өте мағыналы сөз. Азамат атану, адамның жеке тәуелсіздікке көтеріліп, оны мемлекеттік (елдік) мүддемен ұштастыруы. Бабаларымыз ұлдарына «Азамат» деп ат қойғанда, осы мақсатты көздеген.

Қазақ елінің азаматы болу – мемлекетшіл болу деген сөздің синонимі. Ел болу халқымыздың сан ғасырдан бергі арманы емес пе еді, ел сөзінен үріккендер  ойында не бар екен? Әнұранында «ел» деген сөз жеті рет қайталанады. Жастарға, тіптен, балабақшаларда өсіп жатқан бүлдіршіндерге де ел деген ұнайды.

***

Өркениетке қазақ болып енуіміз керек, ол үшін азаматтық сана, яғни елшілдік, діни сана және байлық пен кедейлік мәселесі. Қазақ болуға қауіп те, үміт те осы үшеуіне қатысты. Жаңа сөз айтуда да осы үш мәселеге саяды. Осы үшеуін заманауи тұрғыда тарқата білу деген жаңа сөз болмақ.

***

Біздің ұрпақ көп сөз айтты. Керегісі де, қажеті жоғы да болды. Пайдалылары да, залалдылары да болды. Ендігі сөз – жастарда. Мінбер – жастардікі. Ақыл заманмен толысатын – феномен. Қырықтан бергі жастар ақылдылар, себебі, замандары солай, жаңа сөз солардікі…

Мәселе сабақтастықта. Сабақтастық жалғасу, жіптің үзілмеуі. Бұл дұрыс қағида. Сонымен қатар, сабақтастық ішкі мазмұны бар, оның мәнісі мынада. Сабақтастық болуы үшін сыншылдық қажет. Өткенге сыни көзқарас қажет, сонда  ненің сабақтас екенін анықтай аласыз. Сабақтастық әншейін реттік сан емес, ол эволюция, ол өзгеріс, ол ескіден жаңаға өту. Сонда ескіден нелер өтуі керек, нелер өтпей қалуы керек деген сараптамасыз нағыз сабақтастық болуы мүмкін емес. Мысалы, ауыл шаруашылығына қатысты экономикалық жүйе тиімділігі жеткіліксіз. Ауыл экономикасы шаруа қожалықтарына бірікпеген жеке шаруаларға тиесілі десек, қателік жоқ. Білім мен ғылым саласындағы ұстаздар еңбек ақылары мүлдем сын көтермейтін деңгейде, профессорлар қауымы  кедейлер қауымы, бұл қалай?!

***

Нарықты білдік, нарықтық қатынастарға ендік деп бір марқайдық. Ол жақсы. Нарық қатынастағы елдер қатарына қосылдық.  Алайда, біз нарықтық қатынастарға Еуропа елдерінен кеш ендік және де авторитарлық социалистік жүйеден келдік. «Ол қоғамның дерттерінен, әдеттерінен арылу мүмкін бе еді?» деген сауалды өзімізге қоюымыз керек секілді. Айтарым, нарықтық қатынастарға әбден енген елдер  оның бар пайдасын көре отыра, енді нарықтың кемшілігін сезіп, біліп, танып айта бастауда. Сірә, бұл тақырыпты қозғау бізге ертерек көрінеді, алайда, мәселе барын біліп қойған жөн. Айталық, Нобель сыйлығының лауреаты, американдық экономист Пол Кругман былай дейді: «Нарық экономикасының заңдылығы бойынша, бір адамның шығыны – екінші адамның табысына айналатыны белгілі аксиома. Бірақ, билік басындағы кейбір саясаткерлер бұл заңдылықты жете түсіне бермейді. Демек, экономикалық дағдарыстар мен репрессиялардың кейбір себептері саясат тізгінін ұстағандардың әлжуаз экономикалық доктриналарынан туындайды». Шет елдік экономистердің бір парасы экономиканы адамшылықтан (моральдан) тыс қарамауды айтуда. Мәселені қалай қойсаң да, біз бәрібір адам мүддесіне орала береміз. Экономика адамға емес, керісінше адам экономикаға тәуелді болмағаны табиғи түсінік. «Адам мүддесі – мемлекетте кедейлер мен байлардың арасы алшақ болмауы» деген мағына бермек. Әйгілі коэффициент Джини соны айғақтамай ма? Байлық бір пайыз адамдардың қолында болса, тоқсан тоғыз пайыз адамдардың күні не болмақ, міне, нарықтық экономиканың аса қауіпті салдары.

Ақсақал – қажеттілік. Ақсақал аса белсенді болмай, көбінесе сабыр сақтағаны жөн. Оның ақылын қажет етушілер болса жақсы. Ақсақалдан ақыл сұрау түсінікке қонымды. Ақсақал ерсілі-қарсылы сөздерге араласа берсе, ұнасымды бола ма? Ақсақал – кеңесші қызметін атқарса, құба-құп, бірақ, ақсақал сөз айтпай қалмайтын бір жағдай бар, ол – Ел қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Ел басына күн туса, ақсақалдар қалай үнсіз қалмақ?!

***

Ақсақалдың билік ыңғайына қарай бас изей беруі де құптарлық іс емес. Сара ламай, сынға салмай, бәрін құптай беру ақсақал мінезі емес. Мұндайда, мүмкін ақсақалдың үнсіз қалғаны жөн болар. Ақылдылар «ақсақал үнсіздігін» талқыға сала алады?! Ақсақалдық атақ жи наумен емес, құрметпен қалыптасатын – феномен.

***

Құрмет пен атақты шатастырмаған жөн. Құрмет адамның қасиетімен келеді. Хакім Абайдың «арсыз болмай – атақ жоқ» дегенін  қалай түсінеміз?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *