ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ЖОЛАН

Ұлы Жеңіске, міне, 70 жылға жуық уақыт таяп қалса да, зұлмат соғыстың зардабы, жарақаты әлі күнге дейін жазылмады. Талай жанның өмірін қиған, талай адамның балалығын жалмаған соғыс жылдары ешқашан да ұмытылмақ емес.

Ел басына күн туғанда сол кездегі жастар өз еріктерімен қан майданға аттанып жатты. Олардың басты мақсаттары – Отанды қорғау, елді жаудан азат ету болды. Соғыстан кейін де еңсесі түскен елді көтеруге, шаруашылықты дамытуға, қоғамды жақсартуға майдангерлердің қосқан үлесі өлшеусіз. Сондай азаматтардың бірі – атыраулық Жолан Басығариев болатын.

1905 жылы Жылыой ауданында  дүние есігін ашқан ол оқу-жазу білмесе де жастайынан алғырлығымен, зеректігімен көзге түскен. Кез келген ауыр жұмысқа да жанын сала кірісіп кететін. Доссорда мұнай кәсіпшілігінде  қызметте жүргенінде інісі Басығариев Қарагөзбен бірге соғысқа аттанған. Тіпті тума-туыстарымен қоштасуға да үлгермеген.

Қатардағы жауынгер ұрыс даласында ерлік пен жігерлік танытты. Жау қолынан жараланған кездері де болды, бірақ қатардан қалмады. Майдангер соғыста бастан-аяқ болып, Германиядан жеңіспен оралды. Кенигсбергтегі айтулы ұрыстарға қатысты. Соғыстарда көрсеткен ерлік істерін айғақтайтын марапаттары мен «КСРО Қарулы күштеріне 50 және 60 жыл», «Ұлы Жеңіске 20 және 30 жыл» сынды, тағы басқа да бірнеше медальдары әлі күнге дейін өзі аманат қылып тастап кеткен жәшікте сақтаулы. Ол Жапониядағы ұрыс қимылдарына да қатысып қайтты. Ал, інісінен 1943 жылы «қара қағаз» келеді.

–  Әкем соғыс туралы көп айта бермейтін. Ойға шомып, бұл зұлмат жылдарды еске алғанда көзіне жас алатын. Отан үшін от кешкен достарын да ұмытпай, жиі еске алып отырды. Бір есімде қалғаны, Тәжіғара Шырдабаевпен әскерде бір болған екен. Тәжіғара ағамыз майдан даласында әкем жараланған сәтте қасында болып, көмек көрсеткенін ризашылықпен еске алушы еді. Ол үнемі: «Сендер соғыстың зардабын көрмеулерің тиіс. Жеңіс туын көтеру оңайға соққан жоқ. Сондықтан, бейбіт күннің қадірін түсіне біліңдер» деп айтып, санамызға сіңіріп кетті, – дейді ұлы Жолшыбек Басығариев.

Соғыстан оралған соң абдырап қалған халықты бір мақсатқа жұмылдыру, еңбектің көрігін қыздыру да қиын болды. Алайда, мұнда да Жолан Басығариев ыждағаттылық танытып, ел еңсесін түсірмеуге бар күш-жігерін салды. Ол Атырау қаласындағы ет комбинатында мал сою цехында жұмыс істеді. Еңбегімен елге елеулі болды, бейбіт күннің берекесін асырды, құрметке бөленді. Зейнетке шығып, абырой биігіне көтерілді. Бүгінде майдангердің артында қалған жесірі Нұрсұлу әже 91  жастан асып, ұл-қыздарынан өрбіген ұрпағының қызығын көріп отыр.

Нұрсұлу Басығариева әже де Жеңіске өз үлесін қосты. Ол тылда еңбек етіп, талай ұйқысыз түндер мен өрелі еңбек күндерін өткізді. Бүгінде тыл ардагері әлі тың, әңгімесі салиқалы. Оның жастарға айтары көп.

 Майдангер Жолан Басығариевтың ерлік істері бүгінгі және келешек ұрпаққа патриоттықтың ерен үлгісі болып қала береді. Сондықтан, оның есімі әрқашан мақтанышпен еске алынады.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз