ТЕГЕУРІНДІ ШАБУЫЛДАР

Соғыстың 1386-шы күні

1945 жылдың 7 сәуірі күні таңертең Кеңес армиясының авиация күштері Кенигсберг операциясы барысында жаудың мықты бекіністері мен резервтегі армиясына, темір жол стансалары мен теңіз порттарына бастырмалатқан шабуылдарын жүргізді. Әсіресе, Кенигсбергтің батыс жағындағы неміс солдаттары жойқын ұрыстардан бас көтермеді. Авиация мен артиллерияның дүмпуімен шабуылды үдеткен біздің жауынгерлер жаудың қарсы шабуылдарына тойтарыс берді.

Сол күннің кешінде Қызыл армия жауынгерлері 3-4 шақырымдай алға жылжып, 130 кварталды, өнеркәсіптік кәсіпорындар, темір жол стансаларын, теңіз порты мен басқа да маңызды нысандарды жау қолынан азат етті. 2-гвардиялық және  5-армия құрамдары Земланд түбегіне қарай жылжыды.

Американың көрнекті мемлекет қайраткері, армия генералы Дуайт Эйзенхауэр бұл күні екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңіндегі операциялар туралы одақтастардың біріккен штабына мынадай мәлімдемесін жіберді: «Егер, Лейпцикті алғаннан соң аса көп шығынсыз Берлинге қарай  жылжуға болса, онда  солай жасау керек.   Мен соғыстың саяси мақсат көздейтіндігіне келісемін, ал егер біріккен штаб одақтастардың Берлинді басып алу жөніндегі күші соғыс театрындағы таза әскери түсінік болса, онда мен өз жоспарларым мен ойларымды өзгертуге әзірмін».

Совинформбюроның 7 сәуір күні таратқан хабары бойынша, 4-Украин майданының жауынгерлері Ружомберок қаласының солтүстік-батысындағы 30-дан астам елді мекендерді жаудан тазартты.

2-Украин майданының құрамы Братислава маңындағы Нове-Место қаласын немістерден босатты.

3-Украин майданы әскерлері Вена түбінде Медлинг, Прессбаум, Клостернойбург қалаларын алып, Венаның оңтүстік бөлігінде көше ұрыстарын жүргізді. Балатон өзенінің маңында жауынгерлеріміздің Болгар армиясы әскерлерімен бірлесіп қимылдау нәтижесінде маңызды темір жол торабы саналатын Чаковец қаласы біздің әскерлердің  қолына өтті.

Дайындаған Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз