ТЫЛДАҒЫ ТОЛАҒАЙ ЕДІ…

(Нұрлыбай Құттыбаев туралы эссе)

Жеңіске 70 жыл!.. Саралап көрсек, майданға 20 миллионның шамасында адам аттанса, тылда қалғандардың саны одан бірнеше есе көп. Олардың бірі – Мақат кенттік Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Нұрлыбай Құттыбаев еді.

Әскер қатарынан арнайы бронмен елде қалдырылып, 1941-48 жылдары Мақат кентін басқарған жылдары Н.Құттыбаевтың атқарған қызметін ешқандай мадақ-марапатпен өлшеп-кесуге болмайды. Уақытпен санаспай өндірілген Ембі мұнайы қанқұйлы жауға танк болып түйілді, ұшақ болып шүйлікті. Сол кезде «Правда» газетінде Ескене мұнайшыларының бастамасымен «Қазақстан мұнайшысы» деп аталатын танк колоннасын жасақтау үшін қаражат жиналғаны жазылды. Оған қоса халық жеке жинақтары мен отбасылық табысынан жауынгерлік ұшақ отрядын құруға да қыруар қаржы-қаражат беріп жатқан еді. Бұл іске Кеңес төрағасының өзі бас болып кіріседі. Әр тұрғынмен жеке сөйлесіп, шаруа-күйлерін қадағалай отырып, көмектесу мүмкіндіктерін есептеп, саралады. Ақыры, міндет ойдағыдай орындалды.

 «Поссәбет» Нұрлыбайдың ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлік шеберлігі сол жылдары Мақат ауаткомы төрағасының орынбасары болған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, айтулы мұнайшы Сабырғали Зорбаевтай аңыз адамдармен бірге мұнайшылардың стахановшылар қозғалысын ұйымдастырғанда да анық көрінді. Ең қауырт шақта өндірістік жарыстарға қоса, майданға азық-түлік, жылы киім-кешек жинап-жөнелту – кезек күтпейтін міндетке айналды. Куәгерлер Мақат пен Доссорда сол жылдары шұбат үшін мұнайшылар жекеменшігінде түйені көп ұстағанын айтады. «Поссәбет» түйе ұстайтын үйлерді аралап, майданға жөнелтілетін қолғап, шұлық, сырмақ, кеудеше, байпақ, т.б. киім түріне тапсырма беріп, есепке алып жүрген.

Ол кезде Ембі мұнайының тоннасы тұрмақ, әрбір шелегі есептеулі еді. Өйткені, тек Ембі мұнайы ғана әскери техника үшін жанармайға өңдеусіз пайдаланатын. Сол себепті скважиналар мен мұнай айдау жүйелерінен ағып-тамған мұнай өнімдерін сор бетінен қалқып алып, мемлекетке өткізу етек алды. Шалқып жатқан тұзды судың жиегінде мұнай қалдықтарын шөміштеп қотарып жүрген бала-шаға, қарттар мен әйелдер ол кезде көз үйренген көрініс еді. Мұның ортасында да Н.Құттыбаев бас болып жүретін.

Тіпті, бір жолы Мақаттағы мұнай құбыры жарылып, жердің беті аққан майдан көл-дария болыпты. Қолда бар бар мүмкіндікті жасап, апатты ауыздықтау кент басшысы Н.Құттыбаевқа тапсырылады. Кәсіпшілік басшыларымен бірге жұртты жұмылдырып, түні бойы ұйықтамастан жүрген Нұрекең халыққа шалқып жатқан жермайды шелекпен тасытып тазартып, бір түнде қалпына келтірген екен.

1943 жылы Кеңес Армиясы неміс басқыншыларын Еділ бойынан түре қуып әкеткен соң, өкімет пен партия қираған шаруашылықты қалпына келтіруге негізгі күшті Қазақстаннан апарғаны мәлім. Мұрағат деректері бойынша Гурьев облысынан Сталинград, Ростов облыстары мен Қалмақ АКСР-ына қол көмегі мен басқа материалдық көмектен өзге 28496 қой-ешкі, 6961 сиыр, 1300 жылқы, 338 түйе жиналып жеткізілген екен (Обл. меммұрағат №194 қор, 214 іс, 7 бет). Бұдан Мақат ауданының «үлесіне» тигені – 440 бас сиыр, 61 жылқы, 711 бас қой-ешкі екен.

Оңайға түспеген бұл міндетті істі жүзеге асырған соң, Мақат ауданының партия, кеңес органдары атынан Қалмақ қыры мен Сталинград, Ростов облыстарына аталған көмекті басқарып жеткізуді тағы да Нұрлыбай атамызға жүктеген. БК(б)П Мақат аудандық комитетінің хатшысы мен ауатком төрағасы 1943 жылғы 6 тамызда қол қойған сенімхаты мен арнайы куәлігін алған Мақат кенттік Кеңесі аткомының төрағасы, коммунист Н.Құттыбаев басқарған ауданның 30 адамдық бригадасы жиналған малды Сталинград облысына шашау шығармай, жаяу айдап апарады. Жолда кездескен түрлі қиындықтардың бәрін жеңіп, қажетті жерінде шұғыл шаралар алу арқылы өз сапарластарын діттеген жеріне аман-сау жеткізіпті.

Сол сапарға бірге барып келген жұмысшылар кейін Нұрлыбай атамыздың адал да ақкөңіл, өзіне де, өзгеге де талап қойып, қандай жағдайда да әділін айтатын азаматтығын әңгіме етеді екен.

Соғыстан кейін ауыл шаруашылығын көтеруге бағытталған «жиырма мыңдық» ұранына үн қосқан Нұрлыбай Құттыбаев 1950 жылы «Гурьев» қаракөл қой кеңшары директорының орынбасарлығына тағайындалады. Мұндағы қауырт жұмыс та оған бір сәт тыным таптырмайды. 1956-58 жылдары Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» мектеп-кеңшарын бітірген ол кейінгі жылдары «Гурьев» кеңшарында ферма меңгерушісі, кадр жөніндегі инженер қызметтерін атқарып, халқына адал, кіршіксіз қызмет етеді. Сұрапыл соғыс жылдары тылдағы әр сәтті бос өткізбей, қайнаған еңбек майданының штурвалында тұрған Нұрлыбай Құттыбаев 1970 жылы қайтыс болған.

58 жаста қайтыс болуының себебі де жоқ емес. Өйткені, 1912 жылы Қызылқоға жерінде өмірге келген ол соғыс басталғанға дейін де Кеңес өкіметіне алғаусыз беріліп жұмыс жасаған, өз отбасынан гөрі мемлекет қызметіне көбірек берілген азамат еді. Сегіз жасынан байдың малын бағып жүріп, молдадан сабақ алады да, Кеңес келген соң Жайық бойына кетіп, өкіметтің кішігірім жұмыстарынан да бас тартпайды. Өз бетімен сауат ашқан Нұрлыбайды 1927 жылы комсомол қатарына өткізіп, 1928-30 жылдары Гурьевтегі балықшылар Одағына (Рыбаксоюз) мүшелігіне алған. Сол кезде «Уралрыбаксоюздың» комсомол комитетінің хатшысы Н.Гутманның «тов. Куттыбаев прежде всего был дисцилинирован, бесприкословно выполнял возложенную работу» деген мінездемесі әлі күнге сақтаулы.

Пысықтығымен көзге түскен жігіт 1930-32 жылдары округтік комсомол, партия комитеттерінің жолдамасымен Қызылқоға ауданында ұйымдаса бастаған «Қызыл отау» кітапханашысы, Сарыкөлдегі Елтай атындағы колхозды ұйымдастырушы өкіл, Ойыл ауданынан Қызылқоға ауданына қосылған жеті ауылдық Кеңестің жұмысын реттейтін аупарткомның төтенше өкілі қызметтерінде, Ақшелек, Буракөл, Былқылдақты, Қоянды ауылдарында Адай руының адамдарын орналастыру, тұрақтандыру жұмысының ортасында жүрді.

Сол кезде Ақшелек, Буракөлде отырған Адай ревкомының төрағасы Тобанияз Әлниязұлымен кездесіп, халықты отырықшыландыру және колхоз ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген. Егін және мал басын өсіру, жергілікті сайлау өткізу шараларына белсене қатынасып, «Мәдениет аттанысы», «Саяси күндер өткізу» тәрізді қоғамдық-көпшілік жұмыстарға басшылық етеді.

Бұдан кейін бір жылдай Жылой аудандық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған Н.Құттыбаев Жем бойындағы халықты аштықтан сақтау мақсатындағы шұғыл шараларды жүзеге асыруға атсалысқан.

Сол жылдары «Каспий-Орск» мұнай айдау құбырын мерзімінен бұрын салып бітіру туралы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы мен Үкіметінің алдында тұрған міндет тұрған еді. Соған сәйкес шыққан Одақ Үкіметінің қаулысы негізінде Жылойдан көмекке жіберілген 10 коммунистің бірі – Н.Құттыбаев 1933-34 ж.ж. Кенбайдағы мұнай айдау базасының бастығы болған. Партия жауынгері одан кейінгі Мақат аудандық қаржы бөлімінің аға инспекторы қызметін 1935-41 жылдары атқарды.

Өз ісіне мінсіз берілген, кіршіксіз адал коммунистің еңбегі ескерусіз қалмады, мемлекеттік марапаттары да бар. Орны да жоғалған жоқ. Қосағы Аппақ апай 1991 жылы дүниеден озды. Үш ұл, үш қыздың әрқайсысы бүгінде үлкен әулетке айналып, ел-жұртына қадірлі азаматтар дәрежесіне жетті.

Әке жолын қуып, ел басқару ісіне араласқан ұлдары Есқабыл мен Талғат Мұқырда және Ақтөбенің Қобдасында қызмет атқарған абырой иелері. Бүгінде ата салған жолмен Есқабылдың ұл-қызы Қайрат пен Райхан жүріп келеді. Қайрат Есқабылұлы Нұрлыбаев – Қызылқоға, Құрманғазы, Индер аудандарында мемлекеттік органдар басшылары, округ әкімі, аудан әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарды. Қазір Индер ауданы әкімінің орынбасары.

Назарбек ҚОСШИЕВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз